«Кабинетте отырмай, сыртқа шығыңыздар». Шахаров су тасқынына байланысты тапсырма берді

1 Наурыз, 17:05 781

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров су тасқыны кезеңі жақындауына байланысты тиісті сала мамандарына тапсырма берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қала басшысы қызметкерлерге кабинетте отырмай, ауыл мен ауланы бір ай бойы аяқтай аралап, жағдайды көзбен көруді міндеттеді.

Облыста төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары пысықталды.

Ауа райының қолайсыздығына біз қай кезде де дайын болуымыз шарт. Су тасқыны – жыл сайын қайталанатын құбылыс. Бәріңіздің де тәжірибелеріңіз бар. Жергілікті жерде белсенділер, көпті көрген үлкендермен ақылдасып, кеңес сұраңыздар. Олар мәселені бұрыннан біледі, қай жерді су басу қаупі бар екенінен хабардар. Әр аудан және қалада жұмыс істеп жатқан Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының да кеңесіне назар аудару керек. «Қазгидромет» алдын ала ауа райының қандай болатынын айтып отырады, - деді аймақ басшысы.  

Жиында баяндама жасаған төтенше жағдайлар департаменті басшысы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, биыл 21-27 ақпан аралығында Ойыл, Қобда, Мәртөк, Байғанин, Темір, Мұғалжар, Алға және Қарғалы аудандарының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген. Кейбір аудандарда анықталған проблемалық мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданыпты.

Елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғау мақсатында аудан әкімдіктерімен жанар-жағармай, инертті материалдар, қапшықтар және азық-түлік қорлары, уақытша орналастыру пунктері әзірленді, күштер мен құралдар дайындыққа келтірілді. Қар шығару, арықтар мен каналдарды, су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары жүргізілуде, қорғаныс бөгеттері көтерілді, - деп атап өтті Жүнісов.

Биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында 9 шақырым өзен жағалауы нығайтылды, 5,6 шақырым өзен арналары тереңдетілді, 5 гидротехникалық құрылысқа жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар нөсерлі кәріз жүйесі, су бұру арналары жасалды. Бұған қоса автомобиль жолдары бойындағы 23 су өткізу құбыры салынды және 3,5 шақырым жол мен 4 көпір жөнделді.

Асхат Шахаров су тасқыны кезеңі оның қатаң бақылауында екенін қадап айтты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: