Көздің көруін қалай жақсартуға болады?

19 Тамыз 2020, 15:45 56024

Дәрігер-офтальмолог Талғат Өскенбаевтың кеңестері

Біз қоршаған ортадағы ақпараттың 90%- ға жуығын көзбен қабылдаймыз. Себебі көз – адам жанының айнасы. Бүгінде техника мен технологияның дамыған заманы болғаннан кейін адамдардың басым бөлігінің көздері нашар көреді. Осы орайда біз көз аурулары, оны емдеу жолдары, көз гигенасы, көз массажы мен көз жанарын қалай жақсартуға қатысты маңызды сұрақтар төңірегінде жоғары санатты балалар офтальмолог дәрігері Өскенбаев Талғат Балықбердіұлымен әңгімелескен болатынбыз



Көз гигиенасы

Күнделікті денсаулықты сақтап, оны нығайтуда жеке бас гигенасын сақтау секілді, адамның негізі мүшелерінің бірі - көзді де қорғай білу қажет. Ең алдымен көзге бөгде заттардың түсуінен сақтану керек. Міндетті түрде жұмыс орнындағы жарықты реттеп отыру маңызды. Жарық тым көмескі, әлсіз немесе тым жарық болса, көздің нашарлауына әкеліп соғады. Жұмыс үстеліндегі шамның жарығы сол жақтан түскені абзал. Кітап, газет-журнал оқығанда, іс тіккенде 30-35 см, теледидарды 2,5-3 метр қашықтықта көру маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, әрбір адам ой еңбегі мен дене еңбегін алмастырып отыруы керек. Ішімдік пен темекі тарту да сіздің денсаулығыңызға, әсіресе, көзіңіздің көру деңгейіне әсерін тигізеді. 


Таңертең тұрғанда бетіңізді жуумен қатар, көзге сабын түсірмей жуу керек. Қазір кірпік жалғап алып, ол кірпігі түсіп қалады деп кейбір қыздар көздерін дұрыстап жумайды. Ол гигиенаға жатпайды және көздің жұмыс қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады. Сондықтан көз жанарын ерекше қорғауға кеңес беремін. Көз гигиенасымен қатар көру гигиенасы бар. Көз бұлшықеттеріне күш түсірмеу керек. Бүгінде техника мен технологияның дамыған заманы болғандықтан, біз күні бойы компьютермен жұмыс істеп, смартфонды пайдаланамыз. Содан көзіміз шаршайды, бұлыңғырланып ауыра бастайды, – дейді дәрігер-офтальмолог Талғат Балықбердіұлы.

Көз дәрігері бүгінде офтальмологқа тексеруге келетін балалардың 90 пайызының көздері нашар көреді дейді. Оған ең басты себеп - көру гигиенасын сақтамау. Сондықтан офтальмолог белгілі бір шектеулі мерзімде ғана компьютер алдында отыруға, смартфон мен планшетті уақытпен пайдалануға кеңес береді. 


– Бүгінде ғалымдар компьютерде отыру үшін шектеулі уақыт белгілеген. Жас ерекшеліктеріне байланысты 5-7 жас аралығындағы балалар компьютерді 10 минут қараса, ол қауіпсіз болып саналады. 8-11 жас аралығындағы балалар үшін 15 минут қауіпсіз, ал 12-13 жас аралығындағы жасөспірімдер компьютер алдында тек 20 минут қана отырулары керек. Әрбір адам 30-40 минут жұмыс істегеннен кейін, көзін міндетті түрде демалдыруы қажет. Ол үшін 10-15 минут аралығында көзге арналған түрлі жаттығулар істеу керек. Егер әрбір адам осы жаттығуларды үнемі жасайтын болса, көздің көру қызметі өз қалпын сақтап отырады. Білім беру мекемелерінде 45 минут дәрістен кейін міндетті түрде 10 минуттық үзіліс болады. Бұл да адам ағзасының шаршамауы үшін қарастырылған демалыс уақыты, – дейді дәрігер-офтальмолог.

 

Бүгінде көздің көргіштігін жақсартатын жаттығулардан өзге көздің айналасына жасалатын массаждың бірнеше түрлері бар. Көз массажы қан тамырларымызды ашып, оның көру мүмкіндігін арттырады. Көз массажы маңдайға, қастың жоғарғы жағы мен төменгі жағына және көздің айналасы мен көз алмасына жасалады. Сонымен қатар көздің көруін жақсартатын ғалымдар ойлап тапқан арнайы массаж жасауға арналған ультрадыбыстық, акупунктуралық тағы да басқа құрылғылар да бар.

Жиі кездесетін көз аурулары

Көз ауруларының түрлері көп. Оның ішінде жиі кездесетін көз ауруларына: маусымдық аллергиялық конъюнктивит, астигматизм, миопия және гиперметропия жатады. 


– Аллергиялық конъюнктивит маусымдық көз ауруы. Ол көздің шырышты қабығының аллергиялық қабынуы болып табылады. Қазіргі кезде көзін тексеруге келетін он баланың тең жартысы конъюнктивитпен ауырады. Бұл маусымдық аллергиялық ауру болғаннан кейін оны болдырмау мүмкін емес. Себебі ол қоршаған орта аллергиясы болып табылады. Аллергиялық конъюнктивиттің басты себебі – аллергендер. Олар сан алуан: шаң-тозаң, гүлдер, тіпті жануарлардың жүні мен терісінің бөлшектерінен пайда болуы мүмкін. Конъюнктивит көктем айларында басталып, тамыз-қыркүйекке дейін созылады. Оны жеңілдету үшін көзге арналған арнайы препараттар мен тамшылар тағайындалады. Бұл аурудан арылу үшін теңізге баруға болады, – дейді Талғат Өскенбаев.

Аллергиялық конъюнктивиттің туындауына жарық энергиясы, косметикалық және тұрмыстық заттар мен иондаушы сәулелер әсер етуі мүмкін. Алдын алу үшін аллергияны тудыртын заттармен байланысу мүмкіндігін төмендету керек. 


– Көздің нашар көруін миопия дерті деп атайды. Ол туа бітеді немесе уақыт өте келе пайда болуы да мүмкін. Көрудің нашарлауы көзге шамадан тыс артық салмақтың түсуінен пайда болады. Басты себептері - монитор алдында ұзақ отыру, телефонға телміру, бөлме жарығының дұрыс болмауы және жазғанда, оқығанда дұрыс отырмау. Дерттің белгілері байқалған сәтте, бірден емделу керек. Одан бетер асқындырып алмас үшін көзілдірік немесе линза таққан дұрыс. Жалпы дәрігер ретінде беретін кеңесім - көзді жылына бірнеше рет тексеруден өткізіп отырған артықтық етпейді, – дейді маман.

Жиі кездесетін көз ауруларының бірі – астигматизм. Ол көздің анық көрмеуі. Яғни көз рефрекциясының бұзылуы. Астигматизмді емдеу үшін көзілдірік қолданылады. Кей жағдайларда лазерлік және микрохирургиялық түзету жүргізіледі. 


– Астигматизнің алдын алу көздің арнайы жаттығуларымен және физикалық белсенділігімен алмастырылады. Астигматизм балаларда ерте мектеп жасында көрініс табады. Астигматизмге шалдыққан балалар әріптерді шатастырады және көру қабілетінің нашарлағанын өзі де сезіп, шағымдануы мүмкін, – дейді дәрігер-офтальмолог.

Гиперметропия (алыстан көргіштік) – әдетте бұл ауру көздің қарашығының дұрыс емес пішінімен байқалады. Гиперметропия үш дәрежелі болады. Оны емдеудің түрлі тәсілдері бар. Қазіргі кезде гиперметропияны емдеуге хирургиялық операциялар, термокератопластика, термокератокоагуляция қолданылады.

Көзге лазерлі ота жасаудың пайдасы мен зияны

Бүгінде көзге түрлі лазерлі оталар жасалынады. Қазір ол тәсіл өте кең таралған. Отаның пайдасы мен зияны көздің жағдайына байланысты болады. 


– Көзге жасалатын ота көздің қасаң қабығына жасалады. Сол қасаң қабықтың қалыңдығына көп нәрсе байланысты. Егер қасаң қабақ жіңішке болса, ота жасалынбайды. Себебі лазермен ота жасағанда, қасаң қабақ жұқа болса, көздің көру қабілеті бұрынғыдан да төмендеп кетуі мүмкін. Көз – жалпы өте нәзік мүше. Ал оның қасаң қабаты – қағаз секілді өте жұқа. Сондықтан тек толық тексеруден өткеннен кейін ғана көзге ота жасалады. Егер көзіңіз ота жасауға сәйкес келсе, көру қабілетіңіз бұрынғыдан жақсарып, 100 пайыз жақсы көріп кетуі мүмкін. Негізінен кез келген хирургиялық ота жасатқан адам үлкен тәуекелге барады. Отаның сәтті өтіп-өтпеуі, ағзаның отаға әсері, оның ауру тудырғыш микробтарын жұқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан барынша мұқият болып, дәрігердің кеңесіне жүгіну қажет,– дейді Талғат Балықбердіұлы.

Көзілдірік пен линзаның артықшылығы мен кемшілігі неде?

Мәселен, кейбір мамандық иелері үшін көзілдірік кию ыңғайсыздық тудыратын кездер болады. Ондай жағдайда адамдар арнайы контактілі линза киеді. Линзаны жарамдылық мерзімінен артық пайдалану, тазалық шараларын сақтамау - көздің көру мүмкіндігін төмендетуі мүмкін. Сол сияқты көзілдіріктің шынысының сынуы, булануы немесе көз аумағын шектеуі де сіз үшін ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. 


– Адамның жасының үлкейуіне байланысты көздің көру деңгейі де өзгеріске ұшырап отырады. Көзілдірік пен линза көзді қалыпқа келтіру мен түзету жасаудың бір жолы. Контактілі линзаның күндіз және түнде киюге болатын түрлері бар. Көзілдірікті көбіне 12-14 жасқа дейінгі балаларға тағайындаймыз. Линзаны ғылыми еңбектерде 12 жастан бастап киюге болады деп жазады. Бірақ кейбір жасөспірімдер контактілі линзамен жүргенін ұмытып кетіп, қолын жумай көзі уқалап қояды. Мұндай жағдайда көзге инфекция кіріп, кейін көзі іріңдеуі мүмкін. Сондықтан жасөспірімдерге 14 жастан бастап линза киюлеріне рұқсат беріледі. Сонымен қатар, көз ауруларында тұқымқуалаушылық кездеседі. Алайда, мұндай тұқымқуалаушылықтың кейінгі ұрпағына берілмейетін жағдайлар да болады, – дейді офтальмолог.

Көзілдірікті таңдағанда оның линзасының сапасына мән берген жөн. Сонымен қатар көзілдіріктің жақтауының сапасы жоғары материалдан болғаны дұрыс.

Көздің көру қабілетін жақсарту жолдары

Көздің көруін жақсарту үшін арнайы көзге арналған жаттығуларды орындау керек. Мәселен:

1. Терезенің алдына терезе әйнегінен 30-35 см қашықтықта тұрыңыз.

2. Терезе әйнегінен 3-5 мм диаметр бір нүктені көздеңіз. Және де бір затты көзбен белгілеңіз.

3. Көз алмасын сағат тілі бойынша және кері бағытта айналдырыңыз. Одан кейін жоғары-төмен, оңға және солға қимылдатыңыз. Әр жаттығуды күніне 2-3 реттен, кем дегенде 6 рет қайталаңыз.

4. Алғашқы екі күнде жаттығуларды орындау ұзақтығы 3 минутты, одан кейінгі күндері 5-7 минутты құрайды. Жаттығуларды 15-20 күн үздіксіз 4 реттен қайталап жасап отырған абзал.

Көзге арналған арнайы диета бар. Оны барлығымыз сақтауымыз керек. Құрамында А дәрумені бар тағамдарды көбірек қолдану керек. Ет, сүт тағамдарын жиі тұтыну қажет. Сонымен қатар, құрамында дәрумені бар арнайы дайын препараттар бар. Оларды да дәрігердің нұсқауымен қолдануға болады. Ең бастысы, әрбір жарты сағат сайын көзді демалдырып отыру керек, – дейді дәрігер маман. 


Талғат Балықбердіұлы 1999 жылы Ақмола Медициналық академиясын тәмамдаған. 2000 жылдан бастап көз дәрігері болып жұмыс істейтін маман бүгінде ересектер мен балалар арасындағы түрлі көз ауруларын тексеріп, алдын-алып жүрген мамндардың бірі. Сонымен қатар, 20 жыл тәжірибесі бар офтальмолог клиникалық фармакология бойынша Бішкек қаласында аспирантурада білімін жетілдіруде екен. Фармакология ғылымы дәрілік заттардың адам ағзасына және науқас адам ағзасына әсер етуін зерттейді.

Ол болашақта көз ауруларына қажетті препараттарды тауып қана қоймай, оны нәтижелі қолдану жолдарын іздеп, медицинаға өз үлесімді қоссам дейді. іздеп табу жолдарымен айналысып медицинаға өз үлесін қосуды жоспарлап жүр. Ол әңгіме барысында көз жанарына қатысты маңызды ақпараттармен бөлісіп, көз күтіміне байланысты ескерер ережелерді айтып берді.

Максим Горький: «Көру қабілетінен айырылудан өткен қорқынышты нәрсе жоқ. Бұл – адам айтқысыз қасірет. Ол адамның сыртқы әлемінің оннан тоғыз бөлігінен мақұрым қалдырады», – деп жазған еді. Сондықтан нұрдың ұясы көз жанарын сақтап, уақытында дәрігердің қабылдауына барып, көру гигиенасын сақтайық!


Акжан Ибрагимова
Бөлісу: