«Күй-керуен» шертпе күй орталығының алғашқы отырысы өтті

26 Шілде 2018, 06:30 1635

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының  Хатшылығының бастамасымен, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ  қолдауымен Достық үйі ғимаратында  «Күй-керуен» шертпе күй орталығы ашылды.

Бұл орталықтың жұмысы Қазақстан халқы Ассамблеясының  «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының тұжырымдамасын негізге ала отырып, әр ұлт өкілдеріне қазақ халқының мәдениетін, өнерін игеруге ықпал ету, жастардың бойына  ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған.

Қазіргі  заманда  әлемдегі  жалпы жаһандану және коммерцияландыру  үрдісі, рухани және мәдени саланы қоса алғанда, адам өмірі мен қоғамның барлық саласын бір ізге  салуға пәрменді ықпал етуде.

Мұндай жағдайда бірегейлікті сақтау үшін қазақтың ұлттық құндылықтары, тарихы мен дәстүрлері шоғырландырушы құндылық болып табылатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының  «Қазақтану» жобасы — қазақ халқының  жалпықазақстандық ұлттық бірегейлікті нығайтудың біріктіруші рухани бастауы болып табылатын мәдени феномендерін және басты ізгілікті кағидалары мен императивтерін ашуға, таратуға және оны Қазақстанның барлық  этностарының қабылдауына  бағытталған ауқымды жоба.

Міне осынау айтулы  жобаны жүзеге асыру  мақсатында құрылған орталықтың  алғашқы отырысы өтті.  

«Күй-керуен» шертпе күй орталығының алғашқы жиынында Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын сөз кезегін алып, орталықты ашудағы негізгі мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды, маңыздылығын атап өтті.

«Күй-керуен» орталығының жетекшісі Қайролла Садуақасов орталықтың жұмыс жоспарымен таныстырып, 22 маусымда Шет ауданында Дәулетбек Садуақасұлының 80 жылдық мерей тойы шеңберінде өткен бірінші республикалық шертпе күй фестивалінің  жұмысына талдау жасады. Жиын барысында сөз алған ҚР ұлттық жаратылыстану ғылымдары және халықаралық ақпараттандыру академияларының академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы Темірғали Көкетай сөз барысында  ұлттық мәдениетті, оның ішінде өнер саласын дамытуға үлкен жауапкершілікпен қарау керек екенін ескере келе, шертпе күй өнері — қазақтың төл өнері екенін ерекше атап айтты. Сонымен қатар, орталық мүшелері ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Мұхамедқали Баймуханов, Қазақстанның құрметті журналисі Төрехан Майбас, Қазақстанның мәдениет қайраткері Абылай Шуланбаев, журналист Айқын Несіпбай, халық әндерін орындаушы, домбыра жасау шебері Ержан Тұрсынов өз ойларын ортаға салып, орталық жұмысына сәттілік тіледі. Жиын барысында алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспары талқыланып, бекітілді.   

Жиын соңында Шет ауданында алғаш рет өткен бірінші республикалық шертпе күй фестивалінің  жұмысына белсене қатысқан азаматтар арнайы алғысхатпен  және  төсбелгімен марапатталды.

Бөлісу: