9 Қыркүйек 2016, 06:02
Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер орталығында «Көріскенше қош бол, Медеу!» фильмінің 35 жылдығы атап өтілді. Шараға фильмде басты рөлде ойнаған ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева қатысты.
«Көріскенше қош бол, Медеуде» Әлия және Раушан атты егіз қыздардың рөлін ойнаған Роза Рымбаева өзінің жып-жылы естеліктерімен бөлісті.
– Бұл – менің кинодағы алғашқы рөлім, сонымен қатар, кәсіби сахнадағы алғашқы қадамым. Оған дейін мен кино саласынан бейхабар жан едім. Процесс өте қызық өтті. Киноға түскен кезде мен жап-жас қыз болғандықтан, бұл жұмыстың жауапкершілігін сезіне қойғаным жоқ. Әдемі көйлектер киіп, рөл ойнағаныма мәз болдым.
«Көріскенше қош бол, Медеу!» мен үшін үлкен мектеп болды. Түсірілім жұмыстары павильонда, табиғат аясында, «Медеу» мұзайдынында, Прага қаласында өтті. Басты рөлге мені таңдағаны үлкен жетістік деп білемін. Оның үстіне, мен бұл фильмде мінез-құлқы бір-біріне ұқсамайтын екі қыздың рөлін ойнадым. Олардың бірі өз ісін білетін, салмақты, салиқалы қыз болса, екіншісі тым ерке қыздың образы еді. Небәрі 20 жастағы мен ол кезде өзіме қандай үлкен жауапкершілік жүктелгенін түсіне қоймадым. Режиссер, сценарист және әріптестерімнің арқасында екі рөлді алып шықтым деп ойлаймын. Қасым Жәкібаев, Құдайберген Сұлтанбаев, Досхан Жолжақсыновтармен қатар ойнадым. Олар өз ісінің нағыз майталман мамандары еді,– деді Роза Қуанышқызы.
Роза Рымбаева өзінің «Көріскенше, қош бол, Медеудегі» ойынына көңілі толмайтынын да айтты:
– Мен бұл фильмде жақсы ойнадым деп айта алмаймын. Өйткені, мен сияқты екінші курста оқитын тәжірибесіз студентке актерлік жұмыс маған таңсық еді. Фильмде жеңіл, күлкілі образды оңай алып шығатын, менен гөрі қызықтырақ кейіпкерді таңдауға да болатын еді.
«Көріскенше қош бол, Медеу» комедиясын 1981 жылы «Қазақфильм» мен «Баррандов» киностудиялары түсірген болатын. Фильмде прагалық режиссер ансамбльдер мен солистер қатысатын мұз үстіндегі «Шығыс ертегісі» атты шоу-көрсетілімін дайындайды. Ол өз картинасын Қазақстанда түсіреді.
Жалпы, фильм көрерменді қазақтың ежелгі ұлттық дәстүрлерімен, Қазақстанның сұлу табиғатымен және таңғажайып «Медеу» мұзайдынымен таныстырады.
«Көріскенше қош бол, Медеуге» «Мұздағы балет» Мәскеу мемлекеттік ансамблі, «Отырар сазы», «Гүлдер», «Көкшетау», «Алматының жас балеті» ансамбльдері қатысты. Ал, рөлдерде А. Абдурахманова, Р. Абдурахманов, Роза Рымбаева, Олдржик Кайзер, Иржи Лабус, Гелена Вондрачкова, Қасым Жәкібаев, Досхан Жолжақсынов, Ерік Жолжақсынов, Димаш Ахимов, Құдайберген Сұлтанбаев, Камал Қармысов, Мұхтар Бақтыгереев, Владимир Шмерал, Франц Товендер ойнады.
Режиссер: Зденек Подскальски
Сценарий авторлары: Валерий Карен, Виктор Дусил
Оператор: Иржи Мацак
Суретші: Ыдырыс Қарсақбаев
Композитор: Витезслав Гадл
Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ
Суреттер «Қазақфильмнің» баспасөз қызметінен алынды