01.10.2025
17:00
647
Kai-Fu Lee: Қазақстан ЖИ арқылы жаңа мамандықтар мен мүмкіндіктер ашады

Kai-Fu Lee: Қазақстан ЖИ арқылы жаңа мамандықтар мен мүмкіндіктер ашады

Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Kai-Fu Lee Astana Open Dialogue алаңында жасанды интеллекттің жаһандық дамуы мен мемлекеттік саясаттағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оның айтуынша, әлем «супер цифрлық қызметкерлердің» дәуіріне қадам басты.

Жасанды интеллект енді тек чат-бот деңгейінде қалмайды. Ол нақты тапсырмаларды орындайды, нәтижеге жеткізеді, бұрын шешілмеген мәселелерді де шеше алады. Әрине, қауіпсіздік пен реттеу мәселелері бар, бірақ бұл – елдер үшін орасан мүмкіндік. Сондықтан мемлекеттер батыл әрі өлшенетін мақсаттар қойып, жедел қимылдауы тиіс, – деді Kai-Fu Lee.

Ол әр өңірдің саясатына да баға берді. АҚШ ЖИ-ды капиталистік табыс көзі ретінде дамытып, әлемдік көшбасшылыққа ұмтылса, Еуропа реттеуді алдыңғы орынға қойғанымен, ол кейде пайдадан айырылуға әкеледі. Ал Қытай батыл әрі прагматикалық тәсілге сүйенуде. Мәселен, елдің жаңа саясатына сәйкес, екі жыл ішінде ЖИ-агенттердің 70%-ын енгізу жоспарланған.

Қазақстан да ЖИ дамытуға арналған ұлттық стратегия қабылдады. Бірақ бастысы – оның нақты әрі өлшенетін мақсаттарға негізделуі. Ең үлкен кластерлер құру шарт емес, керісінше ЖИ-ды күнделікті өмірге енгізу маңызды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу үшін қайта даярлау бағдарламалары қажет. Бүгінде жасанды интеллект бағдарламашы емес адамға код жазуға, дизайнер емеске визуал жасауға мүмкіндік беруде. Бұл – жаңа мүмкіндіктер дәуірі, – деді ол.

Kai-Fu Lee-дің айтуынша, ЖИ дәуірінде елдер тек технология дамытуды ғана емес, азаматтарды жаңа шындыққа бейімдеуді де басты мақсат етуі керек.

AI-gov біз үшін тек технология үшін технология емес. Бұл – әрбір азаматқа сапалы қызмет пен жаңа кәсіби мүмкіндік ұсынатын жүйе, – деп түйіндеді ол.

Сарапшы «ЖИ депутаттарды алмастыра ала ма?» деген сауалға жауап берді.

Оның айтуынша, адамды өзгелерден даралайтын басты қасиет – оның санасы мен қайталанбас ерекшеліктері.

Егер барлық басқаруды жасанды интеллектке жүктесек, ол тек процестерді оңтайландырумен айналысар еді. Ал біз адамдардың өзіндік ерекшеліктерін сақтағымыз келеді, – деді Kai-Fu Lee.

Сонымен қатар ол жасанды интеллекттің заң шығару ісінде қосалқы құрал бола алатынын атап өтті.

Заңдар өте күрделі. Олардың тілін жасанды интеллект жақсы түсінеді. Ол заң жобаларын талдауға, олқылықтарды анықтауға, бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етуге көмектеседі. Кейде біз көлемді құжаттарға толық назар аудармай қол қоямыз. Ал жасанды интеллект ондай жағдайға жол бермейді, – деді сарапшы.

 Kai-Fu Lee заң шығарушы органдар үшін ЖИ-ассистенттерді енгізудің маңыздылығына да тоқталды. Оның пікірінше, мұндай құралдар заңнамалық бастамалардың елдің стратегиялық мақсаттарына, қоғам құндылықтарына және сайлаушылардың сеніміне сәйкес болуына ықпал етеді.

Жасанды интеллект жаңа идеялар ұсынып қана қоймай, ықтимал қарсылықтарды болжай алады және оларды шешу жолдарын көрсетеді. Бұл демократияны әлдеқайда тиімді етеді. Сондықтан ЖИ адамдарды бөлу үшін емес, біріктіру үшін қолданылуы тиіс, – деді Kai-Fu Lee.