Бүгін елордада Қазақстанның кәсіпкер әйелдерінің жыл сайынғы Ұлттық слеті өтіп жатыр. Бұл – еліміздің барлық өңірлерінен келген іскер әйелдерді, шағын және орта бизнес өкілдерін, жаңадан кәсіп бастаған кәсіпкер ханымдарды, қоғамдық ұйым көшбасшыларын, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық әріптестерді ортақ мақсатқа тоғыстыратын ауқымды алаң, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс-шараның басты мақсаты – тәжірибе алмасу, өзекті тенденцияларды талқылау, әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың жаңа мүмкіндіктерін анықтау және іскер қауымдастық арасындағы байланыстарды күшейту.
Ұлттық слет бағдарламасы бірнеше мазмұнды панельдік сессияны қамтиды:
Әйелдер кәсіпкерлігі бастамаларын шоғырландыру: тұрақты өсімге бағытталған институционализация және цифрландыру тәсілдері;
Білім және бизнес байланысы;
Қаржыландыруға қолжетімділік тетіктері;
Бизнестен саясатқа: әйелдердің көшбасшылық әлеуеті;
Цифрлық маркетинг және даму технологиялары;
Табысты бизнес кейстер: өңірлік және ұлттық деңгейдегі тәжірибелер.
Ұлттық слет – кәсіпкер әйелдер үшін дамудың жаңа бағытын айқындайтын, әріптестік пен ынтымақтастыққа жол ашатын маңызды диалог алаңы.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталов салтанатты жиында еліміздің барлық өңіріндегі іскер әйелдерді кәсіби мерекемен құттықтады. Оның айтуынша, бұл күн – қазақстандық кәсіпкер әйелдердің еңбегін, табандылығын және қоғам алдындағы жауапкершілігін мойындайтын ерекше мереке.
30 жылдан астам бизнес саласындағы тәжірибемде бір нәрсеге анық көзім жетті: біздің елдегі тұрақтылықтың да, экономикалық прогрестің де негізгі тірегі – әйелдер. Әйел-кәсіпкер отбасының да, жұмыстың да жүгін қатар көтере отырып, нақты нәтижеге жұмыс істейтін ерекше күш. Сіздердің жігерлеріңіз ерлерге де, жалпы бизнес қауымына да үлгі, – деді ол.
Баталов сөзінде биыл 10 жылдығын атап өтіп отырған Іскер әйелдер кеңесінің елдегі кәсіпкерлік экожүйені дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Өңірлердегі кеңес мүшелерінің белсенділігіне алғыс айтып, сондай-ақ кеңестің қалыптасуына айрықша үлес қосқан тұлғаларға ризашылығын білдірді.
Палатадағы жаңа трансформация
Сондай-ақ Райымбек Баталов өз сөзінде «Атамекен» палатасында жүріп жатқан жүйелі трансформация туралы жан-жақты тоқталды. Жаңа модель нақты нарықтық сұранысқа негізделген, кәсіпкерлердің өңірлік кері байланысына сүйенетін ашық жүйені қалыптастыруды көздейді.
Бүгінде еліміздің барлық өңірінде:
182 аудандық,
165 салалық,
барлығы 347 кеңес құрылған.
Бұл алаңдарға 10 мыңнан астам кәсіпкер бірігіп, тәжірибесі мен ұсыныстарын бөлісіп отыр. Кеңестердің ішінде Іскер әйелдер кеңесі ерекше стратегиялық маңызға ие, себебі әйелдердің белсенді позициясы реформалардың өміршеңдігін қамтамасыз етеді.
Шағын және орта бизнеске арналған жаңа бағыттар
Біз өңірлерде сіздермен бірге жинаған үлкен тәжірибе, нақты деректер мен жергілікті сараптаманы енді екі стратегиялық бағытқа жүйелі түрде бағыттауды ұсынамыз, - деп атап өтті ол.
Бірінші бағыт — шағын бизнеске арналған фокусқа негізделген арнайы бағдарлама. Бұл бағдарлама әр өңірдің ерекшелігіне сай нақты экономикалық нишаларды анықтап, ресурстарды дәл сол бағыттарға жұмсауға мүмкіндік береді.
Екінші бағыт — орта бизнеске арналған инвестициялық тапсырыс жүйесі. Бұл жерде негізгі мақсат — өңірлер мен орталық арасындағы стратегиялық жоспарлауды күшейту, инвестициялық жобалардың сапасын арттыру және орта бизнес үшін ұзақмерзімді өсім траекториясын қалыптастыру.
Осы екі бағдарлама арқылы жиналған тәжірибе нақты шешімдерге айналып, өңірлік бизнес экожүйесінің дамуын жаңа деңгейге шығарады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының нәтижесі және өңірлерде көрсетіліп келген бейқаржылық қолдау құралдары бір нәрсені анық көрсетті: нақты фокус бар жерде – міндетті түрде нәтиже болады. Сондықтан біз осы тәжірибелердің барлығын біріктіріп, микро және шағын бизнеске арналған біртұтас, адресті қолдау бағдарламасын қалыптастыруды ұсынамыз. Бұл жаңа бағдарлама кәсіпкерлікті дамытудың барлық негізгі тетіктерін қамтиды. Атап айтқанда:
инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру,
қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту,
білім беру, оқыту және кәсіби дағдыларды арттыруға бағытталған тренингтер.
Келесі жыл Білім жылы болып белгіленгендіктен, әр аудан мен округ өз даму бағытын нақты айқындауы тиіс. Бұл – экономикалық қызметтің үш басым түрін негізгі мамандану ретінде таңдау және халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған үш әлеуметтік бағытты белгілеу. Барлық шешімдер толық цифрлық форматта, ашық түрде рәсімделеді. Қолдауды күшейту мақсатында: «Бәйтерек» холдингі – 100 млрд теңге, жергілікті атқарушы органдар – 100 млрд теңге көлемінде қаржы бөледі. Бұл қаражат басым салалардағы тәуекелдерді төмендетіп, өңірлік кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін кеңейтеді, - деді Райымбек Баталов.
Орта бизнеске арналған жаңа тәсіл
Ал орта бизнеске қатысты бөлек бағыт қарастырылып отыр. Оның негізгі мақсаты – өңірлер мен салалық министрліктердегі инвестициялық жоспарлаудың сапасын арттыру.
Бұл бағытта орталық пен өңір арасында тең дәрежелі, ортақ жауапкершілік тетігі енгізіледі. Яғни, белгілі бір экономикалық нишаның даму стратегиясы кәсіпкерлердің, салалық кеңестердің және сарапшылардың қатысуымен бірлесе әзірленеді.
Жалпы, «Бәйтерек» тобының құралдары арқылы 8 трлн теңгеге дейінгі қаржыландыру қарастырылған. Бұл процесте әйел кәсіпкерлердің пікірі мен тәжірибесі шешім қабылдаудың маңызды бөлігіне айналмақ.
Цифрлық бизнес картасы: бәрін біріктіретін платформа
Баталовтың айтуынша, Цифрлық бизнес картасы кәсіпкерлікті қолдау жүйесіндегі барлық шешімнің негізгі цифрлық инфрақұрылымына айналады.
Цифрлық бизнес картасын ерекше атап өткім келеді. Бұл — кәсіпкерлікті қолдауға қатысты барлық шешімді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа. Цифрлық карта мемлекеттік органдарға өңірлердегі басым бағыттардың нақты даму динамикасын, инвестициялардың қозғалысын, жобалардың өзекті ахуалын толық көруге мүмкіндік береді. Бұл құрал — қолдау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ететін, тиімді басқару мен сапалы шешім қабылдаудың негізгі іргетасы болмақ, - деді Баталов.
«Әйелдер – қоғамды дамытатын үлкен күш»
Сөз соңында Райымбек Баталов қазақстандық кәсіпкер әйелдерді ел экономикасының дамуындағы ерекше рөлі үшін алғыс білдірді.
Сіздер елдің экономикалық дамуына үлес қосатын, қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастыратын, отбасын біріктіретін күшсіздер. Біз бірге әділ, ашық және нәтижеге бағытталған жаңа кәсіпкерлікті қолдау жүйесін құрып жатырмыз, – деді ол.