Күш атасы Қажымұқанның туғанына – 150 жыл

31 Наурыз 2021, 14:35 11451

Қажымұқан Мұңайтпасов туралы естеліктер

 

Дүниежүзі халқының еріксіз таңдайын қақтырған, небір азуы алты қарыс мемлекеттердің атағы жер жарған саңлақтарына сан соқтырып, жеңіс тұғырына сан мәрте табан тіреген тұңғыш қазақ палуаны Қажы Мұқан бабамыздың туғанына биыл – 150 жыл.

 

Талайды жер жастандырған алып күш иесі Қажымұқан бабамыз туралы тың деректер іздеп, өмірі мен спорт саласындағы даңғыл жолы туралы ізденгенде сырт елдің баспасөз беттерінде жарық көрген талай құнды материалдар барын білдік. Күш атасының қазақ спортына сіңірген еңбегін зерттеген отандық авторлар да жеткілікті. 1964 жылы жарық көрген педагогика ғылымдарының кандидаты М.Танекеевтің «Қажымұқан» атты еңбегінде палуанның тағылымға толы тағдыры туралы бірқатар деректерге қанықтық.

 

«Қажы Мұқан – қазақ көгіндегі жұлдыздардың арасында ерекше дараланған тұлға. Ұланғайыр жері мен кеңпейіл, өршіл халқын өзге жұрттар танымаған, білмеген шақта, қазақ деген Ұлы ұлт бар екенін өзгелерге паш еткен де осы – Қажымұқан бабамыз болатын. Бұған дейін қандастары баспаған жерді басып, аяғы жетпеген шет мемлекеттерді көріп, басқа қазақ қол жеткізбеген алтынмен апталған, күміспен күптелген жақұттай медальдарды мойнына тұңғыш ілген де, жeңіс тұғыpына тұңғыш көтерілген де осы кісі. Қажы Мұқан атамыздың тарихта үлкен орны бар. Оның бейнесі халық қиялынан туған ауыз әдебиетіндегі эпос, ертегі, дастан, аңыздардағы батыр да жаужүрек бейнелердің жиынтығы іспетті. Көзі көргендер тірі Қобыланды, Ертөстік, Қамбарларды көргендей-тін»,- деп жазады автор «Қажымұқан» атты еңбегінде.

 

Мұрат Керейбай есімді автор Қажымұқан бабамыз туралы бір естелігінде: «Даңқты жерлесіміз жүріп өткен қай аймақта болсаңыз да, ол жөнінде айтылар аңыз, шертілер сыр ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып жатыр. Қазақстанды қойып, өзім болған Омбы мен Орынборда, Новосібір мен Алтайда, Орталық Азия мен Кавказдағы Қажы Мұқан жайлы аңыз әңгімелер, көңілдеріне сақтаған естеліктері, қазақтың біртуар ұлына деген шексіз құрметтері кімді де болсын бей-жай қалдырмайды. Өз басым осындай ғажайып тұлғаның ауылында дүниеге келгенімді мақтаныш етемін. Жас кезімнен ата-анамнан, ауылдың үлкен кісілерінен, Қажы Мұқанның көзін көрген адамдардан ол туралы түрлі қызғылықты әңгімелер естіп өстім. Балалалықтың қызықты күндерін бірге өткізген, осы күндері өмірде жоқ қарттардың алып замандасы туралы таусылмайтын әңгімелерін жадыма түйіп жүрдім. Қажы Мұқан – бар қазақтың қасиетті Қажы Мұқаны. Қажы Мұқан бабамыздың өмір жолы жас ұрпақ тәрбиесінде баға жетпес қазына. Күш атасының өнегелі өмірінің беймәлім тұстары әлі де көп. Бұл ретте терең білім, түйінді ой, сабырлы сана қажет»,- деп жазады.

 

Туған жері

 

Қажымұқан Мұңайтпасов 1871 жылы Ақмоланың Сарытерек болысына қарасты Құрама деген жерде өмірге келген. Қазір Қажымұқан ауылы аталады. Әкесі – Мұңайтпас, шешесі – Кәбира. Қыстағы Қорғалжың қамысында болған.

 

Анасы Кәбира Қажымұқанның алдында Ассан мен Үсен деген егіз бала туып, екеуі де екіден үш жасқа қараған шағында «қарасан» ауруынан көз жұмады.

 

Шешесі де ер мінезді, сүйегі ірі адам болыпты. Тарихи деректерге сенсек, Кәбира Қажымұқанды дүниеге әкеліп, өмірден озған.

 

Қажымұқан 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, Шілік ауылына қоныс аударып, соңынан Темірлан селосында тұрған.

 

Тарихи деректерге назар салсақ, Қажымұқан төрт рет үйленген екен. Алғаш шаңырақ көтерген жары Бәтима. Халық арасында Бәтима атанғаны болмаса, құжаттағы аты – Надежда Николаевна Чепковская. Бірінші зайыбынан Халиолла және Абдолла (асыранды баласы) есімді екі баласы болған.

 

Екінші рет отасқан жары Ырысты. Екінші отбасынан палуан атамыз үш ұл, үш қыз көрген. Алланың жазуы болар, ер балалары ерте қайтыс болған екен. Ал, үлкен қызы София 1924 жылы туса, Әзия есімді қызы 1930 жылы, ал Рәшида 1933 жылы дүние есігін ашқан. Мінәйім есімді үшінші әйелі болған. Мінәйімнен 1940 жылы Айдархан атты ұл туған екен.

 

Төртінші жұбайының есімі – Айшагүл (Бибіжан) болыпты. Төртінші отбасынан Жанәбіл атты бір ұл бар. Ол 1948 жылы өмірге келген. Ұлтының айбаты мен қайратын төрткүл дүниеге танытқан ұлы тұлға – Қажымұқан атамыз 1948 жылы 16 тамызда қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Темірлан ауылында өмірден озған. Темірлан ауылында жерленген.

 

Батырдың тегі

 

Қажымұқанның арғы атасы батыр болған. Төртінші атасы Сәді ел басқарған Абылайханның заманында батыр болыпты. Керемет найзагер болғандығы айтылады кейбір деректерде. Рас аты – Ержан. Алайда ел ішінде Ернақы атанған батыр туралы ел аузында бірқатар аңыздар бар. Батыр ұрыстарда қайтпай соғысады екен. Қажымұқан бамыз өзі айтқан естелігіне сенсек, батыр бабасы 1795 жылы өмірге келіп, 1847 жылы 52 жасында дүниеден өтіпті. Ернақы батыр келмеске кеткен соң, артында қалған жұрты жұтай бастайды. 1847 жылы артында қалған отбасы Қараөткелге көшіп, жалшылықпен күн көреді. Күш атасының әкесі өз әкесі Мұңайтпас бар ғұмырын жалшылықта өткізген адам. Қарны тойып, тамақ ішіп, бүтін киім киген жан емес. Ел арасындағы той-думандарда күреске түсіп, қарсыластарын шыдатпаған,- деген деректер бар.

 

Енді бір деректерге назар салсақ, Қобыланды батыр Қажымұқанның он бірінші бабасы деген мәліметтер кездеседі.

 

Палуанның балалық шағы

 

Қазыбек Сүлейменовтің естелігінде палуанның балалық шағы келесідей суреттеледі: «Ақмола уезіндегі кедей шаруаның баласы Қажымұқан ержеткенше ауылдағы байлардың малшысы болады. Есейе келе Ақмола саудагері Козулин Степанға жалданады. Бір күні қожайын пар ат жегіп береді де, Қажымұқанды Есіл өзенінің арғы жағындағы қасапханада сойылған қой етін әкелуге жұмсайды. 20 қойдың етін шанаға тиеп, аяқ көрінбейтін түтеп тұрған боранда қалаға қайтады. Қалың қарға омалған аттар шананы жылжыта алмайды. Қажымұқан аттарды жегуінен босатып, қамшымен шықпыртып қоя береді де жарты тонна ет тиеген шананы жаяу сүйретіп әкеледі. Мұны көрген қожайын қатты таңырқайды. Көп ұзамай Козулиннің Қызылжардағы (Петропавл) таныс саудагері Масляков келеді. Әңгімелесіп отырып, оған Қажымұқанның жайын айтады. Ол мұны естіп қызығады да, жүк тиеуге таптырмайтын жұмысшыны қожайыннан сұрап алады. Қажымұқан енді Масляковтың жүкшісі болып Қызылжарға келеді. Жылда қалаға таяу жердегі Тайынша жәрмеңкесіне (оны сентябрь базары деп те атаған) сауда-саттық жасау үшін Масляков та барады екен. Бірде саудагер Қажымұқанды да ала барған. Жәрмеңкеге Қазан мен Уфадан, Самара мен Макаржадан келген алыпсатарлар үйірлеп жылқы сатып алады. Әдетте жылқының кәрі-жасын айыру үшін тісін ашып көреді. Ірі байлардың біреуі жәрмеңкеге құрық тимеген шу асауларды әкеліпті. Алыпсатар асауларды ұстап көрсетуді талап еткен. Көп жылқының ішінен құла қасқа қашағанды ешкім ұстай алмапты. Анадай жерде тұрған Қажымұқан бұлардың қасына келіпті де: «Атыңды маған бер, қазір ұстап берейін»,- депті. Ол қолына құрық алмастан атқа міне сала асауды бастырмалата қуып жетіп, құйрығынан алыпты да, шалқая тартып қоя беріпті. Ат омақаса құлағанда Қажымұқан қарғып түсіп, бір қолымен асаудың жалынан, екінші қолымен құлағынан басып, тыпыр еткізбей тұрыпты. Саудагер мұның күшіне таңырқап, менің жылқышым бол деп жабысады. Жүк тасығаннан гөрі ат үстінде жүргенім дұрыс болар деп Қажымұқан Масляковтан рұқсат сұрайды да, татар саудагері Сабырға еріп кете барады. Осылайша Қажымұқан жаңа қожайынның сенімді жылқышысы болады. Қыс өтіп, көктем келеді. Жазға салым татардың дәстүрлі «Сабан тойы» болады. Жиналған жұрт думандатып, ойын-сауығын өткізіп жатады, бірдде балуан күресіне де кезек келеді. Кесек денелі, еңгезердей біреу жиналған жұрт ортасында малдас құрып отырады. Онымен күресуге ешкім шықпайды. Қажымұқанның қожайыны жлқышысына қарап: «Осы балуанмен сен күрессең қайтеді, күші асса жығыларсың, әйтпесе жығарсың»,- дейді. Қажымұқан келіседі. – Мұнда күресетін кісі бар, - деп айқайлайды Қажымұқаннның қожайыны. Екі шекесі торсықтай, зор денелі Қажымұқан балуанның қасына келеді. Олар бірден ұстаса кетеді. Алғашқыда татар балуаны бейтаныс қара торы жігітті өзіне қарай тартып үйіруге тырысады. Бірақ қарсыласы оған иліге қоймайды. Балуан бетіне бір қарап қойып, қимылға кіріседі. Билеп әкету қиынға соғады. Олай домалатып, бұлай домалатып болмаған соң, жата тастауға әрекет етеді. Осы кезде Қажымұқан алпамсадай зор денелі балуанды іштен шалып, топ еткізеді. Жұрт ду ете қалады. Алыптың құйын күшіне тамсанған татар палуаны орнынан тұра сала, Қажымұқанға күрес алаңына шығу керектігін, өзі қол ұшын созуға дайын екендігін жеткізеді. Қажымұқан соның көмегімен Петербургтағы күрестің курсына келіп түседі. Күрес әдісін үйрене жүріп, спортпен шұғылданады. Бір жылдан кейін цирк аренасына шығуға жолдама алды.

 

– Бұл кез менің күреске тоймайтын, күреспесем, жықпасам тағат тауып отыра алмайтын кезім болатын,- дейтін еді Қажекең. Осыдан кейін Ресейдің ірі қалаларын, Балтық жағалауындағы елдерді екі-үш жыл бойы аралап, Киев қаласында болған жойқын күресте (бұл өз сөзі) жер жүзінен жиналған күшті балуандарды шетінен жығып, французша күрестің бүкіл дүниежүзілік чемпионы деген атақ алады. Осыдан кейін Қажымұқан шетелдерге шығып, талай рет жүлделі бәйгелер алып жүреді. Сөйтіп өзінің ғаламат күші арқылы бүкіл дүниежүзіне қазақ халқының және Ресейдің даңқын шығарады. Қажымұқан 1904-1905 жылдары Харбин шаһарында өткен джиу-джитсу күресінде жапондық чемпион Саракикиді жеңеді. 1906 жылы Германия астанасы Берлинде Еуропа чемпионы, неміс балуаны Тон Кеннедиді жығып, жеңіс тұғырынан көрінді. 1910 жылы Берлинде дүниежүзі чемпионы Ганс Каунды жер жастандырып, тағы да дүниежүзі чемпионы атанды. 1913-1916 жылдары Париж қаласында дүние жүзі чемпионы Стурментті жеңді. Өзінің айтуы бойынша, ол төрт рет дүниежүзінің және Европаның чемпионы атанған, 24 шет мемлекетте болып, 48 медаль алған. 1933 жылы Қажекеңе: «Медальдарыңызды тағып келіңіз, суретке түсірейік»,- дегенде, бізге: – Медальдың алтыны мен күмісін Ресейде азық-түліктің тапшы жылдарында «Торгсиніне» апарып ұнға айырбастадым. Ал қолаларын ауылға тастап кеттім. Қартайғанда темірді саудыратып жүру не керек деп ойлап едім. Енді оны қолға түсіру қиын, балалар,- деді.

 

Өзі жөнінде әңгімелегенде Қажекең былай дейтін еді:

 

– Менің болашағыма жол ашып, адам қатарына қосылуыма, атақты балуан болуыма көмектескен татар ағайындар, ал күш қайтып қартайған кезімде қол ұшын берген – өзбек ағайындар.

 

Ол шетелдерді аралап жүрген кезінде Иван Поддубный, Иван Шемякин, Иван Зайкин, Миша Боров тәрізді орыстың атақты балуандарымен дос болған. Әсіресе И.Поддубныйды аузынан тастамайтын еді. Ол Поддубный маска киіп күресіп жүргенде Парижде кездескен екен. Қажекең оның қай елдікі екенін білмепті. Маскалы балуан күреске шыққанда фамилиясы айтылмайды, тек маскасының түрі ғана айтылады. Екеуі алғашқыда жығыса алмаған. Ең соңында Қажекең қаттырақ қимылдап, күш асыруға айналған кезде, Иван Поддубный ақырын ғана: «Потише» ,- депті. Сол арада оның орыс екенін біліп, Қажекең бәсең қимылдап, тағы да теңбе-тең түскен. Киінуге келгенде Қажекең Иванның қасына келіп: «Сен Ресейдікі екеніңді маған неге бұрын айтпадың?»-деп құшақтапты.

 

– Содан кейін жанқияр дос болып кеттік,- дейтін еді Қажекең»,- деп жазады естелігінде автор.

 

Әншілігі де бар еді

 

Талиға Бекқожина алапат күш иесінің әншілік өнері де болғаны туралы мына бір естелігінде айтыпты. «1942 жылдың февралында Қазақ филармониясының бір топ артистері Жамбыл облысына гастрольге шықтық. Арамызда Қажекең де бар. Біз көптеген аудандарды аралап, халыққа өз өнерімізді көрсеттік. Бізбен бірге Қажекеңнің жүргенін естіген жұрт барған жерімізде бар сый-құрметін жасап қарсы алып отырды. Оны көргісі келгендер біз тоқтаған үйге сыймай кететін. Көпшіліктің сұрауы бойынша Қажекең қолына домбыра алып, қоңыр даусымен өзінің сүйікті «Жонып алды» әнін айтады.

 

Атандым Қажымұқан бала жастан,

 

Ішінде империяның болдым асқан,

 

Кешегі Омскінің қаласында

 

Құлаттым қырық палуанды бір шалмастан...

 

Лирикалы баритон даусы құлаққа жағымды естілетін. Домбыраны қоя салып, екі қолын алға созып, алақандарын аударып-төңкеріп, бет пішіні мен денесін әннің ырғағына сәйкес қозғап, ойнақыланып кететін. Бір жолы көрші колхоздың председателі келіп «Бізге де соға кетіңіздер, колхозшылардың Қажекеңді көргісі келеді» деп өтінді. Біз сонда бапрып ойын қойдық. Жұрт риза болып тарасты. Соғыс кезі. Машина жетіспейді. Сондықтан колхоз басқармасы бізді баратын жерімізге жеткізіп тастау үшін шөп тасуға арналған үлкен сатылы арбаға екі ат жегіп берді. Арбаға рюкзак, чемодандармызды салып жеті адам отырдық. Бір кезде өзеннен өтуге тура келді. Мұздың үстінен қызыл су жүріп жатыр екен, аттар үркіп, аяқтарын баспай қойды. Қажекең екі атты жетектеп шығарып, арбаның артына байлатты да, арбаны үстіндегі адамдармен және жүгімен қоса арғы бетке өзі сүйреп шықты. Аяғында мәсі, су тізесінен келеді. «Енді ауырып қалады-ау» деп бәріміз де қауіптендік. Бірақ Қажекеңе ол жолы ешбір ауру-сырқау дарыған жоқ»,- деп жазады естелік иесі.

 

Палуанның серілігі

 

Филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың «Қазақтың Қажымұқаны» атты жинаққа енген естеліктерінің арасында «Өз аузынан естігендерім» атты бөлімінде палуан атамыздың серілігі туралы жазбасы бар.

 

«Халық арасында Қажымұқанды тек алапат күш иесі ретінде ғана танып, палуанның серілік қасиеті мен әншілік өнерін, мақалдап сөйлейтін ерекшелігін, орынды қалжыңдаса білетін қасиеттерін біле бермейді. Ал қара сөз бен ұстамды әзілге Қажекеңдей ұста адамды сирек кездестірдім. Қисапсыз көп әңгімелер, мақал-мәтелдер, ел аузындағы шешендік сөздерді әңгімесіне қосып, орынды пайдаланатын. Әзіл үстінде біреуді отырғыза салуға да ұста еді. Қажекең көптеген аты шулы өнер саңлақтарымен, әсіресе Мәшһүр Жүсіп, Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Мәриям, Жагорқызы, Майралармен бірге болған кездерін қызықты әңгімелеп, еске алып отыратын. Сөз арасында мен Иманжүсіп жайында сұрап едім, Қажекең оны жақсы білетінін айтты. Имекең біздің ағамыз болады, жасымда үйінде талай болғаным бар. Ұзын бойлы, қапсағай келген, тұлғалы адам еді. Осы жайды естіген Қажымұқан өзінің көрген-білгендерін айта келіп,: «Ол балуан ғана емес, батыр еді ғой» деді. Өзінің Балуан Шолақпен ұстасқанын да жыр қылып айтып берді. Қажекең оны аға тұтып, қатты сыйлапты. Қажымұқанның әншілік өнері де болатын. Ол көбіне «Бөрібай», «Құлагер», Майраның әндерін айтатын. Ол әндердің бірі серілікке байланысты болса, бірі қазақтың терме сөздері, терең мағыналы толғау болатын.

 

Бір күні оның үйіне көптен төбе көрсетпей жүрген колхоз мұрабы Иса Төлепбергенұлы келді. Жасы 65-тің үстіне шыққан қу тілді, әзілқой адам екен. Батырға олжа түссе жақындап, жайшылықта есігін аттамаса керек. Менің бірнеше күннен бері жатқанымды естіп келіпті. Алғаш балуан оған кейістік білдірсе де, Иса оның бетін бері қаратып, істің бәрін орнына түсірді.

 

Қажекең қазақы мінезді, табиғаты кең пейіл адам болатын. Біреуге сенім артса, оған шаң жуытпайтын. Бір рет өтірік айтқан адамға қайтып сенбейді. Батырларға тән аңғалдық та бар. Көңілді отырған кездерінде өзінің жастық шағын айтып, бір серпіліп қалатын. Қуаныш-жұбанышы бірдей, ақжарықын, ашуы да кем емес. Ертеректе ағамыз Иманжүсіптің ауылында жиі болушы едім. Оның сөзі билер сөзіне жуық болатын. Билік айтар болса «ана – балаға, бала – анаға», «ерсіз елдің күні жоқ, елсіз ердің күні жоқ» деп жебелеп сөйлейтін. Соның үлгісін мен Қажекеңнен көрдім. Әттең ол кісінің сөзін магнитофон лентасына да түсіре алмаппыз»,- дейді автор.

 

Қырғыз жерінде

 

«Қазақтың Қажымұқаны» атты кітабында жарияланған жазушы, ғалым Құлбек Ергөбектің мына бір естелігінде күш атасының қырғыз еліндегі белдесуі суреттеліпті. «1931 жылдың күзінде Қажымұқан бабамыз қырғыздың Тоқмақ қаласындағы циркте алғаш рет әлемге мәшһүр балуандық өнерін көрсетуге шықты. Оның қарсыласы ұзын бойлы, денелі балуан еді. Олар бір-біріне қарсы келіп, қол алысты да өтіп кетісіп, қайта оралды. Жақындаса келе Қажекең екі қолдан ұстай алып, жұлқа тартып, көтеруге әрекет жасап еді, әлгі балуан бар күшімен ышқына сілікініп, қолдарын әзер босатып алды. Содан кейін-ақ Қажымұқанға жоламай, айналшықтай қашып жүргенді тәуір көрді. Қолы тиіп кеткен бір заматта Қажекең оның бір қолын қақпандай қармап, екінші қолымен жауырын астынан орай ұстаған бойы тулақтай тік көтеріп, ақырын ғана шалқалатып жатқыза қойды. Белдесу екі-үш минуттан асқан жоқ. Қажымұқанға Әли Мұхаммед немесе салмағы он екі пұт тартар Александр Циклоп болмаса, басқалары ойыншық сияқты көрінетін. Өзіне тең келер палуан болып, аренада әрі-бері жұлқысып, шып-шып терлей алмай, айызы қанбаған Қажекең наразы түрмен жан-жағына қарап қояды. Халық дуылдай қол шапалақтап, орындарынан жапырыла тұрып, оны кілемнен жібермей жатты. Күрестен кейін оның алып тұлғасы, қара күші ауыздан түскен жоқ. Қажымұқанның кезекті күресін бәрінен де асыға күттік. Өстіп шыдамсызданып жүргенде Қажекеңнің келесі палуанмен күресетін күні де келіп жетті. Қарсыласы денелі, бойы да ұзын, қапсағай, күштен де кенде қалмаған адам екен. Сонысына қарамастан, беттескен жерден-ақ Қажымұқан әлгінің белінен алып, тік көтеріп, басынан асыра лақтырып жібергенде, анау бар салмағымен жерге бұрқ ете түсті. Ол орнынан тұрғанша, Қажекең қайырылып үлгеріп, қолдарына шап берді де, нығыздай, кең кеудесімен жерге баса қойды. Амалы таусылған қарсыласы жеңілуге мәжбүр болды.

 

Бір күні көптен күткен Әли Мұхаммед пен «Он екі пұттық Александр Циклоп» сияқты алып балуандардың күресетіні жарияланды. Соған жұрт тайлы-тұяғымен жиналып, циркте бос қалған бірде-бір орын болмады. Әли Мұхаммед Ираннан шыққан, Кеңес Одағының азаматтығын қабылдаған парсылық жігіт еді. Ол – екі құлағы ботанікіндей қалқиған, басы буранікіндей сүйір, бүкіл денесі және көзі күректей, алып жан болатын. Борпаңдап келе қол алысып, әрі өтісіп кетісті. Кері бұрыла, екеуі де сымдай тартылып тұра қалысты. Бір-бірінің қолдарынан шап беріп, біраз жұлқысты. Александр Әлиді көтере лақтырайын деп еді, Әли төмен қараай бүгіле беріп, оның қолынан жылп етіп шығып кетті. Әли Мұхаммед Циклопты қарнынан қапсыра құшақтап, көтеруге әрекет жасамақшы болғанда, қолы оның арқасына жетпеді, соны пайдаланған Циклоп оны иегінен итере көтеріп, ығыстыра бастады. Қойшы, не керек, дәулер жан-дәрмендерімен жұлқыласып, жоталары маймен сылағандай жылтырап, әбден терледі. Ақырында көрермендерді шаршата келе: «О, Алла!» - деп, Циклоптың жуан мойнын қыса лақтырған Әли оны шалқасынан түсірді. Циклоп өзденесін өзі көтере алмай жатып қалды. Сөйтіп екі дәудің қызықты және тартысты күресі балуандардың жұлдызы және «пайғамбары» Әлидің жеңісімен аяқталды.

 

Цирк әкімшілігінің де өз саясаты болса керек. Егерде Қажымұқан, Әли Мұхаммед, Александр Циклоп сияқты әйгілі палуандар-ақ күрессе, онда маусымның ортасы мен соңында ел жиналмай қалуы мүмкін еді. Сондықтан бұл балуандарды мейілінше сирек күрестіруге тырысатын-ды.

 

Кезекті белдесуге Қажымұқан бабамыз шығатын болды. Ол кісі ата салты жолымен алға шығып қолын ұсынғанда, қарсыласы баласындай болып екі қолын созып сәлемдесті. Сол-ақ, екен «күрес жолы былай» дегендей Қажымұқан бабы уысымен қарсыласының оң саусағын қатар қармап, қысып қалғанда әлгі жігіт шыңғырып жібере жаздап, тізесімен тізесін соққылап жатып, қолын әрең босатып алды. Осыдан-ақ шошып қалған бұл балуан Қажекеңді айнала қашып уақыт өткізу әрекетіне көшті. Сонда да, көпті көрген Қажекеңнің әккілігі қойсын ба, оңтайлы сәтте қақпандай темір қолдарымен ұстады дейсің әлгіні!

 

Қажекең дүниенің төрт бұрышын түгел аралап, небір елдерді көрген, атақты балуандардың жаурынын талай рет жер иіскеткен кәрі тарлан емес пе, қарсыласы әдеттегідей зып бермекші болғанда оң білектен шап берді де, өзіне жұлқа тартып, сол білегін де «қақпанға» түсірді. Не болғанын сол арада өзіміз де байқамай қалдық. Әлгі балуан бар салмағымен Қажекеңнің алға созылған қолдарына құлай кетті. Сонда Қажекең қолын тартып ала қойып еді. Ол тұрған бойы бүк түсті. Төреші келіп тұрғызып, оның енді күресті жалғастыра алмайтынын жариялап, жұртқа Қажымұқанның жеңісін жария етті.

 

Қадірлі бабамыз ойын көрушілердің орындарынан тұрып, алақандарын аямай соққылап, қызу құттықтағандарына риза болып, олардың ұсынған гүлдерін бауырына қысып, бір уақ үнсіз тұрып қалады...

 

Тоқмақ қаласы ежелден сауда жолының торабында тұрған себепті, мұнда сауда-саттық жақсы дамыған. Әйгілі Тоқмақ базарын қазақ пен қырғыз жақсы біледі.

 

Бірде демалыс күні Қажымұқан бабамызды базарда танып, сәлем берген саудагердің баласы үйіне шәйға шақырады.

 

Шәй ұсынып жатып: – Қажеке, сіз бір қысқанда-ақ басқа балуандардың қолдарының салдырап қалуының сыры неде?,- деп сұрайды.

 

– Оның бір құпиясы бар,- деді Қажекең күлімдеп, - асықпай отырғанда көрсетермін әлі.

 

– Мен басқа балуандардың қолын ұстаған жерден-ақ мына күретамырды бармағыммен немесе саусақтарыммен қысамын. Қан жүгіруі тоқталған заматта-ақ қол салдырап қалады. Міне, білгің келсе «секретім» осы, достым!- деген екен»,- деп жазады автор өз естелігінде.  

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: