Домбырада ойнап үйреніңіз! Дәріс №14

5 Тамыз 2020, 11:19 2198

Дәулеткерейдің күйі "Көроғлы" 

Қазақтың ұлы сазгерлерінің бірі, «төре күйлерінің атасы» – Дәу­леткерей Шығайұлы мән-мағынасын сұлтандық шеннен емес, күйшілік өнерден іздеген тұлға.
Дәулеткерей өзі сұлтандық құрған Бөкей ордасында ғана қалмай, басқа аймақтармен де өнер байланысында болып, саз шеңберін кеңейткен шебер. Ол тіпті 1855 жылы Петербургке барып, ІІ Александр патшаның таққа отыру тойына қатысып қайтқан. Ұлы Құрманғазымен де кездесіп, екеуі күймен тілдесіп, домбыраның үнімен сөйлескен. Дәулеткерейдің «Бұлбұл», Құрманғазының «Бұлбұлдың құрғыры» атты күйлері сол кездесуде шыққан деседі.

Көроғлы күйінің шығу тарихы:

Дәулеткерей адайдың жас өрені Өскенбайға сауал қояды.
– Өскенбайжан, сіздер түрікмен елімен көршісіңдер. Олар да өнерлі халық. Сол түрікменнен не білесің?–деді.
– Білеміз, аға. Олармен көр­шілес, кейде өнер таластыратын да жайымыз бар. Біраз саздарын үйренгенмін. Соның бірін тартып берейін. «Көроғлы» деп аталады, – деді Өскенбай.
– Иә, естуім бар, «Көроғлы» деген тек түрікмен емес, жалпы шығысқа ортақ дүние ғой. Ал тартшы.
Өскенбай күйді жүйткіте дөңге­лентіп тартып берді. Дәулеткерей мұны естігеннен кейін біртүрлі сезімге беріліп, көз жанары шаттанып, шабыттанып кеткендей болды.
– Ойпыр-ай, күннен кейін күн туа­­тыны рас. Күйден кейін күй де туады-ау. Өскенбайдың «Көроғлы­сын» тыңдағаннан кейін менің көкі­ре­гіме бір саз келді. Тың­даңызшы! – деп домбырасын төкпеттете жөнелді.
Дәу­леткерей шығармашылығының бір сәні – «Көроғлы» күйі осылайша, адайлар арасында, Өскенбайдың қасында дүниеге келген.
Дәулеткерейге сый-жоралғылар жасалынды. Керемет өрнекті мауыт шапан жабылып, алдына арғымақ тартылды. Тағы-тағы нелер сәнді бұйымдар ұсынылды.
– Рахмет, ағайындар, құрмет­теріңе ризамын. Мынау дүние дегендер уақытша нәрселер, қолдың кірі, бүгін бар да ертең жоқ. Ал мен сіздерден мәңгілік бір сыйлық алып барамын, ол Өскенбайжан себеп болған, «Көроғлы» күйім! – деп, Өскенбайды бауырына қысып, маңдайынан иіскеп, тағы да батасын береді,.

EL.KZ
Бөлісу: