Алматыдан Сеулге дейін, Ереваннан Ұлан-Баторға дейін: Jibek Joly мен Silk Way жаңа премьераларға, тікелей эфирлерге және тың жобаларға толы жаңа телемаусымды ұсынады. Жаңа маусым – бұл заманауи формат, шынайы пікірталас пен еліміздің түкпір - түкпіріндегі көрермен үшін бірегей мүмкіндік көзі, деп хабарлайды телеарнаға сілтеме жасап El.kz интернет порталы.
Айрықша назар аударарлық премьералардың бірі – алғашқы халықаралық музыкалық байқау «Silk Way Star».
Бұл шоуды қазірдің өзінде Еуразияның жаңа мәдени бренді деп атап жүр. Өйткені жеңіс үшін 12 елдің қатысушылары бақ сынайды. Қазақстан намысын Батырхан Мәліков, яғни көпшілікке Әлем деген атпен танымал өнерпаз қорғайды.
«Silk Way Star» байқауының қазылар алқасының мүшесі Хун Бин жеңіс жолындағы күрес өте қызу өтетінін атап өтті. Оың айтуынша, барлық қатысушы бірінші орынға әбден лайық.
Біз қазірдің өзінде бес эпизод түсіріп қойдық. Барлық конкурсанттар өте мықты. Кеше бізде дәстүрлі музыка кезеңі өтті, ол шынымен де керемет болды. Менің ойымша, келесі жылы бұл байқауды Қытайда CCTV арнасымен бірге өткіземіз. Болашақта оған Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан елдері, тіпті Африкадан да әртістер қосылуы мүмкін, – деді қазылар алқасының мүшесі.
Жаңа маусымның басты ерекшелігі – халықаралық ынтымақтастық. Jibek Joly шетелдік телекомпаниялармен серіктестікті нығайтып, жобаның көрсетілім аясын елден тыс кеңейтуде. Мәселен, «Silk Way Star» жобасының алғашқы эпизодының премьерасы телеарнаның өзінде ғана емес, байқауға қатысушы елдердің телеэфирлерінде де көрсетіледі. Премьера 20 қыркүйекте өтеді.
Басқа да премьералардың қатарында – реалити-шоулар, аналитикалық бағдарламалар, түрлі хикаялар бар. Сондай-ақ 20 жұмысшы мамандық иелеріне арналған экстремалды сынақтарды көрермендер «Ең мықты» жобасында тамашалайды. Бұдан бөлек, көрермендерді ерекше тағдырлы әйелдер туралы шынайы оқиғалар мен үлкен дипломатия әлемін баяндайтын «Life of a diplomate» бағдарламасы күтіп тұр.
Сонымен бірге тағы бір жағымды жаңалық бар: Jibek Joly радиосының тұсаукесері өтті. Радио басшысы Наталья Буренкованың айтуынша, тыңдармандарды көптеген жаңа жобалар мен, әрине, мол музыкалық контент күтіп тұр.