Көкшетауда қазақ тілін меңгеруге бағытталған «Мәміле» жобасының авторымен кездесу өтті

26 Қараша 2019, 11:45 2345

Көкшетаудағы «Қоғамдык келісім» ғимаратында «Ситуативті қазақ тілі» кітабының авторы Қанат Тасибековпен кездесу өтті.

Кітап қазақ тілін ауыз-екі сөйлеуді меңгеруге бағытталған. Автордың «Мәміле» жобасын ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев ҚХА-ның XXVII сессиясында қолдап, «Ол ситуативті қазақ тілін ілгерілетуге бағытталған және біздің барлық азаматтарымыздың тез оқып-үйренуге және күнделікті пайдалана отырып, халқымызды жақындастыруға мүмкіндік береді», деп атап өткен болатын.


Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М. Тохаева өз сөзінде «Қоғамдық келісім» КММ жанынан түрлі этностардың 43 өкілі қатысатын ситуативті қазақ тілін оқыту курстары ашылғанын атап өтті. Сабақтар аптасына екі рет тәжірибелі оқытушының басшылығымен өтуде.


Кездесу барысында автор өзінің мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі қазақ халқының салт-дәстүрлері, менталитеті мен дүниетанымының негізінде жасалғанын атап өтті. Кездесу үлкен қызығушылық тудырып, тыңдаушылар автордан қазақ тілін қалай тез меңгеруге болатыны туралы сауалдарын қойды.

Кездесу соңында Қ. Тасибеков Достық үйіне өзінің «Ситуативті қазақ тілі» кітабының үш томын сыйға тарту етті.


Бөлісу: