Көкшетауда шіркеу құрылысын қолдауға арналған қайырымдылық фестивалі өтті

2 Сәуір 2019, 10:30 2358

Көкшетауда Ұлттық аспаздар қауымдастығы, Чуваш этномәдени орталығы, Ақмола облысының Ресей қоғамы мен Бари армян этномәдени орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен майсыз тағамдар фестивалін өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты - Көкшетау қаласында салынып жатқан шіркеу құрылысына қажетті қаражат жинау.

Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марзият Тохаева аталмыш фестивалдің славян халықтарының мәдениеті, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерімен танысудың керемет мүмкіндігі екендігін айта келе, облыс тұрғындарын қайырымдылық іске бағытталған бұл шараға ат салысуға шақырды.

Чуваш этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Елена Мащинская: «Егер үлгі көрсеткің келсе - өзіңнен баста!» деп бекер айтылмаған. Біз бүгін Ассамблеямен бірлесіп бір шаңырақ астында тұратын этникалық топтар арасындағы достығымызды көрсетіп отырмыз. Майсыз тағамдар да өте дәмді, әрқайсысының өз ерекшеліктері бар, ал ең бастысы – адамдар ораза кезінде тамақ дайындауға ерекше сүйіспеншілік танытады, әрі өздерінің салт-дәстүрлерін ұстануға деген шынайылықтары мен адалдықтарын көрсетеді», - деп атап өтті.

Сондай-ақ, келесі болып сөз алған Константин әкей барлық қатысушыларды мерекемен құттықтап, елу күнге жалғасатын ораза тұту кезеңі адамдардың жан дүниесін тазарту үшін қажет екендігін айтты.

Фестиваль барысында Зоя Авилова бастаған «Русская песня» ансамблінің әншілері көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

 

Бөлісу: