Көлгінов Нұр-Сұлтанда салынып жатқан мектептер туралы айтты

21 Маусым 2022, 15:33 1097

Елордада соңғы үш жылда 34 мектеп салынды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында құрылысы жүріп жатқан мектептер туралы айтты, – деп хабарлайды El.kz сайты елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

– Қала тұрғындарының жыл сайын артып келе жатқанын ескерер болсақ, әлеуметтік нысандарға, оның ішінде оқу орындарына деген сұраныс артып келе жатқандығы белгілі. Жоспарға сәйкес оқушы орындарымен қамтамасыз етіп, жұмыс істеп тұрған орындарға түсетін артық жүктемені алып тастау үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Үш жыл ішінде 34 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Бұл оқу орындарында 70 мың оқушы орны ашылды. Қаланы аралау барысында бірқатар мектептердің құрылысымен таныстым. Мәселен Ұлы дала даңғылындағы және 187-көше, 18/4 мекенжайындағы (Сарыарқа ауданы) екі мектепті аралап шықтым, – деді А.Көлгінов.

Елорада әкімі мысал ретінде Сарыарқа ауданындағы №65 мектептің ерекшелігі туралы айтып кетті.

– №65 мектепте инклюзивті білім беру жүйесі бар. Бұл жерде есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар оқиды. Мұнда барлығы 3 мыңнан аса оқушы қамтылған Бұл оқу орнының өзіне тән қуаттылығынан асып түседі. Мектептің қуаттылығын арттыру үшін жанынан жаңа корпустың құрылысын бастадық. Жаңа корпус тағы 1200 оқушы орнын (екі ауысымда) ашуға мүмкіндік береді,–деді А. Көлгінов.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Есіл ауданында орналасқан мектептің (Ұлы Дала даңғылы мен №39 көшенің қиылысы) құрылысы ұзаққа созылғанын да айта кетті. Әкім оған себеп болған өз ісіне жауапсыз құрылыс салушы міндеттемелерін орындамағанын айтты.

– Біз онымен келісімшартты үздік, мектеп құрылысын тоқтап тұрған жерінен қозғадық. Бұл мектепті биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Аталмыш нысан 2400 оқушыға (екі ауысымда) жоспарланған. Осылайша, жаңа оқу жылында (2022-23 жж) тағы 20 мыңнан аса оқушы орнын ашуды (2 ауысымда) жоспарлап отырмыз, – деп жазды елорда әкімі.

Бөлісу: