Көне кесенелер құпиясы (ІІ бөлім)

10 Қараша 2021, 12:25 18338

Кенжебай ата, Нұр ата кесенелері мен Төрт құлақ және Монтай әулиелер


Кенжебай ата кесенесі

Кенжебай әулиенің шын аты – Көлеген. Басына тұрғызылған кесенесі Шардара-Арыс автомобиль жолы бойынан 350-600 метрдей солтүстікте орналасқан. Шардара бағытымен Сырдария көпірінен өтіп, 4,5-5 шақырымдай Арысқа жүргенде жол жиегінің сол қапталынан дала мен тоғай шекарасында ақ түнікелi кесене күмбезі алыстан жарқырап көрінеді. Сырдарияның солтүстік-шығыс жағалауына жақын бұл кесене өзiнiң қамал-қаласына жерленген әйгілі Қазаяқты Кенжебай батыр сағанасы. Бұл жер Мұңлық қорымына жақын, арасын дария суы бөліп жатыр. Күмбез ескі қорымға орналасқан. Қорым айнала темір сыммен қоршалып, сыртына айналдыра топырақ үйілген. Қорымға бүгінде адамдар жерлене бастаған. 7х8 метрлік Кенжебай кесенесінің биіктігі 4 метр, одан ары 3,0 метрлік күмбез орнатылған. Кесене толық күйген қыштан өрілген. Есігі оңтүстікке қараған, күмбез сырты салынған. Кесене сыртына айналдыра 0,65 метрлік ендікте цемент құйылған. Ішіне Кенжебай бабаның қабірі, оның солтүстік-шығыс жағына бетінде жазуы бар он бес көк тас қойылған. Бабаның қабірі кесенеге кіргендегі сол қабырғасына қойылған. Қабір үстінің ұзындығы 2,5 метр, ені 10 метр, биіктігі 1,0 метрге жуык, үстіне мата жабылған. Қабірдің оңтүстік-шығысына аты жазылған мәрмәр тас қойылған. Кенжебай бабаны «Қазаяқты Көлеген» немесе «Қоңырат қазаяқты Көлеген» деп те атайды. Жалпы Кенжебай батыр — көлеген руынан тараған әйгілі әулие адам. Мұнда «Көлеген тоғайы» деген де жер бар. Жергілікті халық бұл жерді ежелден қасиетті санап, басына ақ байлап, құран бағыштайды. Ел арасындағы әңгімеге қарағанда, Ташкентте Тайлақ деген төре болады. Оның Тыныбай, Шыныбай, Жаңабай, Қaзaяқты Кенжебай (Көлеген) деген батыр балалары болады. Үшеуі жоңғар-қалмақ заманында (Тыныбай, Шыныбай, Жаңабай) Шардарадан ары, дарияның күнбатысындағы Алтын құм деген жерде шейіт болса, Кенжебай алғашында тұтқынға түсіп, одан қашып құтылған соң, осы өңірде асқан ерлігімен ел есінде қалады.

Кенжебайдың жоңғар қолынан қашуы

Ташкенттегі Тайлақ төренің үш баласы Тыныбай, Шыныбай, Жаңабайды өлтірген жау Сыр бойын жағалап, Аққалаға келеді. Қала халқын аяусыз жазалап, мал-мүлкі мен қыз-келіншектерді қоса тұтқындайды. Ішінде Тайлақ төренің ұлы Кенжебай мен жалғызы Ұлбике де бар еді. Оларды өлімге қимаған жау сардары тұтқындап, Қарақ тауына қамалайды. Қолға түскен олжасына мастанған жау бетін Алтайға бұрып, Өскеменнің өткеліне келеді.

– Олжалы кайыпсың батыр! Өткелге де қомақты шүр берерсің? – дейді өткен иесі сардарға. Масаттанған сардар:

– Қалағаныңды ал, – дейді. Өткел иесi қалың тұтқындарды көзімен бір шолып шығып:

– Бұл жолы, ақша емес, адам алсам деймін. Қалауды өзіме қалдырдың, олай болса, қалауым анау тұрған жігіт пен мына кісі қалдырсаң, – дейді. Өткел иесі мен сардар өзара келiсiп. Кенжебай мен қасындағы қызды алып қалады. Өткелде қалған Кенжебай сол өткел иесінің малын бағып, қыз күңдікте қалады. Олар осы арада өз елінің бір жігітімен танысып, біршама уақыт өткен соң соның көмегімен қашпақ болады. Кетерде қыз:

– Мен сенің ауылыңа іргелес отырған байдың қызы едім, аман барсаң әкеме хабар бер. Әкем Сыр бойындағы үлкен бір ағаштың түбінде тұрады. Ол ағаш Шөгірлі белінен анық көрінеді, – деп жол сілтеп, әкесінің атын айтады. Қызбен уәделесіп, ауылдасы берген атына қонған Кенжебай түн жамылып Сырға қашады. Араға күндер салып, Шөгірлі беліне жетеді. Алыстан мқұнарланып көрінген үлкен ағаш түбіне жеткен Кенжебай ұзақ жолдан шаршап, аттан түседі. Жол азабы мен ыстық күннің аптабынан құтылғандай болған Кенжебай қыз әкесін күтіп жатып ұйықтап кетеді.

– Ей, жолаушы, күн батып барады, қазақ күнмен таласып ұйықтамайды, - деп, «тұр.тұрлаған» дауыстан оянады. Көзін ашқан Кенжебай қасында бірнеше жігіттері бар орта жастан аса құлаған бейтаныс кісіні көреді. Амандасып, жөн сұрасады. Бұл кісі қыздың әкесі екен, Мән-жайдан хабардар болған қыз әкесі Кенжебайды үйіне апарып, үш күн демалдырады. Ас-су беріп, әлдендіреді. Арада бір жұма өткен соң, қыз әкесі бір топ жігіттерді қызына жұмсайды. Ат-шапан, айыппұлын беріп, қызын аман-есен еліне алдырады. Елге келген қызының қуанышына той беріп, Кенжебайға қосады. Содан Көлеген ұрпағы Кенжебайдан тарайды.

    Қыз құлаған жар немесе Аманжар

Арыс қаласынан үш шақырымдай оңтүстік-шығыста Арыс өзенінің бойында тік құлама жар бар. Жардың солтүстік-шығысы мен шығысынан айнала Арыс өзені ағады, батысы мен оңтүстігі тегістеліп, Алматы-Мәскеу теміржолы құрылысы салынған. Жардың тік құлама беткейінің биіктігі шамамен 22-25 метр келеді. Жардың шығыс беткейі тұйықталып келіп, солтүстік беткейі тіктене түседі де, батысқа қарай жазықтанып, өзен арнасындағы тегістікпен жалғасады. Өзен арнасы ағашты, тоғайлы, қалың сәмбілтал мен сексеуіл басқан. Оңтүстік-батыс беткейі теміржол арқылы үлкен төбелі беткеймен ұласады. Жалпы төбе диаметрі 25-30 метр шамасында. Төбесі жазықты, тақыр. Төбеден айнала алақандағыдай анық көрінеді.Төбенің нақ ортасында кесене бар. 4х4 метрлік кесененің 0,40 метр іргетасы цементтелген. Үш метрлік қабырғасы күйген қыштан өріліп, төбесі күмбезделіп жабылған. Ортада 2,5 метрлік, биіктігі 20 метрлік күмбез қойылған. Төбесі мен күмбез ақ түнікемен жабылған. Төрт қабырға күмбез орнатылған аймаққа шейін айналдыра қышпен өрілген. Күмбез бұрыштары ақ түнікемен капталған, сырт көзге қарағанда төрт жақтамалы жабылған тәрізді көрінеді. Күмбездің жалпы құрылысы Жекет Шайық күмбезінің көшірмесі іспетті. Кесене орналасқан төбені «Аманжар төбе», кейде «Рыс жар» немесе «Қыз құлаған жар» деп атап, кесенені аңызға арқау болған қызға арнап тұрғызған. Жергілікті халық осы араны киелі санайды, арнайы келіп, еркіндік жолында әділетсіздіктің құрбаны болған қыз бен кезінде керуеншілер тыныстап, түйе белін шешкен осы бір тарихи жайды халык есінен шығармай құрбандық шалып, құран бағыштап отырады.

 Рыс қыз туралы аңыз

Ертеде елді туыстық тайпа адамдары билеп тұрған кезде бір қарт байдың әйелі қайтыс болып, сол кездегі заң бойынша ол әйелінің тұқымынан шыққан кызға үйленуі керек болыпты. Бірақ, бай еліндегі бір зергердің бойжеткен қызы Рыс деген сұлуға көңілі кетіп, қызға құда түсуге адамдарын жібереді. Мұны естіген Рыс шошып, әлі балалық шақтың қиялымен арман құшағында жүрген жас бала екенін айтып, қарсы болады. Бірақ, қорғансыз зергер әкесіне мол байлық беріп, бай айтқанынан қайтпапты. Тағдырының тосыннан өзгеріп, байлықтың мансабын күйттеген байдың алған бетінен қайтпасын біліп, қатты шошынған Рыс қыз күйінгеннен басын өлімге байлайды. Сұлу қыз өз теңіне бара алмайтынына көзі жеткен соң, биік жардан Арыс суына өзін-өзі тастаған екен. Орны толмас ауыр қазаға күйінген ата-анасы мен ел-жұрты өзенді «Рыс аққан өзен», бертін келе «Арыс» деп атап кетіпті деседі. Екінші бір әңгіме Жекен Шайықтың қызына байланысты айтылады. Осы жар маңында (бір шақырымдай батыста) қайтыс болған әкесін іздеп, «Айдалада атаусыз қалатын болды, басына белгі қояйын деген ниетпен керуен тартып жетсе, әулиенің айналасы тола ел, енді кейбір кісілер қолын жайып бірдеңе тілеп отырған елесі арқылы қызына әкесі аян беріп, тоқтатады. Қыз ойланып қалып, керуеншілерге әкемнің басына өз қолыммен белгі қояйын деп келіп едім, шынымен менен өткен тектінің ұрпағы бар екен. Енді мен белгісіз болып қалатын болдым» деп, қамағып сөзін аяқтай бергеніне төбеден құлап қыз мерт болады. Ол кезеңде осы арадан өтіп жүрген керуендер үлкен жардан адам өлімі көп бола беретіндіктен қорқып, ол жерден мал сойыпғ дұғасын жасап өтеді екен. Адамдар Тәңірге жалынып: «Алла жар болып, Аманжардан да өттік» дейтін көрінеді. Әлгі қыз өлімінен кейін және осы маңға жуық жатқан Жекен Шайықтың құдіретімен тосын құбылыс та ғайып болыпты. Жергілікті халық сол жерді алғашында «Аманжар» атап кетсе, кейіннен «Қыз құлаған жар» деп атапты. Төңірегінде төрт тарапқа шапағаты тиіп тұрсын деген ниетпен қызға арнап төрт қабырғалы сағана салыпты. Киелі жерден өткенде астамшылдықтан арылып, ақ сөйлеп, жақсылық тілеу сияқты қазақы өасиет көңілге медет болады.Бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғастығын тауып, есіне алған ел-жұрт құрбандық шалып, құранын бағыштап отырады екен.

Монтай әулие

Арыс ауданы Монтайтас ауыл әкімшілігіне қарасты Шағыр ауылынан 750-800 метрдей оңтүстікте ұзындығы бір шақырымдай жон созылып жатыр. Жонның ортаңғы төбелігінде ескі корым бар. Осы қорымды жергілікті халық «Монтай әулие қорымы» деп атайды. Ескі қорым сым темірмен қоршалған. Қорымның дәл ортасында, жонның төбесінде басқа молаларға қарағанда бөлекше бес-атты қабір орны бар. Қабір орны басқаларға қарағанда кеңірек, айналасы таудың қатпар тасымен қоршалған. Осындай қоршау тастың біріне «Монтай әулие» деп жазылған көк тастың сынықтары қойылған. Жон оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа созылып, шығысы екі мүйістен тұрады. Мүйістің екеуі де қатпарлы тасты келген. Сол канат мүйістегі катпар тас көбірек. Осы мүйісте биіктігі 1,50, ені 1,20 метрлік үңгір бар. Үңгір аузы жiңiшкеленіп 3,0 метрден соң солға бұрылып, төбеден тесік болып шығады. Екінші мүйістегі қатар тас көлемі алау, мүйіс тұмсығы оңтүстік-шығысқа қараған. Осы мүйic батыс қапталынан басталатын жол 850.000 метрге дейін оңтүстікке созылады. Жоннын шығысы мен солтүстігін жағалай Сарыағаш Мәскеу теміржолы өтеді. Әділ Монтай өмірде болған адам. Ел әңгімесіне қарағанда өзі перзентсіз дүниеден өткенімен кейіннен ауылдастарына перзент сыйлайтын, түрлі мал ауруларына ем-дом жасайтын қасиетті, әулие кісі болған екен. Сол дәстүр сабақтастығы күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.сол маңның тұрғындары босана алмай жатқан аналарға Монтай атаның атын аузына алдырып, сол кісіден медет тілесе, көтермей жүрген әйелдер сол араға барып, тілек тілейді, ауырған малдарын қорымды үш рет айналдырып, кейде түнетiп те алады екен. Соңғы жылдары бұл дәстүр сирексігенімен,көнекөз қариялар осы дәстүрді есіне жиі алып отырады екен. Ол туралы 1950 жылдары жарық көрген «Құралай сұлу» қиссасында толық мәлімет берілген. Руы - қыпшак. Монтай әулие жатқан корымға шырақшылық жасап жүрген Баймахан Полатбекұлы Барақатов игілікті істің ұйытқысы болып жүр.

Moнтай тас туралы аңыз

Ертеде көп жыл перзент көрмеген Moнтай атты кісі өмір сүріпті. Табиғатында әділ де жомарт, ешкімнің ала жібін аттамай, жүрген кісі болған екен. Сол қасиетіне байланысты ел-жұры Әділ Монтай деп атап кеткен екен. Күндердің күнінде жасы келіп қалған әйелі ұл тауып, сағынып көрген жалғыз ұлы екі жасында шетінеп, қатты кайғырады. Сол күндердің бірінде ақсақал: «Бұл өмірде армансыз адам бар ма екен?!» деп, маңындағыларға сауал тастапты. Содан ол кісі Қытай бағытындағы Сарыөзек деген жерде отыз ұлы бар армансыз Кеден би атты адамның хабарын есітіп, қасынан қырық жігіт ертіп, ол жаққа сапар шегеді. Сонда Келден би өзін арнайы іздеп келген Әділ Монтайды әр баласының үйіне бір күннен қонақ етіп, сыйлап, зор қошемет көрсетеді. Соңғы баласының үйіне қонғанда ғана жөн сұрасқан екен. Келден би сапар мәнісін білген соң қонағына: «Сен ұрпақсыз болсаң да әділдігің мен жомарттығыңның арқасында есімің ел есінде мəңгі қалады» деп, Әділ Монтайды әулие ретінде атандырыпты. Еліне келіп, күйіктен құса болып дүниеден өткен Монтайдың денесін ауылдастары Шағыр ауылының оңтүстік-батысындағы тасты қыратқа жерлейді. Мүрденің айналасы тасты болғандықтан, Әділ Монтай жатқан тас кейіннен «Монтайтас» аталып, кейіннен сол маңдағы ел де солай аталып кетті деседі.

Нұр ата кесенесі

Нұр ата кесенесі Арыс қаласы О. Дәулетов көшесі бойында, Арыс шипажайына қарама-қарсы, батыста орналасқан. Кесененің оң жағында монша бар. Кесене сыртына 40 х 18 метрлік коршау жасап, қоршау қабырғасын айналдыра шлакоблокпен екі метрдей биіктікте көтерген. Қоршау ішіне ағаш отырғызылған. 7х7 метрлік кесене іргетасына 0,50 метрлік цемент құйылған 3.5 метрлік қабырғасы күйген күйген қыштан өріліп, төрт жақтама ақ түнікемен жабылған төбесіне диаметрі 1 метрлік күмбез қойылған. Кесененің төрт бұрышына диаметрі 0,5-0,70 метрлік, биіктігі 2.5 метр шамасындағы кіші мұнара соғылған. Мұнара төбесі ақ түнікемен қапталған. Есігі солтүстік-шығысқа қараған. Батыс қабырғасында екі терезе бар. Кесене ішіне кафель аралас цемент төселген. Ортада батыс қабырғаға жақын 250 х 110 х 1,20 метрік қабір белгісі көтеріліп, сырты әктелген. Үстіне ақ мата жабылған. Айналдыра палас пен кілем төселіп, солтүстік қабырғаға орындық қойылған.Ішкі бөлменің төбесі ламинатталған, жарық орнатылған. Нұр ата туралы толық дерек сақталынбаған.

Төрт құлақ әулие

Дәуіріне сай дамыған мәдениеті мен төл жазуы болған ата- бабаларымыз V-ХІІ ғасырлардың өзінде мәңгі өлмес мұралар жасады. Осы уақыттарда туыстас түркі тайпалары әлі айқын ұлттық жікке бөліне коймаған еді. Бұл дәуірлерде жасалған әдеби мұралардың басым көпшілігі өлкеде ешқашан толастамаған қырғын соғыстар кезінде жойылды. Енді қалғаны уақыт өте шаң астында қалып із-түзсіз жоғалды.Біздің дәуірімізге жеткен әдеби мұралар ішіндегі ең көнесі, әрі көлемдісі - 1069 жылы жуылған Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік» (Құтты білік) атты атақты поэмасы. Осы поэманың авторы Ж.Баласағұнидің:

Төрт Құлақтың жолы көп,

Төрт Құлақтың көзі көп,

Төрт Құлақтың досы көп,

Төрт Құлақтың ізі көп.

Төрт Құлаққа қасиет өонбаса,

Төрт Құлақта керемет болмаса,

Иісі мұсылман неге айтады,

«Төрт Құлақтың көші»деп? – деген жыр жолдары бұрын еш жерде жарияланбаған. Арыс қаласының оңтүстік-шығысында 7-8 шакырымдай қашықтықта орналасқан Төрт Құлақ әулиенің мазараты бар. Үстіміздегі жылы Төрт Құлақ әулиенің мазарын Қазақ-өзбек инженерлік-гуманитарлық университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы, П.Катица атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Әбдімұса Қуатбеков бас болып, басын көтеріп, Талдыкұдық ауылының тұрғындары қамқорлығына алды. Дуалы ауыз әулиелерімізді еске алып, оның ел аузындағы аталы сөздерін жинастыра бастады. Егер Ж.Баласағұнидің ХІ ғасырда өмір сүргенін ескерсек, ол Төрт Құлақ әулиенің қасиетін білген, оның ел арасында айтылып жүрген әңгімелерімен таныс болған. Өкініштісі, ол туралы жоғарыдағы сегіз жолды сөзді жазбаған болар еді. Осы дерекке қарағанда, Төрт Құлақ әулие ойшыл ақын Жүсіп Баласағұнидан әлдекайда ілгеріде, бұрын өмір сүрген тарихи тұлға екендігі даусыз болса керек.Төрт Құлақ әулие көрегендердің пірі аталған бұл әулиенің мазары қазіргі Арыс қаласының шығыс жағындағы төбенің басында Орынбор Ташкент теміржолына жақын жерде орналасқан.

Төрт құлақ әулие деген екен

Ақиқатты аңыз етсең,

Әруақ сені доңыз етер

Ақиқатты нұр етсең,

Әруақ сені пір етер.

Алдын болжап айту – Алланың ісі,

Өткенді қозғап ату – әруақтың күші.

Шайқыны білгеннің ой сыры бар,

Алланы түсінгеннің бір сыры бар.

Әруақты түсінгеннің мың түрі бар.

Қазақтың еліне келіп түскеннің

Екі дүниеле нұрлы пламная жолы бар.

  Төрт Құлақ әулиенің түсі

Ел аузындағы әңгіме желісіне қарағанда, бірде Төрт Құлақ әулие Жекен Шайықтың басына келіп, көрген түсі тура, аян тілеп, жорып беруін өтініп жалынып жылаған екен. Он бір жасар баланың жан дүниесін түсінген әулие, тілге келіп: «Уа, пейілі кең, перісі артық перзентім! Сен түсіңде бір көк міскін жетімнің туылып, бір өзі жүз ананы емсе де, «Тойдым!» деп қанағат етпей жылай бергенін көрдің. Соңында, сот жетімнің көк бөріні көріп, жүрегі жарылып өлгеніне куәгер болып, шошып оянып, менен тілеу тілеп отырсын. Иә, Көк міскін жетім туылады, тоймайды. Осындай жетімдерге қарсы Көк бөрінің ұрпағынан біреу туылып, қанағатсыздарды қырады», – деп ғайып болған екен.

  Төрт Құлақ әулие туралы

Бала күнімізде қариялардың қапталына қосақталып, той-думандарда жанынан екі елі ажырамай, неше алуан әңгімелеріне құлақ түріп, телміреп тыңдап отырғанда ылғи д айтатын кеңестері:«Әй, балалар-ау! Естеріңде болсын, кез келген жерде киелі адмдр жайлы айта беруге болмайды! Тектен текке аттарын атап мазалай бермеңдер! Тыныштық беріңдер!» –деп шапандарының шалғайларын қағысатын еді. Заманым мамыражай болғанымен, адамның құлқыны тесілді ме,мейірімсіздіңктің месі жарылып, ар-иман аяққа тапталып біткендей. Бұл – бұл ма, қиюы қашқан алдағы өмірде қандай жақсылық күтіп тұр деп үміттенсең,қандай жүгенсіздіктің етек аларын ойласаң, ол – уайым. Қазақ шаңырағын дінсіздік дендеп барады. Бай тойғанына мәз, кедейдің айтқаны наз болған беймаза кезеңде, бәлкім санасына саңылау беріп, біреу болмаса біреудің түсінігі қалыптасып, сауабы тиер деп әулиелер туралы әңгіме толғайтыным рас. Аллаға тілім жазықты. Айтпасам, исі мұсылман балалардың әулие жағалайтыны кем, жолы түсе қалса, тіпті жолы түспесе де оқып-біліп, оның құдіретін зердесіне тоқып жатса, Алланың нұры жауар. Дінсіздік тақырыбын тілге тиек еткен кезекті кездесуімізде «Көпті көрген Әлиасқар Байғұтұлы әкем айтып еді» деп баласы Акпантай хабардар еткен әңгіме «Төрт Құлақ әулие» туралы болды» – деп бастады сөзін Арыс азаматы Темірхан Әбдіков. – Аңыздың арғы жағында бір шындық бар. Ежелгі тарихтан Ұлы Отырарға Жібек жолы арқылы талай елдерден керуен келіп, атбасын тірегені мәлім. Сол Отырардың түп қышын қалаған Сауран Қараши сұлтан кезінде Үнді еліне келетін керуен басына арнайы базына жасап, әйелдікке қалыңдық алдырады. Дидарын көрсе көз тоймайтын көрікті сұлу мұсылман тегінен болып шығады.

Ақ маңдай, қаймақ ерін, садақ қасты,

Кара көз, қаз мойын иеленген қымбат тасты,

Онын түрін көріп Қараши де салғаннан ұнатады. Жүрісі мен тұрсы, қарапайым мінезі мен жайдары күлкісі көргеннен көңілін жаулап тастайды. Қалыңдық аты Дүния екен. Қарашидей сұлтанның назарына ілігу кез келген тарақтының таланына бұйыра бермейтін бақ болатын. Қылыштай жүзіндей өткірлігі ментүлкінің түгіндей құбылмалылығы да қыз алдында сырықтай сұлай түсті. Сұлулық сиқырына арбалған ол, Дүнияның қабағына қылау түсірмейді.Бірақ тәңір оған бала бермеді. Ол әбден зарықты. Бала тумаған әйелдің беделі бола ма?! Тәуекел мен үміттің жетегіне еріп жүріп, жиырма бір жылдың жүзін жасырады.Сұлтанды да сүлік сорады.Үміттің бұлағы байланып, бетін бұрып әкетеді.Оны сезген Дүния шыдай алмай күйіктен жүйке ауруына тап болып, елере бастайды.Істің оңға баспасын сезіп,Дүнияны өзінің малшысына қосады. Малшы әйел жанын ұғып, төзімін шегелеп,оның жолына бәйек болады. Әлсін -әлі ауырса, аласұрып: «Ұл бер... ұл бер» деп айқайлап, сары даланы шарқ ұрып, кезіп кетеді. Бұта-бұтаны кезіп, малшы ізінен қуып жүреді. «Анау Дүнияны жылата бермей, адам баласынан төрт қасиетін артық етіп, ұл бер» деді. «Сабырлық жаса! Мама ағаш майысады, сынбайды. Бекем бол. Саған ұл берді. Бірақ, ізін кем берді. Енді жылап бұл төбеге келме» дейді. Артынша-ақ, қараңғылық қармасқан жанардың бұлты сейіліп, көздері қайта көреді. Құлағы ашылып, дауысты естіп, тілі қалпына келіп, ақыл-есі қайта кіреді. Бір қуанып, бір мұңайып, сасқалактап келе жатса, алдында ақ сақалды, ақ киімді кісі жеті шырақ жағып отыр екен. Жанынан өте бергенде:

– Дүния балам, бері кел деп шақырып алады. Ол ізет жасап, қасына барады. Кәне, он алақаныңды жай,– деп, Дүнияның алақанына төрт шыракты қатарластыра қондырады да күліп:

– Ал, енді өшір, – дейді. Дүния қанша үрлесе де өшпейді. Содан Төрт Құлақ әулие дүниеге келіпті. Ерекше қабілеті туралы оның «Өзі дүниеден озар алдында айтқан екен» дейді. Ол:

– «Уа, Пендем! Мен сендерді ат тұяғы шаршайтын арақашықтықтан көре аламын. Айткандарыңды естимін, әрі есіме сақтаймын. Келгендеріне айтып, түсіндіріп жеткізе білемін. Менің шырақшым үкі болады. Қараса екі көзі ота жанып тұрады. Шықылықтап күлсе пенденің тілеуі қабыл болғаны, сұңкылдап жыласа - үйіне барып жеті нан тартсын. Үкі көздеріне көрінбесе немесе үндемей отырса, пендем келген ізімен жылжысын. Хабар аруақтан болады. Адам баласын сүтіне қарап айырмаймын. «Алла» деген сөзге тілін келтірсін. Себебі, жер анамыздың қай шетінде болсын «Алла» төрт әріп, төрт дыбыстан тұрады. Пенделер жан-жғымды қандамасын! Атаған құрбандығын үйінде шалсын! Кез келген пенде адал ісімен қайырым істеп, болмаса адал ісінен алғыс алып, көңілді болсын! Айқайлап келу қажет емес.Жылап келгеннің тілеуі келген ізімен жолында қалады.Ұл-тарақ (бала тілеп кесе) сұраса. Момыным қонсын, айналамды тазалап сыпырсын.Кімде кім жақсылық нышанға, немесе сүйінші сұраса , тай-тұяғы сұрайтын жерден айтса да, көріп тұрамын. Бірақ өзінен басқа жанында үш кісі куәлікке тұрып, тілін кәліимаға келтірсе жетеді» депті.

Асан Қайғының Төрт Құлақ әулиеге келуі

Желмаясын желдіртіп, Жерұйығын таңдап Асан Кайғы бабамыздың бармаған жері жоқ. Жүрген жолындағы барлық әулиелерге зиярат жасауды мұсылмандық парыз санаған бабамыз Төрт Құлақ әулиеге келіп, көлігінен түседі. Құран оқып, басын иіп, бетін сипағанда әулие басындағы үкі бірде шықылықтап, бірде ұзағынан сұңкылдап тұрып алышты. Абыз да құс тілін түсініп, күліп: Уа, әулием, менің атымды айтып тұрсын-ау! Иә, рас, Асан Қайғымын. Қуаныш пен қайғының арасында дүниеге келіппін. Күліп, көңiлдi жүргеніммен жылап-тілеп, халқыма сұрағаным көп, – депті. Одан соң, Желмаясын отқа қойып, әулиеге түнейді. Түнде бабаға аян береді. Уа, Асан Қайғы абызым, тұрған жеріңнен ары тай терлейтіндей жерде үлкен шаһар болады. Қасиетті ұлын тоқал туады. Киесінен адасса, ақылды Арқадан алады. Дуалы ауыз Арқадан келіп, бақ қайта қонады. Ұл-тарағы көргенде көбейіп, шамшырағы жарқырап тұрады. Шаршата берме Желмаяны, Жерұйығы сол болады. Әй, Жекен Шайыққа бір тоқта, құдіреті күштім жар салады. Кімде кім жекен Шайықтың қауырына кіріп, пенделiкпен бір - біріне жамандық жасаса, көп ұзамай, қос шеңгелі қанга толады. Уа, Асан Қайғы, дуалы ауыздан бата тіле, киеліден шипа тіле жүрген ізің өшпейді. Халқың ешқайда көшпейді. Отырған орның төрт түлік малға толады. Не сұрасаң да, артық бере алмаймын, үшеуін Арқадан дуалы ауыз береді,– дейді. Жетеуін сұрап, төртеу алғанына сүйсініп, баба орнынан тұрыпты:

– Ризамын, әулием! Ниетіңіз қабыл болсын. Әумин! –деп қайта-қайта бас иіп, ризалығын білдіріп, Желмаясына оытырп, аттанып кетеді. Жекен Шайық әулиеге келіп, құран бағыштап түнейді. Сонда әулиемен тілдеседі.

– Әулие , іздегенге бересің бе, үмітін үзбегенге бересің бе?

– Ізет-иман сізден, Үміт-үкім Алладан ! Іздегенде берем.Үмітін үзбей ошақтың да басына отырады,–дейді.Түнде көрген түсін жорып,– Айналадан он төрт теңіз пайд болады екен-ау!–дейді.

– Түркеш, Өркеш, Шәуіл-Даһүр, Отырарым,

Күндіз сәлем бермесем,

Түнде түсімде көрмесем сағынарым! - деп, Отырар өңіріне жеткенде сағыныш сезімін толғатады. Басындағы айыр қалпағын көтеріп, төңірекке елжірей қарап:

Тектілер коп болмайды,

Айтқан өсиеті оқ болмайды,

Өтiп кетсе кайта соғар,

Тау құмға айналар,

Електен өтсе ел жағалар! – депті.

Құлтеке мен Берді әулиелер

Арыс өңірінде Құлтеке, Берді секілді әулиелер болған. Орындары белгілі, бірақ олардың қабірлерінің үстіне жаңа адамдарды жерлеп, орынын басып қалған. Құлтеке әулие білімді, сауатты, өз заманынын білгір әулиесі болған екен. К.А.Йасауимен замандас болыпты. Берді әулиенің мешіті мен бала оқытатын құжыраханасы болған екен. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда ол кісі осы өңірге ілім таратып, шәкірт тәрбиелеген көзі ашық, көңілі ояу адам болған. Сондай әулиелі, дуалы ауыздылар, қатарында Боздақ,Ақпан секілді адамдар да өмір сүрген. Олар батыр, елін жаудан қорғап отырған ержүрек адамдар болған екен деседі.

    Ғайып ерен Қырық шілтен

Бұл сөздің мағынасын көп адам біле бермейді. Мұның не себептен, қай заманда бұлай аталғандығын ешкім анықтап айта алмайды. Сонда да болса өз ойымызды айтып өтейік. Мүмкін, мұның да түбінде бір шындық бар шығар. Осыдан бірнеше жыл бұрын, жұбайым түс көрдім, түсімде:«Қырық шілтен, қырық шілтен, қырык шілтен» деп, аян берді. «Ол қай жерде екенін білесің бе?» деп сұрады. Мен: «Білемін, Ол екі жерде бар. Бірі – Қазығұрт тауында, ал екіншісі – біздің ауылда, Қараспан деген елді мекенде. Арыс өзені жар Қабағын жайласқан» – деп жауап бердім. Соған барып қайтсақ, қалай еді. Мен, мейлі жол түссе барармыз деп, оз ойымды білдірдім. Содан, 1997 жылдың жаз айының бірінде жолымыз түсіп, ауылға баратын болдық. Одан әрі, сол қырық шілтен алып барайын деп ниеттендім. Ауылға келгенде, мешітке арнайы барып, намаз окыдық. Қасымызда көлік жүргізуші Асқар деген ағамыз бар болатын. Ол кісі сонау Созақтан біздің үйге қыдырып келген еді. Намаздан кейін біршама уакыт шариғат туралы әңгіме құрып, дінді насихаттап, жойылған көптеген сұрақтарға жауап бердік. Тарқайтын кезде, ауылдың имамы Әбжәл деген ағамызға қолқа салдық. Сіз бізді Ғайып Ерен Қырық Шілтенге жол бастап апарып келіңіз дедік. Ол кісі өтінішімізді жерге тастамай келісті. Өз жұбайын да алға шыққысы келетін сыңай танытады. Біз де қарсы болмадық. Алдын ала келіскендей, ертеңіне Қараспан елді-мекеніне бет алдық. Аталған ауыл тұсынан өткен соң Арыс өзенін жағалай отыр бір өткелге келді. Ғайып ерен Қырық шілтен әулесінң арғы бетінде жайласқан екен. Көлігімізді бергі бетке қалдырып өзенді кешіп өттік. Біраз жүрген соң қия жарқабақтан үңгірдің қас беті көрінді. Әбжәл ағамыз Ғайып Ерен Қырық шілтен әулиесі осы еді.Жақын келгенде сәлем беріп ішке ендік. Іші бірнеше үңірден тұрады екен. Түнеуге арналаған төсек -орын да бар екен. Тамақ істеу үшін керекті ыдыс-аяқтың бәрі бар көрінеді. Біршама бой үйретіп үңгір ішімен танысып шыққаннан кейін ;айып ерен Қырық шілтен әруағына бағыштап Құран оқыдық. Ел аузындагы әңгімеге қарағанда, бұл үнгір бір кездері бұзылып, жоқ болуға айналған екен. Қазіргі шырақшысының түсіне аян беріп, қалпына кайта келтіріліпті. Қасында, Түркістан, Сайрам, Қазығұрт, Созақ, Тараз сияқты сол заманның ірі шаһарларымен байланыстыратын жер асты жолының үңгір нобайы бар екен. Бірақ, өкінішке орай, ол үңгір жабылып караусыз қалған. Бұл жолдың болуының да өзіндік себебі бар секілді. Бір кездері Қараспан деген шаһар болған. Оның орнында, бүгінде сол аттас Арыс өзені бойын ала созыла орналаскан елді мекен бар. Ескі шаһар орны-ау делінетін жердегі төбешік, сол маңдағы қарауыл төбелерден болекте. Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиесін айналып көріп шықтық. Суы адам бойындағы түрлі дертке шипа болатын құдық суы да бар көрінеді. Құдығынан су алып іштік. Алып келген ас-суымызды құран бағыштап дәм тату үшін, жеңешем мен жұбайым шәй қайнату әбігеріне түсіп жүргенде, біз Әбжол аға, Асқар аға және менің кіші ұлым Фараби төртеуміз айналаны шолып, осы маңмен танысып, барлап қайттық. Келген соң шәй ішіп, Ғайып Ерен Қырық Шілтені әулиенің рухына Құран бағыштадық. Одан кейін Ғайып Ерен Қырық IIIілген әулиесі туралы естіген-білгендерімізді ортаға салдық. Қолқа салған соң, білгенін ортаға салған обекең, маңғаздана түсіп, «Рас-өтірігін білмеймін. Ескі көне жариялардан естіген бір дерегімді айтып берейін» деді. Сонау Мухаммед (с. 4) пайғамбар заманында, бір әйгілі ұры кісінің ұлы да бау кеспе ұры болыпты. Олар тек ұрлықты ғана кәсіп етiп күн көріпті. Күндердің бiр күнінде ұрының ұры баласы сол елдің патшасының қызына ғашық болып қалады. Сөздің ретін келтіріп, өз сезімін қызға жеткізеді. Егер сен ұрлығыңды қойсаң мен сендік болар едім, жауап беріпті қыз.Жігіт болса әбден ойланып, ұрлықты қоюға келісімін берген екен.Екеуі отау құрып, шаңырақ көтеріп, ерлі-зайыпты болыпты. Ұрлықтан өзге ештеңені кәсіп етпеген әлгі жігіт, не кәсіп жасарын білмей, дал болып, күндіз-түні үйінде жатады. Өзге кәсіп қолынан келмейді.Бұған жаны ашыған келіншегі, оған былай деп кеңес етеді. Сен Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға жолығып, сол кісіден ақыл сұра депті. Жігіт пайғамбарға жолығып, өз басындағы қиындығынмайтып ақыл сұрайды. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар оған өз кәсібіңді жаса деп жауап беріпті де, жөнiне кете барыпты. Үйіне келіп естіген жауабын келіншегіне айтады. Өзара келісіп, бір-екі күн өткен соң, Мұхаммед (с.ғ.с) пайгамбарға тағы да жолығуға ұйғарады. Екінші жолы да жігіттің естіген жауабы тағы да сол болды. Бұлар енді үшінші рет Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға жолығуға бел байлайды. Үшінші ретте де сол жауапты естіген жігіт, өз кәсібінің ұрлық болғанын, атасының кәсібі де сондай екенін, ал сүйген жары бұл кәсіптен тыйылғанын жөн санайтынын жайып салады. Сонда Мұхаммед (с.г.с) пайғамбар байсалды кейіпте, ұрлығыңды ыпсаппен жаса деп жауап беріпті. Үйіне келіп, болған істің мән-жайын келіншегіне айтады. Мұны естіген келіншегі, енді өзің шеш депті. Жігіт Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар айтқан бұл ақылды да орындап көрейін деп, сыртқа шығады. Көшеде келе жатса, бір сиыр байлаулы тұр екен. Әлгі сиырды жетектей жөнелген ұры, біраз ұзап шыққан сон, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өсиеті есіне түсіп, осы малдың егесі кім екен. Мал иесіне қиянат болмапты ма екен білейін деп кері қайтады. Мал егесінің қорасына таман келіп, құлақ түрсе, «Шиеттей бір қауым бала-шағаның ойнаған шуылын естиді. Оларға аналарынын: Мен қазір барып, сиырды сауып келейін. Сүт ішкізіп қарындарыңды тойғызармын» — деп жатқанын естиді. Мұхаммед (с.г.с) пайғамбар өсиетін жадында ұстаған жігіт, сиырды орнына қайта байлап кетеді. Кайтып келе жатып, сәл болмағанда жетім балаларға обал жасап, қиянат ете жаздадым ғой деп, өзінің малды қайтарғанына риза болып үйіне қайтып оралады. Ертеңіне, мен бүгін керуен сарайға барайын. Ол жерде өңкей байлар болады ғой, еш қиянат бола коймас деп, сонда аттанады. Келген бойда көп малдың ішінен бір түйені жетегіне алып, үйіне қарай беттейді. Байдың малы жалпының еңбегін қалаумен келген ғой. Байға қайбір қиянат болсын деген ойдың жетегінде келе жатқан жігіт, бір сәт тоқтай қалып, кайта барып мән-жайды білмекке бекиді. Керуен сарайға қайта барса, жоқ түйенің бар жүгін ұзақ жолдан арып-ашыған өзге түйелерге артық ауырлық етіп, бөліп артып жатқан керуеншіні көреді. Сонда жігіт, мен байға жаным ашымаса да, осынша түйеге зәбір көрсетіп, жапа шектіреді екенмін ғой, бұным түйелерге қиянат боп шықты деп, малды иесіне қайырып берген екен. Әбден тосылып, өз кәсібін қайтсем ынсаппен, қиянат етпей жасауыма болады деп тұрғанда, ойына мешіт түседі. Ия, мешіттегі зат ешкімдікі емес. Әркім өзінде артығын өз ықтиярымен берген. Оны ешкім де есеп қылмайды әрі қиянат та бола қоймас деп, мешітке бұрылады. Мешіттегі бір кілемді алып кетпекке ниеттеніп, енді бүктей бергенде, сырттан қақырынған кiсi дыбысы шығады, Ұрлық үстінде ұсталып қалмайын деп, сол жердегі ши астына жасырына қояды. Кіріп келе жатқан Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өзі екен. Бір мезетте, мешітке асығып-ағынып кіріп келген бір кісі жаңағы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға, өз жайын баян етіп: «Біз өзі қырық кісі едік, біреуміз шейіт болып, соның орнына бір кісі керек болды. Соған көмек етіңіз» – дейді. Айтушыны мұқият тыңдаған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар: «Анау шидің артында тұрған кісі сіздерге лайық» — деп ши артын нұсқайды. Өзінң мәлім болып қалғанын сезген жігіт ши артынан шығып, сәлем беріп, өзінің Ұрлық істей келгенін айтады. Сонда бәрін біліп-көріп отырған пайғамбар: «Сен сиырды да, түйені де өз түсінігіңмен қайтардың. Міне, мұның бәрі сенің өз нәпсіні тыйғандығынның дәлелі. Сен осы кісілерге лайықсың. Мен осыған кәміл сенімдімін» - дейді. Сонымен əлгі жігіт қырқыншы кісі болып қосылған екен деп, Әбекең әңгімесін түгесті. Ал енді қалғанын өзің ой жүгіртіп түсіне бер, менің білгенім осы еді. Осыған қарағанда, бұл қырық кісі тосыннан келіп, мұқтаж кедей-кепшіктерге қол ұшын берумен айналысқан секілді. Бірақ, олардың кімдер екенін көпшілік білмеген сияқты. Сондықтан да, мұндай әулие қырық жерде болуы да ықтимал. Ал, біздің білетініміз: біреуі – Қазығұртта, екіншісі осы Қараспан аумағы Арыс өзені жағасындағы әулие.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: