Көкшетауда «Үлгілі қыз» байқауы өтті

26 Қазан 2018, 05:22 2167

Көкшетау қаласында қазақ халқының салт-дәстүрлері, рухани құндылықтарын насихаттауға, жас қатысушылардың дағдылары мен қабілеттерін тексеруге бағытталған «Үлгілі қыз» байқауы ұйымдастырылып өткізілді.

Қазылар алқасының алдында үздіктердің ішінен ең үздігін таңдауды қажет ететін қиын міндет тұрды.

Байқауға қалалық қыздар клубтарының мүшелері белсенді қатысты. Қыз сыны үміткерлердің шығармашылық және білім деңгейлерін толық әрі жан-жақты көрсетуге мүмкіндік беретін «Өзін-өзі таныстыру», «Білім және дәстүр», «Өнерім - өмірім», «21 ғасырдағы қыздардың киіну үлгісі» атты төрт кезеңге бөлінді.

«Үлгілі қыз» атағына Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі «Кербез» қыздар клубының атынан қатысқан Мерей Сыйлан ие болды.

Бірінші орынды қалалық модельді қазақ кітапханасының «Үкілім-ай» клубынан Аружан Сейітханқызы иеленсе, екінші және үшінші орындарға сәйкесінше Ш. Уәлиханов атындағы КМУ «Айғаным» клубынан Бөтакөз Абсадық және Көкшетау қаласы №18 ОМ «Қыз Жібек» қыздар клубының мүшесі Дана Қабдина тұрақтады.

«Білімді қыз»  «Гүлнұр Көпжүрсінова атанса (Ш. Уәлиханов атындағы КМУ «Айғаным» клубы), «Өнерлі қыз» болып Үміт Серікова (Көкшетау қаласы №17 ОМ «Мәншүк» клубы) танылды.

Ал көрермендер көзайымы сыйлығын бірауыздан Ж. Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі «Кербез» қыздар клубының тағы бір өкілі Дарина Жоямергенова иеленді.

Бөлісу: