Көшпелі дала мәдениетіндегі рухани болмыс

11 Қыркүйек 2020, 18:32 7820

Қазақ халқының діни наным-сенімі

Тәңіршілдік – діни сенімнің бастауы

Қазіргі Қазақстан аумағында манихейлік, заратуштрашылдық, буддашылық секілді дала көшпенділерінің рухани дүниетанымына елеулі ықпал етіп, тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай із қалдырған әртүрлі діни конфессиялар ұзақ уақыт бойы үстемдік етті.

Бұл үдерісте тұтас түркі әлемінің діни сеніміне айналған тәңіршілдіктің орны бөлек болды. Қазақстан аумағына VIII-X ғасырларда ислам діні тарала бастауына байланысты Тәңірге табыну біртіндеп ислами түсінікпен ауысып, қазақ түсінігіндегі Тәңірінің орнын Жаратушы Алла басты. Алайда тәңіршілдікті ислам діні біржола ығыстырып тастады деуге болмайды, қайта Көк Тәңірі жөніндегі ұғымдар қазақ халқының бір Аллаға деген сенімімен іштей үйлесім тауып, көшпенді қоғамның өзіне ғана ұғынықты ислами түсінікті орнықтыра түсті.

Көк Тәңірге, Жер мен Суға және Ұмай анаға сыйыну ежелгі дәуірлерде кең таралған шамандық-бақсылық сеніммен және пұтқа табынушылықпен тікелей байланысты. Идеологиялық бірлік жолында діннің әмбебап түріне жүгінген Қазақстанның ежелгі тұрғындарының дүнияуи түсініктерінен хабар беретін буддашылдық та өзінен кейінгі дәуірлерге таңбасын қалдырды. Сонымен, бір мезгілде Манидің үш кезеңіндегі идеялардан нәр алған манихейлік те гүлденіп, ерте орта ғасырда кеңінен таралды. Христиан дінінің несториандық ағамы да арғы қазақтардың кей бөлігінің рухани әлеміне ұзақ уақыт үстемдік құрды. Ұрпақ жалғастығының көне түркілік құдайы Ұмай анаға табынудан қалған ғұрыптық жарықшақтар бүгінгі қазақтың өмірге ұрпақ әкелуге байланысты атқарылатын ырымдар мен жоралғыларынан байқауымызға болады.


Әулиеге сыйыну – ерекше тылсымды күту

Әулиеге сыйыну қазақ халқының ислам дініне дейінгі дәстүрлерімен тығыз байланысты. Ерекше үңгірлерге, алып ағаштарға, шипалы бұлақтар мен бастауларға сыйыну, Арыстан баб, Қожа Ахмет Йасауи, Бекет ата, Қарабура, Қыз әулие, Үш жүз алпыс әулие секілді ислам дінінің ғұламаларын пір тұту дәстүрімен астасып кетті. Сонымен қатар қазақ дәстүрінде белгілі бір рулық, аталық тармақтардың бастауында тұрған адамдарды әулие тұту дәстүрі байқалады, оларды Қазақстанның барлық түкпірінен аңғаруға болады. Мысалы, еліміздің оңтүстік өңірінде албан, суан, дулат руларының атасы саналатын Бәйдібек ата мен оның әйелі Домалақ ана есімі мен олардың жатқан жерлері қаситетті есімдер мен киелі орындар саналады. Сондай-ақ, Алматы қаласында зираты орналасқан Райымбек ата, Алматы облысындағы Әлмерек бабаның басы қасиетті саналады. Бұған қоса, көшпелі қазақ мал щаруашылығымен айналысқандықтан, төрт түліктің иесі деп саналатын Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсылқара, Шекшек аталарды да пір тұтқан.

Мұсылман әулиелерінің қатарына қосылып кеткен бұрынғы наным-сенім кейіпкерлерінің бірі – Қорқыт ата. Қорқыт атаға байланысты түркі халықтарына тараған әртүрлі аңыздар көп. Кейбіріне қарағанда оның жатқан жері қазіргі Түркия мемлекетінде делінсе, аңыздардың басым көпшілігінен Қорқыттың денесі қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Сырдария өзенінің жағасы екендігін шамалауға болады. Ел аузындағы әңгімелерде оның ажалдан қашып, көп жасағандығы, ақыры жылан шағып өлтіргені туралы айтылады. Қазақ арасындағы аңыздардың кейбір баяндары Сібірдегі бақсылық дәстүрдің мазмұнына ұқсас. Мәселен, Қорқыт ата бірде қобыз жасау тәсілдерін ақылдасып жатқан шайтандардың әңгімесін естіп қояды. Содан кейін рухтардың әмірімен өзі қобыз аспабын ойлап табады. Орта ғасырда Қорқыт образы түрік аңыздарында кең таралды. Қазақтардың Қорқытты құрметтеуі шамандық-бақсылық дәстүрмен тығыз байланысты екендігі анық байқалады. Қазақ бақсылары оны бақсылардың жебеушісі, пірі деп санағандықтан, бақсылық жасаған шақта Қорқыттың атын атап, жәрдемге шақырды, Қорқыт ойлап тапқан қобыз көптеген бақсылардың қолынан түспейтін аспап-құралға айналды, сөйтіп Қорқыттың күйін тартты.


«Басы ауырған бақсыға барады»

Исламға дейінгі дәуірден қалған қазақ халқының діни ғұрыптардағы елеулі құбылыстардың бірі – бақсылық. Бақсылық – көптеген халықтардың анимистикалық наным-сенімдерінде ертеден кездеседі. Ата-баба әруақтарын шақыру, бақсылық жасаған шақта бақсының өзге, тылсым дүниемен тілдесуі бұлардың барлығына ортақ сипат.

Бақсылық жүйенің өзі кейбір ерекше «қасиетті» адамдардың – бақсылардың рухтармен байланыс орнатуына негізделген. Олар рух әлемінің жәрдемімен адамдарды емдеді, бал ашты, тіпті, жоғалған заттар мен малдарға дейін тауып берді. Өзгелер бақсыларды табиғаттың өзіне билік жүргізіп, ғажайып көрсете алатын күш иесі деп санады. Алдын болжай білетін бақсылар қоғамда ерекше орынға ие болды. Олар, тіпті, қазақ даласына ислам діні тарағаннан кейін өз ықпалдарын жоғалта қойған жоқ. Бақсылар негізінен ер адамдар арасынан шықты, дегенмен өмірде әйел-бақсылар да болғаны туралы әртүрлі деректер бар. Бақсының басты құралы – екі ішегі жылқының қыл құйрығынан жасалған, тылсым күш дарыған қобыз. Кейбір бақсылар қобыздарын ешкімнің қолына тигізбей ұстаған. XIX ғасырдың ортасынан бастап бақсылар домбыраны да пайдалана бастады. Бақсының тағы бір белгісі – аса таяқ. Кейіннен XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, музыкалық аспаптан гөрі қамшы мен пышақ ұстап, әруақ, жын шақыратын бақсылар көбейген.

Адамға ауру әкелген рухтарды қорқытып, қуу үшін бақсылар пышақтарын жалаңдатып, қамшымен науқас адамды сабады. Жасаған емдері бірден әсер етпейтіндіктен, олар көріп отырған жұртшылықты сендіру үшін әртүрлі қимыл-қозғалыстар жасады. Мысалы, үйдің шаңырағына ырғып шығып, денелерін арқанмен буып жарақат салды, ыстық заттарды тілімен жалады.

Соның бірі – өзінің немесе өзге адамдардың денесіне пышақ сұғу болатын. Бақсы жасаған ғұрыптарға сенген науқастар біршама жазылып та кететін еді. Дегенмен бақсылардың бойында емшілік қасиеттер де болғанын мүлде жоққа шығаруға болмайды.

Сондай-ақ ел ішіндегі тәуіптер, бал-балгерлер мен сиқыршылардың істері де бақсылық іс-әрекеттермен шамалас болды. Тәуіптер адамды емдеу әрі адамға дертті жолатпау үшін әртүрлі ем-домдар қолданды. Олар аурудың түрлі себептерін өздерінше анықтады, оның ішінде теріс рухтардың әсерін де санамалап берді. Оған көз тию, дуалану, жолы байлану және тағы басқаларды жатқызып, соған байланысты олар тек шөппен, массажбен ғана емдемей, магиялық-анимистикалық сенімдерге негізделген тәсілдерге де жүгінді. Сондықтан адамды бақсылар да, тәуіптер де, тіпті емшілік ғұрыптардан аздап хабары бар жай адамдар да емдей берді. Әртүрлі магиялық-анимистикалық ғұрыптардың кейбірі ана мен бала денсаулығын сақтау жайымен тығыз байланысты болды. Адамдар бедеулікті сиқыр мен дуадан көрді. Үйлену, үй болуға байланысты атқарылатын салт-дәстүрлерде де тылсым қара күштен қорғауға арналған әдет-ғұрыптар жиі жасалды. Мұндай магиялық-анимистикалық әдет-ғұрыптар ұрпақ жалғастығы мен игілікті, отбасындағы берекені сақтауға тиіс болатын.

Қазақ бақсылығының ең басты ерекшеліктерінің бірі – оның ислам дінінің қағидаларымен араласып кетуі еді. XIX ғасырға қарай бақсылық іс-әрекеттерде ислам қағидаларына қайшы келетін әрекеттер мейлінше азайды. Ислам діні шамандық әрекеттерді жоққа шығарды, алайда бақсылық сарынның исламдануынан кейін оны біржола терістеудің реті де қалмады.

Халқымызда бақсылық туралы фольклорлық өлең-жырлар көптеп кездеседі. Оларды «Бақсы сарыны» деп атаған. Одан бөлек бақсыларға арналған Шәкәрім Құдарбердіұлының «Қорқыттың сарыны», Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы», Жұмекен Нәжімеденовтің «Бақсы» атты жыр-әңгімелері халық арасында кең тараған.


Әруақ шақыру – қазақ танымының негізі

Қазақ халқының діни сенімінде ата-баба әруағы ерекше орын алады. Қазақтар қиын-қыстау сәтте немесе ерекше уақиғалар барысында ата-бабасының әруағын «шақырады». Әруақ құрметіне арнап мал сойып, зираттарына тәу етеді. Бір ірі ру өз алдына жеке екі аталыққа бөлінген шақта, араздасқан екі ру ымыраласып, татуласқан кезде немесе жауды жеңген кезде және тағы да өзге айрықша оқиғалар тұсында қазақтар ақ бие немесе ақ айғыр сойып, ата-бабаларының әруақтарына бағыштады.

Қазақ халқы мола-бейіттерге ерекше құрметпен қарады. Зират басына барып тәубеге келді, ант берді. Алыс жолға шыққан жолаушы түнемел уақытта зират басына келіп қонды, өйткені қазақ ырымы бойынша зират басында ешкім ешкімге тиіспейді деген сенім қалыптасқан. Әруақты ешкімнің ренжітуіне болмайды. Егер жолаушының арман-тілегі болатын болса, зират басында тұрып сұрауына болады. Әсіресе, атақты адамдардың рухына сыйыну ерекше орын алды. Қиын-қыстау сәттерде атақты адамдардың әруағы аталып, кейіннен ол жауға шапқандағы ұранға айналды. Бізге жеткен аңыздар бойынша Сабалақ болып Төле бидің түйесін бағып жүрген Әбілмансұрдың жоңғарларға қарсы «Абылай» деп ұрандап, атасы Қанішер Абылайдың әруағын шақырғанын, сол ұрыста жеңіспен оралған кейін Абылай атанып, оны ақ киізге орап хан көтергені айтылған.

Сонымен қатар қазақтардың діни сенімінде әлдебіреуді жебеп жүретін ата-баба әруағы жан-жануар немесе аң-құс ретінде көрінеді. Абылай ханның қасында жүрген батырлардың бірі Жидебай туралы аңызда «батырдың алдында қызыл түлкі жүретін еді, ол оның әруағы болатын» делінеді. Әруаққа сыйыну жерлеу, аза тұту рәсімдерінде қатты байқалады. XIX ғасырда қазақ халқының жерлеу рәсімдері шариғат заңдарына сай өте бастады, дегенмен онда исламға дейінгі наным-сенімдердің қалдықтары да біржола жойыла қойған жоқ.


Көшпелі далаға кең таралған дін - Ислам

Көне діни сенімдер тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен рухани әлеміне берік орныққан қазақ халқы ислам дінін араб елдеріндегідей қабылдай қойған жоқ. Ислам дінінің қазіргі Қазақстан аумағында таралу үдерісі өте ұзаққа созылды және әр өңірде әртүрлі тарихи уақиғаларға орай әркелкі жүрді. Қазақ арасына ислам дінінің орнығуына екі фактор шешуші ықпал етті. Біріншіден, ислам дінінің Орталық Азиядағы этникалық топтардан өздерінің бұрыннан тұстанған салт-дәстүрлері мен құқықтық нормаларынан, сондай-ақ дәстүрлі діни түсініктерін мен конфессияларынан біржола ат құйрығын кесісуді талап етпеуі, яғни ислам дінінің кеңдігі болса, екіншіден, Орта Азия түркілерінің негізгі діні тәңіршілдіктің ислам дінімен идеялық тұрғыдан жақындығы және үшіншіден, қазақ қоғамының әуел бастан-ақ поликонфессионалдығы, соған сәйкес діни төзімділігі еді. Ислам дінін ең әуелі Қазақстанның оңтүстік өңірі қабылдады. X ғасырдың соңына қарай ислам діні Жетісу мен Сырдария бойындағы отырықшы халық арасына орнықты. Сол ғасырда Жетісуда пайда болған Қараханидтер қағанатының мемлекеттік дініне айналды. Ислам идеологиясы көрініс тапқан Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» атты шығармасы сол дәуірдің ескерткіші болып саналады.

Кей өңірдерде ислам діні мен христиан діні арасында айтарлықтай бәсекелестік жүрді. XII ғасырдың соңы мен XIII ғасырдың басында Орталық Азия шығысынан Шығыс Қазақстан мен Жетісуға қоныс аударған керейіттер мен наймандар христиандық несториандыққа мойынсұнды. Тіпті Моғолстан билігін тартып алған найманның Күшлік ханы жергілікті мұсылмандарға қуғын көрсетті. Орталық Азияның батысына өздерінің дәстүрлі діндері бар жаңа халықтарды – түркілер мен моңғолдарды әкелген моңғол шапқыншылығына байланысты ислам дінінің таралуы аздап бәсеңдеді. Дегенмен де орта ғасырда ислам діні көшпенділер даласына біртіндеп жақындай берді. Көшпенділер арасында исламды мақсатты түрде уағыздау әрекеттері тарихи деректер бойынша Алтын Орда ханы Берке хан тұсында, яғни 1255-1266 жылдар арасында басталып, Орыс хан тұсында, 1313-1342 жылдар аралығында күшейді. Қазақ даласына ислам дінін насихаттаушылар Еділ бойы мен Мәуереннахр сияқты тағы да басқа мұсылман әлемінен келді. Уағызшылар арасында сопылық дін өкілдері де аз болған жоқ. Еліміздің оңтүстік өңіріндегі көшпелі түркі халқының арасына ислам дінін таратуға Йасауи тариқатының негізін салушы, Сайрам-Испиджаб қаласынан шыққан Қожа Ахмет Йасауи үлкен үлес қосты. Ғұлама шамамен 1166-1167 жылдары Түркістан қаласында қайтыс болған.

Дегенмен көшпелі ақсүйектердің ислам дініне өтуі қазақ қоғамында ислам діні нық орнықты дегенді білдірмейтін еді. Қарапайым халық көпке дейін өзінің ата-бабасына, тәңірге сыйыну дәстүрін одан әрі жалғастыра берді. Қазақтың өткендегі тұрмыс-тіршілігін бақылап, сипаттаған еуропалық зерттеушілер қазақ халқының ислам қағидаларына толық бағына бермейтіндігін айтады. Тіпті XIX ғасырдың өзінде мұсылмандық қазақ өміріне Орталық Азияның өзге отырықшы халықтарындағыдай нық орныға қойған жоқ. Тұрмыс жағдайларға байланысты қазақтар арасына әйелдерін оңашалап ұстау дәстүрі енбеді. Қазақ әйелдері бұл тұрғыда көптеген еркіндіктерге ие болғандығын айтуға болады, сол сияқты жас бозбалалар мен қыздарға да айтарлықтай еркіндік берілді. Алайда халық арасында ислам діні жыл өткен сайын орнығып, біртіндеп мешіттер саны да көбейе түсті.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына татар молдалары көптеп келе бастады. Олардың көпшілігі қазақ қыздарына үйленіп, жергілікті халық арасына сіңіп кетті. Бұған Орынбор әкімшілігі жасаған сақтық шараларының өзі айтарлықтай ықпал ете алмады. Ал 1832 жылы Орынбор шекара комиссиясы қазақтардың татарлармен және башқұрттармен некелесуіне тыйым салды. Татар молдаларының бала оқыту әдіс-тәсілдері тым қарапайым болғанменен өз жемісін беріп, қазақтардың сауаттылық деңгейі айтарлықтай жоғарылады. Қазақ және татар тілінде жазылған кітаптар халық арасында үлкен сауаттылыққа ие болды. Сауат ашумен бірге ислам діні де нығая түсті.

Қазақ даласына ислам дінінің таралуы туралы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан УӘлиханов та жазды. XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ қоғамында жүріп жатқан оқиғалар мен өзгерістердің куәсі бола отырып, ағартушы «Даладағы мұсылмандық туралы» мақаласында былай дейді: «Мұсылмандық әлі біздің қанымыз бен жанымызға дендеп ене қойған жоқ. Бірақ болашақта бір халықты екіге жару қаупін туғызып отыр. Бізде, Далада Нестор заманындағы Русь секілді екі сенім қатар орнықты. ...Ресейде өзге сенімді ұстанатын, байырғы орыс халқының өмір салтына мүлде кереғар өмір салтымен тіршілік ететін, орыс-славян тайпаларының салт-дәстүрлері мен түсінігіне қарама-қайшы ұстанымдары бар өзге халықтар аз емес. Христиан және отырқшы орыс халқы үшін жоспарланып жатқан өзгерістер, егер Еуропалық және Азиялық Ресейдің көшпелі және кезбе бұратаналарына сол күйінде қолданылатын болса, онда оның ешбір пайдасы да, мағынасы да болмайтыны белгілі».

Шоқан Уәлиханов патша әкімшілігі мен үкіметіне миллиондаған адамдардың тағдырына тікелей әсер ететін реформаларды жүргізген кезде «аса ұқыпты және сақ болу» керектігін осылай деп жеткізді.

XX ғасыр басында қазақтар ішіне Еділ мен Қырым татарлары арасында қоғамдық-саяси қозғалысқа айналған исламдық модернизм – жәдидшілдік ене бастады. Жәдидшілердің негізгі ұрандарының бірі – оқу жүйесінде ортағасырлық схоластикадан арылып, зайырлы пәндерді көбірек енгізу, орыс тілін оқыту болатын. Осылайша елдің барлық аумағында, әуелі қалаларда, одан кейін ірі елдімекендерде, ауылдарда, жаңа міндеттер мен идеялар арқалаған жәдидшіл мектептер жұмыс істеді.

Қазақстан аумағында діни наным-сенімдердің пайда болған кезінен бүгінгі күнге дейін ислам діні үстемдік құрып келеді. Сонымен қатар, ата-баба салт-дәстүрін ұстанған қазақ қоғамындағы кейбір отбасыларда халқымыздың өткен тарихынан сақталған діни наным-сенімдердің сарқыншақтары әлі де сақталған.

(Суреттер ашық интернет желісінен алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: