Кәсіп бастауға барлық жағдай жасалған - кәсіпкер

3 Қараша 2023, 13:47 1228

Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының маңызды саласы. Ол халықты әртүрлі тағамдармен, жеңіл өнеркәсіпті құнды шикізат өнімдерімен қамтамасыз етеді. Ет, сүт, жұмыртқа және олардан өңделген өнімдер калориялығы жағынанан жоғары әрі құнарлы биологиялық азық болып ерекшеленді. Жүн, тері – аяқ киім және тағы да басқа өнеркәсіп тауарларын дауындауға қажетті шикізат көзі болып табылады.

Мал шаруашылығының қазақ өмірінде қандай орын алғандығы жайлы республикамыздағы ауыл шаруашылығы ісіне зор үлес қосқан көрнекті ғалым, селекционер М.Ә.Ермеков «Қазақ халқы тек мал шаруашылығымен айналысады. Малсыз тіршілік те болмайтын, ел күн көре алмайтын» деген екен.

Қазір мемлекет тарапынан да ауыл шаруашылығына көңіл бөлініп жатыр. Оған дәлел, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берді. Сол себепті, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бүгінде аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беріліп жатыр.

Осы орайда, el.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Түркістан облысында аталған жоба бойынша мемлекеттен несие алып, мал шаруашылығын айналысып отқан Бауыржан Тұрсыновпен тілдесті.

- Бауыржан мырза, мал шаруашылығын таңдауыңыздың сыры неде? Әлде, өзіңіз жіті білетін сала болғандықтан осы бағытқа назарыңыз ауды ма?

- Мал шаруашылығы бұл – қазақтың ата кәсібі. Көне заманнан бері қазақ мал бағып, соның арқасында күнін көрген. Мен де бұл салада жүргеніме аз уақыт болған жоқ. 2 жылға жуық  уақытымды мал шаруашылығына арнаппын. Қазақта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген жақсы сөз бар. Осы салада бірнеше уақыт жүріп, маманына айналғаннан кейін де таңдауым мал шаруашылығы болды.

 - Жалпы, «Ауыл аманты» жобасы туралы қайдан естідіңіз? Ісіңізді бастайтын уақытта мемлекеттен қандай жеңілдіктер болды?

- Өзім теледидардан елімізде болып жатқан соңғы жаңалықтарды жібермей көруге тырысамын. Уақыт пен шама жетсе, ақпараттанып отқанның жаман жағы жоқ. Солай көк жәшік көріп отқан кезімде, елбасының кіші және орта кәсіпкерлікті  дамыту бағытындағы «Ауыл аманаты» жобасын естіп, кәсібімді бастаймын деп шештім. Бұл жобаға 3 ай бұрын құжаттарымды тапсырдым. Мемлекеттен даму бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 6 миллион теңге көлемінде несие алып, міне бүгін кәсібімді дөңгелетіп отырмын.

- Кәсібіңізде алға ілгерілеу байқала ма? Салыстырмалы түрде ашып айтып берсеңіз.

- Әрекетке берекет. Ол рас дүние. Алғаш мемлекеттен субсидия алып, 4 бас сиыр сатып алдым. Ал, қазір міне мал басы 10 ға жетті. Тиісінше, бастапқыда табыс көзі аз болатын. Кейін, шаруашылықтағы ірі қара саны артқаннан кейін, табыс та айтарлықтай арта бастады. Бірақ, бұнымен тоқтап қалмаймыз. Жақын болашақта мал басын да, табыс көзін де екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз.

- Жұмыстың оңайы жоқ. Әр саланың өзіне тән қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Ал, сіз мал шаруашылығын ашқаннан кейін, ауыз толтырып айтатындай қандай қиындықтардан өттіңіз?

- Иә, дұрыс айтасыз. Өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүретіні секілді әр саланың өзіне тән қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Жоғарыда айтып өткенімдей мен бұл салада жүргеніме көп уақыт болды. Қыр сырын жақсы білемін. Мен үшін таңсық емес. Сол үшін де ауыз толтырып айтарлықтай қиындықтарға кездеспедім. Бар күш-жігерімді білгенімді, жинаған тәжірибемді шаруашылық жұмыстарын ілгерілету дамыту жолында жұмсап жатырмын. Не дегенмен, еңбек түбі – береке ғой.

- Өзіңіз айттыңыз, бар күш жігерімді шаруашылықтың жұмысын ілгерілету үшін жұмсап жатырмын деп. Жалпы, алдыға қойған жоспар мен мақсат қандай?

- Әр адамның өз мақсат-мүддесі, алдыға қойға жоспары болады. Иә, жаңа да айтып өтті кәсібімді кеңейткім келеді. Сонымен қатар, табыс көзін де арттыруды жоспарлап отырмыз. Мақсат – ішкі нарықтағы алдыңғы орындардағы шаруашылық атану. Халықтың қажеттілігіне байланысты ет, сүт өнімдерін қазіргіден де көп мөлшерде шығару. Тұтынушылардың ризашылығын алып, үлкен шаруашылық болсақ екен дейміз.

- Сөз соңында өзіңіз секілді кәсіп ашып, шаруашылықпен айналысқысы келетін жандарға қандай кеңес бересіз?

- Халқымызда: «тәуекел ет те тас жұт, ажал жетпей өлмек жоқ» дейді. Яғни, адымен тәуекел ету керек. Одан бөлек, қазір мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер өте көп. Іс бастағысы келген адамға барлық жағдай жасалып отыр. Бастысы қолыңыздан келетін іспен айналысып, сол саланы жіті зерттеп, кейін кәсіпке көшіңіз дегім келеді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: