Көкшетаудың Достық үйінде мемлекеттік тіл озық әдістемені пайдалана отырып үйретіледі

22 Қазан 2019, 11:42 2030

Көкшетаудың Достық үйінде мемлекеттік тілді оқып-үйрену курстарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Құттықтау сөзінде Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марзият Тохаева Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған міндеттерге сай қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналу мәселесіне көп көңіл бөлініп жатқанына тоқталды.

Қазақ тілін оқып-үйрену кабинетінің ашылуы түрлі ұлт өкілдері үшін тілді жылдам үйреніп, күнделікті өмірде қолдануына жағдай жасайды.

Сөз сөйлеген облыстық қазақ тілінің оқу-әдістемелік орталығының басшысы Қаратай Төлекеев пен облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл мемлекеттік тілді өмірдің барлық саласында түрлі халық тобының үйренуі, қолдануы – заман талабынан, қазақстандық қоғамды топтастырудағы маңызды фактор ретінде қазақ тілінің рөлі артқанынан туған қажеттілік екенін атап өтті.

Салтанат күні қазақ тілінен кіріспе сабақ ұйымдастырылды. Оқуға 60-тан аса адам өтінім берген. Сабақ мемлекеттік тілді оқытудың озық әдістемесін пайдалана отырып, апта сайын екі рет тәжірибелі оқытушының қатысуымен өтпек.

Бөлісу: