26.02.2026
16:49
302
Jennifer Lopez-ке туынды жасаған алматылық суретші әлемнің 50 креаторының қатарына енді

Jennifer Lopez-ке туынды жасаған алматылық суретші әлемнің 50 креаторының қатарына енді

Алматылық суретші Assolya, шын есімі Асель Сабыржанқызы, TikTok ұсынатын The Discover List 2026 жаһандық тізіміне енді. Бұл – digital-мәдениеттің болашағын айқындайтын, әлемнің ең ықпалды 50 креаторы іріктелетін беделді жоба. Биыл Assolya Innovators санатында ұсынылып, ұлттық кодқа негізделген заманауи өнері арқылы халықаралық деңгейде мойындалған Қазақстаннан шыққан бірегей автор атанды.

The Discover List – жай ғана рейтинг емес. Бұл тізімге енген креаторлар жаһандық мәдени трендтерді қалыптастырып, әлеуметтік желідегі аудиториямен жаңа тілде сөйлей алатын шығармашылық тұлғалар ретінде бағаланады. Assolya-ның бұл қатардан көрінуі – қазақ өнерінің цифрлық дәуірдегі жаңа тынысын көрсетеді.

Carpet Art: дәстүр мен заманауилықтың тоғысы

Assolya авторлық Carpet Art техникасында жұмыс істейді. Ол дәстүрлі қазақ кілемдерін заманауи арт-объектілерге айналдырып, оларды миллиондаған көрерменге ұсынады. Кілем – қазақ мәдениетінде тұрмыстық бұйым ғана емес, тұтас тарих пен символиканың көрінісі. Суретші осы кодты сақтай отырып, оған жаңа мазмұн, жаңа бейне, жаңа аудитория қосты.

@assolyaa

Ұлы дала кейіпкерлері мен әлемдік жұлдыздардың бейнелері кілем бетінде қайта тіріліп, заманауи визуалды тілде сөйлейді. Оның жұмыстары шетелдік аудитория мен медианың назарын аударып, Қазақстанды өзекті әрі визуалды қуатты өнердің көзі ретінде танытып келеді.

Әлемдік жұлдыздарға жол тартқан қазақы туындылар

Assolya-ның шығармашылығы әлеуметтік желідегі миллиондаған қаралыммен ғана өлшенбейді. Оның Carpet Art техникасында жасалған туындылары шекара асып, әлемдік деңгейдегі тұлғаларға арнайы сый ретінде табысталып келеді. Бұл – қазақы оюдың, ұлттық бояудың Голливуд пен жаһандық шоу-бизнес кеңістігіне батыл енуінің көрінісі.

Мәселен, америкалық поп-мәдениеттің символына айналған Jennifer Lopez бейнесі кілем бетінде ерекше интерпретацияланды. Жарқын сахналық образымен танылған жұлдыздың портреті дәстүрлі қазақ өрнектерімен көмкеріліп, шығыс пен батыс эстетикасын бір композицияға тоғыстырды. Бұл жұмыс әлеуметтік желіде кең таралып, қазақстандық суретшінің есімін халықаралық аудиторияға жақындата түсті.

@assolyaa

Сол сияқты әлемге әйгілі актер, каскадер Jackie Chan-ға арналған туынды да ерекше назар аудартты. Экшн жанрының жұлдызы бейнесін ұлттық кілемге түсіру – батыл әрі символикалық қадам. Мұнда динамика мен дәстүр бір арнада тоғысып, қазақ қолөнерінің мүмкіндігі жаңа қырынан ашылды.

@assolyaa

Қазақстанның атын әлем сахналарында асқақтатып жүрген Димаш Құдайберген портреті – Assolya жұмыстарының ішіндегі ең эмоционалды жобалардың бірі. Бұл туынды отандық аудиторияда да, шетелдік жанкүйерлер арасында да үлкен қолдау тапты.

Спорт әлеміндегі жарқын есімдердің бірі, жақында ғана Миланда өткен Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль иеленген Михаил Шайдоровқа арналған жұмыс – қозғалыс пен пластиканы кілем фактурасында беруімен ерекшеленеді. Мұз үстіндегі жеңілдік пен ұлттық өрнектің күрделі композициясы бір туындыда үндесіп, спорттық жетістік пен мәдени тамырды қатар көрсетеді.

@assolyaa

Ал қазақ руханиятының темірқазығы Абай Құнанбаев бейнесін заманауи форматта ұсыну Assolya шығармашылығының философиялық бағытын айқындайды. Бұл жерде суретші тек портрет жасамайды, ол өткен мен бүгінді жалғайтын визуалды диалог құрғандай. Абай бейнесі арқылы ұлттық сана, сөз құдіреті, тарихи жад жаңаша пластикада сөйлейді.

Assolya үшін бұл туындылар жай ғана тапсырыс немесе сыйлық емес. Әр жұмыс – мәдени дипломатияның бір түрі. Қазақ кілемі – ұлттық кодтың тасымалдаушысы ретінде әлемдік жұлдыздардың кеңістігіне еніп, Қазақстанды заманауи әрі креативті ел ретінде таныстырады. Осылайша, алматылық суретшінің еңбектері жеке бренд шеңберінен шығып, жаһандық мәдени диалогтың бір бөлігіне айналып отыр. 

«Ұлттық код – менің басты шабыт көзім»

Суретшінің айтуынша, оның басты мақсаты – қазақ мәдениетін заманауи аудиторияға жаңа форматта ұсыну.

Мен үшін кілем – тек ою-өрнек емес, ол – тарих, тамыр, жад. Сол жадты жоғалтпай, бүгінгі тілмен сөйлетуге тырысамын. Егер менің жұмыстарым арқылы шетелдік көрермен Қазақстанды танып жатса, бұл – мен үшін ең үлкен жетістік, – дейді Assolya.

@assolyaa