Көру қабілеті нашар жандар үшін ақпарат қолжетімді ме?

28 Қыркүйек 2022, 18:01 1925

Министр жүйе дайын болған кезде зағип жандар арасында тексерістен өткізіп болған соң ғана қолданысқа енгізу керектігін айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліның қатысуымен өткен ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында көру қабілеті нашар жандардың мәселесі талқыланды, деп хабарлайды El.kz.

Министр мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының сайттарына қазақ тілінің сөйлеу синтезы функциясын енгізу мәселесін көтерді.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, мүгедектердің құқықтарын белсенді қорғайтын Мұсағали Дауылов зағип жандар үшін қазақ тілді бағдарлау функцияларының сапасы төмендігін айтып шағымданды. Ол өзі 2 жылдан бері көзі көрмей қалғандықтан ақпаратқа қол жеткізе алмай қалғанын айтады.  

«Зағип жандардың көпшілігіне ақпарат қолжетімсіз деп айтуға болады. Себебі, көру қабілеті нашар адамдар арнайы тыңдау бағдарламаласы бар скринридердің көмегіне жүгінеді. Үкіметтен портал арқылы берілетін тыңдау апараттарының функциясы тек орыс тілінде сөйлейді. Қазақ тіліндегі батырманы басқан жағдайда қазақ тіліндегі сөздерін түсіну тіптен мүмкін емес. Сонымен қатар, дүкеннен арнайы техникалық құрылғы сатып алатын болсам, олардың барлығы тек орыс тілінде сөйлейді. Қазақ тілінде сөйлеу мүмкіндігі мен жағдайы қарастырылмаған» - деді Мұсағали Дауылов.

Осылайша, зағип жандарға арналған бағдарламалардағы қазақ тілінің сапасын арттыруды сұрады.

«Көру қабілеті төмен адамдар үшін арнайы Speech Lab жүйесі және тағы да басқа жүйелер жұмыс істеп жатыр. Бұл жердегі мәселе дыбыстық қорды жинақтауға тіреліп тұр. Осы орайда Тіл комитеті тиісті бюджеттік өтінімді республикалық бюджеттік комиссияға берді. Құжат бекітілсе үнемделген қаражат есебінен жүйені жүзеге асырамыз. Сондықтан жақын арада бұндай жүйелердің дыбыстық қоры кеңейтіледі», - деді Тіл саясаты комитетінің өкілі.

Оның айтуынша, жылдың соңына дейін мәтіндік қорда 10 млн сөз қолданысқа енгізіледі. Сонымен қатар, жүйе 242 сағатқа жасалады. Бұл дегеніміз 5 млн аудио нұсқаның пайда болатынын білдіреді. Осының арқасында Speech Lab сияқты жобалардың жұмыс істеу мүмкіндігі артатын болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарабынан көзі нашар көретін азаматтарға таңдаулары бойынша ноутбук пен мәтінді таңып, дыбыстандыратын скринридер бағдарламасы орнатылған құрал беріледі. Бұл олардың ақпаратты оңай әрі қожетімді қолдануы үшін құрастырылған ресейлік құрылғы. Осы орайда Цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып жүйенің сапасын арттыру жоспарланып отырғанын айта кетті.

Осы орайда министр жүйе дайын болған кезде зағип жандар арасында тексерістен өткізіп болған соң ғана қолданысқа енгізу керектігін айтты.


Миражан Махан
Бөлісу: