Кабинетте отырып, ауылға не керек деген әңгіменің бәрін доғару керек – Жигули Дайрабаев

26 Қараша 2022, 13:31 2142

Ол Президенттің ауылды дамыту бастамасына пікір білдірді

Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде ауылдың жағдайын көтеру керектігін тілге тиек етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Президенттің бұл сөзіне Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев пікір білдірді.

«Бүгін Қазақстан халқының алдында мемлекет басшысы ант берді. Біз өте қуаныштымыз. Өте жақсы түсінікті баяндама жасады. Ең бір қуантарлығы, ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлу қажеттігі айтылды. Менің сайлауалды бағдарламамның үшінші тармағы осы ауылға бағытталған болатын. Сол себепті, «тыңдаушы мемлекет» құрамыз деп отырмыз, мұны Президент бірден қолға алды. Мемлекет басшысының Жарлығын қолдай отырып, қазақ елінің болашағынан зор үміт күтеміз», - деп атап өтті.

Сондай-ақ, ол ауылдың жағдайы жақсармай, мемлекет жағдайы жақсармайтынын айтты.

«Ауыл партиясының мүшелері Президенттің Жарлығанан кейінгі болатын өзгерістердің бәріне атсалысатын болады. Кабинетте отырып ауылға не керек деген әңгіменің бәрін доғару керек. Жерге түсу қажет. Халыққа не істеу керек деген мәселені бірінші шешкен дұрыс. Сондықтан бүгінгі Президенттің Жарлығын қолдаймыз. Ауыл шаруашылығы мәселесін бәріміз бірге көтереміз», - деді фермерлер одағының басшысы.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: