Күзде қандай дәрумендер қабылдау керек?

28 Қазан 2020, 14:45 7417

Ауырмаудың жолын ізде!

Сонымен, күз мезгілінде қандай дәрумендер қабылдау туралы мәселенің мән-жайына үңіліп көрелік. Бүгінде, орқырманға белгілі, қазақстандық фармацевтика нарығында дәрумендердің түр-түрі ұсынылады. Оның ішінде отандық өнімдер де, мақтауын асырып шетелден жеткізілетіндері де жетерлік. Сонымен, біз бірінші кезекте табиғи дәруменмен қарулану үшін жеке ас мәзіріңізде қандай тағамға басымдық беру керектігін талқылаймыз.


«А» тобының дәрумендері

Денедегі қоректік заттардың жетіспеуіне байланысты алғашқы суық ауа райының басталуымен шаштың, тырнақтың, тістің жағдайы нашарлай бастайды. Сондықтан күзде А тобындағы дәрумендер ағзаға пайдалы деп есептеледі. Олар сәбіз, алма, фета ірімшігінде, теңіз балдырында және сүзбеде болады. Суық тию ауруларының алдын алу үшін күнделікті ас мәзіріңізді алма мен сәбіз шырындарымен толықтырыңыз.

«В» тобының дәрумендері

Денедегі В1 дәруменінің (тиамин) жетіспеушілігі жүйке және жүрек-қан тамырлары патологиясының дамуына, бұлшықет ауырсынуының пайда болуына алып келеді. B1 жетіспеушілігін сыра ашытқысы мен бидай сияқты дәнді дақылдар арқылы толтыруға болады. Ал В2 дәрумені (рибофлавин) көздің көру қабілетін арттыру үшін және дененің өсуі  үшін қажет. Бұл әсіресе, мектеп жасындағы балалар үшін қажетті дәрумен.  Ол тауық жұмыртқасында, сүтте, сүзбеде, ірімшікте, бауырда, балықта, жасыл бұршақта, қарақұмық жармасында және сұлы майында болады.

«В» тобына сондай-ақ, никотин қышқылы (В5 дәрумені) жатады. Онсыз гормондардың синтез түзуі мүмкін емес. Никотин қышқылының жетіспеушілігі апатияға, енжарлыққа, концентрацияның төмендеуіне әкеледі. Егер сіз осы белгілерді өзіңізден байқасаңыз, дереу В5 дәруменінің орнын толтыруға асығыңыз. Ол үшін күнделікті ас мәзіріңізге сүт пен жүгеріні енгізіңіз. Ал В6 дәрумені жүрек-қан тамырлары жүйесі мен бауыр үшін пайдалы. Ол жаңғақтарда, бұршақтарда және анар жемісінде көптеп кездеседі.


«С» тобының дәрумендері

Күзде ЖРВИ ауруларын жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан үнемі цитрус жемістерін жеу керек. Себебі, олар С дәруменіне бай болып келеді.

«С» тобының витаминдері ағзаның ауруларға, әсіресе тұмау мен суыққа төзімділігін арттыруға көмектеседі. Апельсин, лимон, болгар бұрышы, қырыққабат, қарақат аскорбин қышқылының жетіспеушілігін толтырады.

«D» тобының дәрумендері

Д витамині сүйек тінін нығайту және шаршауды төмендету үшін өте маңызды. Суық ауа райының басталуымен күн сәулесінің белсенділігі төмендейді және адам ағзасындағы бұл дәруменнің мөлшері де азая түседі, өйткені оның синтезі ультрафиолет сәулелерінің тікелей қатысуымен жүреді. Д дәрумені қаймақ, кілегей, тауық жұмыртқасында бар, бұл тағамдар дәрумен жетіспеушілігінен арылуға көмектеседі.

«Е» тобының дәрумендері

Әсіресе, күз маусымында адам ағзасына Е дәруменіні аса қажет болады.  Себебі, бұл біздің иммунитетімізді нығайтуға көмектеседі және қартаю процесін баяулатады. Егер сіз өз денеңізді Е дәруменімен байытқыңыз келсе, жаңғақ, шпинат, кептірілген өрік, шырғанақ, жержаңғақ және қымыздықты көбірек қолданыңыз.


Дәруменді кешендер

Бір айта кетерлігі, дастархан үстінде көкөністер, жемістер және басқа да пайдалы тағам өнімдері толып тұрса да, ағзаның дәрумендерге деген қажеттілігін 100% қанағаттандыру мүмкін болмайды. Дене пайдалы дәрумендердің «толық жиынтығын» алуы үшін, денсаулықты жақсартуға қажетті нәрсенің бәрін қамтитын дәрумендік кешендерді қабылдау қажет.

Сізге және өз отбасыңызға қандай дәрумендер кешенін қабылдау қажет екенін анықтау үшін міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Сондай-ақ, кейбір дәрумендік қоспалардың бір-бірімен үйлеспеуі мүмкін екенін жадыда ұстаған жөн. Сондықтан бірнеше кешендерді бір уақытта қолдану арқылы ағзаға пайда әкелемін деп, керісінше, зиян тигізіп алмаңыз.

Деніңіз сау болсын, оқырман! 

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: