Кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі болуы керек

16 Қазан 2019, 18:52 2107

Орал өңірінде қоғамдық келісім кеңестері жұмыстары жоғары бағаланды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

Жансейіт Қансейітұлы «Uniserv» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерімен кездесіп, кеңес жұмысымен танысты.

Кездесуде қоғамдық келісім кеңестерінің жергілікті халықпен байланысына тоқталған Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ, бүгінгі таңда халықтың тұрмыс түтінінің түзу ұшуы үшін «Uniserv» секілді өңірде қызмет етіп отырған мекемелер әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығын түсініп, қоғамдық институттармен де бірлесіп жұмыс жасауы керек деді.

Және «Uniserv» мекемесінің құрылтайшысы Сәтбаев Нұрғазының жергілікті халыққа жанашырлығы мен азаматтық істеріне риза болған Жансейіт Түймебаев Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен марапаттады.


Өңірде «Атымтай жомарттығымен» аты шыққан «Uniserv» мекемесі қайырымдылық істермен үзбей айналысып, әлеуметтің әлеуетінің артуына ат салысып келеді.

Бұл компания Қазақстандағы жол-құрылысы саласындағы іргелі кәсіпорын болып саналады. Облыс тұрғындары үшін әлеуметтік жауапкершілікті мінсіз атқара білген мекеменің басшысы Нұрғазы Сәтбаевтың бастамасымен бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға, қарттарға, Ауған соғысының ардагерлеріне арналған түрлі қайырымдылық шаралары тұрақты өткізілуде. Осы мақсатта 2018 жылы бірнеше қайырымдылық жобалары жүзеге асырылған. Оның ішінде жергілікті облыстық мешітті жөндеуге, жастар бастамаларын қолдауға қаржылай көмектер көрсетілген. «Uniserv» мекемесі облыстағы этно-мәдени бірлестіктермен де қоян-қолтық жұмыс жүргізіп келеді.

                   

 

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.



Бөлісу: