Күйшілік – киелі өнер. Күй – мұңдасың, сырласың. Аса қастерлі қазақтың қара домбырасының қасиеті, қос ішектің қоңыр үні кез-келген жанның жан дүниесін тебірентіп қана қоймай, өмірдің мән-маңызын ұғындырып бірде қуантады, бірде жылатады. Күй – біздің халқымыздың рухани болмысының, дүниетанымы мен мәдениетіміздің тұғыры биік асыл мұрасы саналады. Осы орайда күйшінің шеберлігі мен қазақтың шертпе күйлерінің шығу тарихы мен құдіреті турасында Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбаев өз оқымандарымен онлайн сұхбат өткізді. Онлайн кездесудің ұйымдастырылуына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы себепкер болды.
Жанғали Жүзбаев – шертпе күйдің шебері. Күйшінің шертпе күй мектептеріне қатысты бірнеше педагогикалық еңбектері бар. Оның орындауындағы көптеген халық композиторлары күйлерінің сирек нұсқалары «Мәңгілік сарын», «Қазақтың мың күйі» антологияларына енгізілген. Сонымен бірге Жанғали Жүзбаев қазақтың белгілі ақын-жырауы Сүгірдің, күйші Төлегеннің күйлерін түпнұсқада шебер орындайды.
– Күйшілік өнерге адам кездейсоқ келмейді. Бұл қасиет жастайымыздан бойымызға қанымызбен сіңген ерекше қасиет. Менің өскен ортам, әкем Әлімхан – атақты Сүгірдің көзін көріп, қолын алған, қолына су құйып, орамал ұсынған азамат. Сол әкемнің туған ағасы Сейітхан деген кісі де күйші болды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары шыққан үлкен бір кітап болатын. Сол туындының ішіне Сейітхан ағамыздың орындаған күйлері кірген. Ағамыз өз ортасында беделді жандардың бірі еді. Ол да Сүгірдің батасын алған. Мен бала күнімнен соларды естіп өстім. Өзімнің жақын немере Жақсыберген деген ағам болатын. Ол да ірі күйші болды. Төлеген Момбековтің шәкірті еді. Өскеннен кейін бұл күйшілік деген өнерді кәсіп қылу менің ойымда болған жоқ. Әртүрлі жағдайлармен әскерге бардым. Әскерден келгеннен кейін өзіміздің Жезқазғанда музыка училищесі ашылып, сол облыс орталығында домбыра сыныбына түсіп, оқып аяқтадым. Ары қарай бірер жыл жұмыс істеп, консерваторияға оқуға түстім. Несібемізді осы қасиетті қара домбырадан тауып жүрген жағдайымыз бар, – деді күйші Жанғали Жүзбаев.
Онлайн кездесу барысында күйші Елбасымыздың шешімімен осыдан бірнеше жыл бұрын ұлттық мереке ретінде жарияланып, шілде айының бірінші жексенбісінде тойланатын домбыра күні мерекесіне қатысты өз пікірін білдірді.
– Кейінгі кездері мемлекетіміздегі маңызды үлкен мерекелерінің бірі – домбыра күні болып табылады. Оны алдыңғы жылда Елбасымыз арнайы ұлттық мереке ретінде жариялады. Содан бері біздің тарихшылар, энографтар мен фольклористер күйдің пайда болу тарихы және өзге де сан алуан сұрақтарды қазып түрлі еңбектер жазды. Мысалы, біз оқыған кезең – кеңес дәуірі. Ол дәуірдің идеологиясының өзі басқаша еді. Дегенмен сол кезеңнің өзінде күйдің мәселесін қолдаған Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов деген мықты ғалымдар болды. Орыстан шыққан А.В. Затаевич, Арабин тағы да басқа ғалымдар сол жылдары күйді түбірлете кәдімгідей зерттеді. Одан бергі заманды алатын болсақ, Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбеков сияқты үлкен ғалымдарымыз осы күйдің түбірі қайдан шықты деген әңгімелерді жазды. Қазақтың атақты ғалымы Ахмет Жұбановтың туған ағасы Құдайберген Жұбанов Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған кезде күй деген сөзді талдады.«Күй» деген сөздің мағынасы Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігінде» көк деген сөздің түбірінен шығады екен деген керемет бір революциялық үлкен жаңалықты кеңес заманында жазды. Одан кейін күйдің түбірін біздің қазақы сөздің жадысымен зерттеген – Ақселеу Сейдімбек. Ағамыз да күйді жан-жақты түрлеп зерттеді. Жалпы күй деген қалай болғанда да, бүкіл түркі халықтарына ортақ өте көне түбірлі сөз. Сондықтан мұның біздің заманымызда аты шыққан миф зерттеуші ғалымдардың ішінде ғалым Ерік Көкеев 90-шы жылдары «Күй –тәңірдің күбірі» деген үлкен бір анықтамалы сөз айтты. Ол қалай болғанда да арғы мағынасы Құдайберген Жұбановтардың сөзінен қалған деп ойлаймын, – деді күйші.
Сонымен қатар Жанғали Жүзбаев күй мен күйшілік өнер туралы айтылып жатқан пікірлерді баяндады. Оның айтуынша, күйге әркімнің таласы бар. Және де қазақ деген ұлттың өзі күйші халық деп есептейді.
– Мына күйші жақсы, мынау ортаңқол күйші, мынау нашар күйші немесе күйдің жауы деп айтуға болмайды. Сондықтан аты шыққан күйшілер болсын, елден ерек туған адамдар болсын, олар халықтың алдында қашанда кіші болып табылады. Кішік күйшілердің барлығы – ұлық күйші. Қазақ негізінен күйші халық қой. Мен көптеген ұлы күйшілерді көрдім. Өзім біліп, таныған атақты ұстаз, аға буынды күйшілер халықтың алдында кішірейіп жүретін еді. Сондықтан өнерді бағалайтын халық деп есептеймін, – деді Жанғали Жүзбаев.
Одан кейін сұхбат барысында күйші Жанғали Жүзбаев кешегі тарихта болға нұлы зұлматтың ерекшелігі туралы да әңгімеледі. Күйші Әбдидің «Зар қоспа» күйінің шығу тарихына келер болсақ, репрессия жылдары, ашаршылықтан қудалау болған кезеңдерде қазақтың қаймақтары, ұлт жанашырлары мен зиялылары, алаш қайраткерлерімен бірге зардап шеккен күйшілер де болды. Әсіресе қазіргі Қарағанды өңірінде күйшілерді жаппай халық жауы деп, ату басталған. Солардың ішіндегі беделді күйшілердің бірі Әбди еді. Ол кісі қазіргі біз білетін Әбікен Хасановтардың ұстазы. Сол Әбдиді халық жауы деп ұстап, киіз үйге қапас жасап қамап, таңға жақын ататын кезде бір тілегін айтыпты. Сондағы күйші Әбдидің тілегі өзінің соңғы шығарған күйі көрге кетпесін деп, шәкірті Әбікенді шақыртуын өтініп,соңғы күйін үйретіп кеткен екен. Сол күй бүгінге дейін жеткен «Зар қоспа» күйі. Күйші онлайн кездесу барысында бұл күйдің тек тарихын ғана айтып қоймай, орындап та берді.
– Жалпы Кеңес дәуірінде тыйым салынған күйлердің көп бөлігі жойылып кетті. Себебі олардың көбісі діни күйлер еді. Әсіресе қобыз, сыбызғы мен домбырадығы күйлерді айтуымызға болады. Оларға шынында да тыйым салынды, жойылды және аттары өзгеріп кетті. Тек күйлер ғана емес, сол күйлердің тарихына қатысты мәселелерге де тиым салынды. Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың күйлері – халық күйі деп аталды. Мысалы, атақты «Ақсақ құланды» шығарған Кетбұғаның аты өшірілді. Содан «Ақсақ құлан» халық күйі болды. Кейбір кітаптарда жаңағы Шыңғыс ханның алдында күй тартқан Жошының өлімін естірткен оқиғаны бұрып алып, өзгеше жазған кездер де болды. Осындай тыйымдар өте көп еді. Бергі біздің күйшілердің ішінде отаршылдыққа қарсы шыққан қазақтың зиялы қауымдары да бар. Кенесарының азаттық көтерілісіндегі күйлердің оқиғасын айтуға да тыйым салынған. Сонымен бірге қарапайым «Бестөре» деген күйді алайық. Сол Қасымнан қалған бес бөрі азаттық сұраған. Ақырып, теңдік сұрап, орыс отаршылдығына қарсы шыққан. Ақмоланың бекінісін өртеп жіберген. Қазір теңдік алған заманымызда оның барлығы зерттеліп, жас ғалымдардың тарапынан үлкен жұмыстар атқарылуда. Болашақта да сол жұмыстар өз жалғасын табады деп ойлаймын, – деді күйші Жанғали Жүзбаев.
Тек домбыраның ғана емес, қобыздың күйлерінде үлкен сарындар сақталған. Атақты күйші Ықыластың шәкірті оның қобыздағы күйлерін домбыраға ауыстырған. Ықыласқа еліктеп домбырада да өз күйлерін шығарған. Қазіргі өнертанушылар оны философиялық күйлер деп атайды.
– Қорқыттың «Атақты тәңірі» деген күйі – Ықыластардың ұлы буыны. Одан кейін Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев сияқты күйшілеріміз қазақтың күйлерінің мазмұнының тереңдігін айтып кеткен, – дейді күйші Жанғали Жүзбаев.
Сондай күйлердің бірі – «Жолаушының жолды қоңыры». Күйші Жанғали Жүзбаев бұл күйді тартпай-ақ күйдің атауын естіген кезде қайран қалатындығын айтты.
– Кез келген әдебиетші, ақылман шешендеріміз болсын осындай бір сүйекті сөздердің алдында кәдімгідей басын иеді. «Жолаушы» деген сөздің мағынасына терең үңілер болсақ, бұл өмірде барлығымыз да жолаушымыз. Қазақтың қара өлеңдерінде солай жазады. Ал жол деген ол өмір. «Қоңыр» деген осының барлығын айтатын қоңыр тіршілік, қоңыр ой. Міне осы сөздердің өзі адамға тамаша әсер береді. Сүгірдің «Жолаушының жолды қоңыры» деген екі тараулы күйі бар. «Жолаушының қоңыр күйі» дейтін күйі де бар. Әуені Ықыластан, ішкі жан дүниесі мен күйдің шиеленісі оның барлығы Сүгірдің өзінікі, – деп Жанғали Жүзбаев күйді орындап берді.
Күйшілік – киелі өнер. Ол атадан балаға жетіп, көздің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Күйшілік пен күйшіге айтылатын сын да көп.
– Мен көрген күйшілерімді айтайын. Күйшіге сын көп. Халық өте сезімтал ғой. Күйші – күйші емес, қазақ – күйші. Қазақтың бойындағы күйшілік талғамды шоу бизнесіңіз, той бизнесің де бұза алмайды. Ол – мәңгілік қымбат дүние. Қазақтың қанына біткен қасиет болып табылады. Кез келген күйшіні сынайтын әдемі сөздер мен тыйымдар бар. Күй тартып отырған күйшіге енді қолына домбыра алмайтындай етіп сын айтқан үлкен тыңдармандар да болған. Мысалы, көптеген күйшілер Абайдың алдына барып, күй тартуға сескенген. Себебі Абай Тәттімбетті тыңдап, отырып ләззат алған, – деді күйші.
Киелі домбыраның қасиеті мен күйдің құдіретін түсінбейтіндерге қатысты күйші Жанғали Жүзбаев:
– Бүгінгі таңда домбыраны тойдың сұранысына, тағы басқа жеңіл мәдени іс-шаралардың мақсатында пайдаланып, қайғылы күйді шаттандыра тарту немесе бір күйді тіркестіре попурри жасап тарту деген біздің бұқаралық мәдениет саласындағы үлкен қойылымдар қойып жүрген режиссерлеріміздің мәселесі. Ескі күйшілікте домбыраны ретсіз тарту деген болған емес. Ол кезде домбыраны сөйлетіп тарту деген бар еді. Кез келген күйдің астарында қара сөз жатады. Не қара сөз немесе қара өлең болады. Егер күйдің тілі шалағай болса, халық ондай жағдайларда сын айтады. Музыкалық кәсіптің ішінде симфониялы, камералы, эстрадалық музыка демекші, би, театр, архетиктура өнеріне және дәстүрлі өнерпаздарға өте көп сын айтылады. Сынның айтылуы тектен тек емес, бір мәселе бар деген сөз. Орындаушылық өнердегі жаһандануға иек арта бастаған бір ыңғайсыз жағдайларымызды халық байқайтын болса керек. Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін» дегендей кеңестік дәуірде өскен буыннан тәуелсіздік заманында өскен буын күшті, өте терең әрі өте талғампаз. Болашақта біз күйдің мектебін, күйдің үлгісін, күйдің тарихы мен тілін осылардан үйренетін боламыз. Мен жас буынға сенемін, – деді күйші.
Біздің қазақтың күйшілік өнерінде үлкен кәсіби күйшілік өнер деген мектеп бар. Ол – нота жүйесімен күйші тәрбиелеу. Ал ерте кезеңдегі күйшілерді тәрбиелеу деген бөлек мәселе. Ол кезде барлығының бағасын халық беретін еді. Халық қайнарынан толқып, бұлқынып шыққан бір күйші шығады. Халық оны мойындайды. Екінің бірі күйші бола бермейді. Ал енді Қазан төңкерісінен кейін домбыра бізде кәсіп бола бастады.
– Біздің қазақтың күйшілік өнеріндегі ишара деген үлкен мәселе бар. Күйді тартып отырып, орындаушы немесе күйші ишаралайды. Мысалы, Қазанғап өзінің бір күйінде үлкен бір қонақта отырған кезінде оның тартқан күйіне шай құйып отыраған келін балқып кеткен екен. Келінге ишарамен шай құй дегеннен туындаған атақты «Шынаяқ тастар» деген туынды осыдан шыққан екен. Күйдің ишаралық дағдысын керемет жасағандардың бірі – Дина Нұрпейісова апамыз. Үлкен фильмдерді қарасаңыз, күйді тартқанда қолы керемет қимылдар жасайды. Қазіргі кезде осындай ишараны сақтаған ұлы күйшіміз – Нұрғиса Тілендиев. Мен – бақытты адаммын. Себебі мен –Нұрағаңның алдында күй тартқан күйшімін. Ол кісі шертпе күйдің шоқтығы биік тарланы болып табылады. Ұстазы Е. Брусиловскийге арнап шығарған күйлері, оның ішінде «Бала Мишка» деген күйіндегі ишараның өзі ерекше. «Аққу» күйіндегі сыңсыған аққудың үні, қамысты сылдырлатқаны бәрі Нұрағаңа дейін жеткен, телегей теңіз, үлкен әдіс болып табылады. Көрген адамдар ол кісі башпайымен күй тартқан деп айтып жатады. Ол күйлер тыйым салынған Тілендінің, Байсеркенің күйлері шығар деп ойлаймын. Анығын білмегеннен кейін айта алмаймын, – деді күйші Жанғали Жүзбаев.
Күй – қазақ халқының ұлттық өнері. Халықтың мұң-мұқтажы, арман-тілегі мен мақсат-мүддесін асқан шеберлікпен орындап, күй арқылы жеткізген күйшілердің домбыра тартудағы қағыстарының да өзіндік тәсілдері болған. Жоғары-төмен қарай қағып тартуды «қара шертіс» деп атаса, ішекті іліп тартуды «ілме» немесе «теріс қағыс» деп атаған.
– Біздің соңғы күйшілеріміздің ішінде Жолаушының атын, аттың жорғалағанын ишарамен көрсеткен Қизат деген ақсақалды көрдім. Ол қолдың ишарасын домбырамен жасағанда керемет. Ал Нұрғиса Тілендиев кең-байтақ Жетісу өңіріндегі сөлдіреген Жетісудың жібектей шертпесін алып қалған, соның ең соңғы дәстүрлі орындаушылырының бірі деп есептеймін. Қазақта мұңды, рухты, зарлы және жігерлі күйлер де бар. Қазіргі кезде күй деген ол поэзияның бір түрі. Оның поэзияның лирикалық бір түрі деп айтар едім. Эпикалық өнер болсын, жыр өнері болсын оның өзінің үлгілері, жанрлары мен стильдері болады. Сол сияқты күйдің де көптеген зерттелмеген түрлері бар, – деді күйші.
Сұхбат соңында кейіпкеріміз қазақтың күйлері тереңірек талданып, күйдің бір ғана сөз, бір ғана қағыс, бір ғана мағына деген ұғымнан арылса екен дейді. Біз де өз тарапымыздан ұлттың рухани мұрасы күй мен күйшілік өнерді дәріптеп жүрген күйші Жанғали Жүзбаев ағамыздың шығармашылығына толағай табыстар тілейміз!
(Суреттер: yandex.kz сайтынан алынған)