29.08.2025
00:22
601
Кадеттер арасындағы ӘЧ: дзюдошылар тағы екі жүлде алды

Кадеттер арасындағы ӘЧ: дзюдошылар тағы екі жүлде алды

Қазақстан дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында тағы екі жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандық дзюдошы Мұхаммедәлі Жылқайдар Софияда (Болгария) өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатының финалында жеңіліп қалды.

66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен шешуші кездесуде Жылқайдар Ресей спортшысы Рахим Хамхоевке жол беріп, күміс жүлдеге ие болды.

Сол салмақ дәрежесінде Ролан Қайрғали канадалық Анечка Матиды жеңіп, жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Осылайша, ұлттық құрама қоржынында төрт жүлде бар: бұған дейін Ернұр Батырғали (60 келіге дейін) алтын медальді, ал Арман Мыса (50 келіге дейін) қола жүлдені иеленген болатын.