Израильдің жаяу әскері Газа секторына басып кірді

31 Қазан 2023, 12:29 1277

Израильдің жаяу әскері Газа секторына басып кірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ЦАХАЛ (Израильдің қорғаныс армиясы, – ред.) жаяу әскерінің Газа секторына басып кіргенін айтты. Әуелі Израиль танктері Газаның айналасына кірген. Сөйтіп, олар маңызды позицияларға бекінген. Енді әскер анклавтың бас қаласы – Газаны екі жақтан қоршап, ХАМАС ұйымының әскерімен ашық соғысып жатыр.

Израиль соғыстың үшінші кезеңін бастады. Қазір екі жақтан да қаза тапқан адам көп. Біздің әскер Газаны екі жақтан шабуылдады. Анклавтың солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын жол жабық.

ХАМАС пулемет пен танкке қарсы снарядтармен атқылап жатыр. Израиль қалаларына да зымыран түскен. Бірақ біз соғысты соңына дейін жеткіземіз. Егер гуманитарлық көмек ХАМАС-қа жеткізілетін болса, шекараны мүлдем жауып тастаймыз. Ал жанар-жағармай туралы әңгіме мүлдем болмайды. Бензин Газа секторына бармайды, – деді ол.

Халық үнінің хабарлауынша, ол ХАМАС-пен соғыста жеңіске жететінін, ол жеңіс болмайынша тоқтамайтынын ескертті.

Түркия БАҚ-тарының хабарлауынша, ХАМАС өткен түнде Израильдің Merkava IV атты 27 танкісінің көзін жойып жіберген. Ал Ливандағы «Хезболла» ұйымы басқыншылардың 15 танкісін жойған. Осы оқиғадан кейін Ливан премьер-министрі Микати ақталып, танкілерді жойған «Хезболла» ұйымы екенін, Ливан елі Израиль мен ХАМАС-тың соғысына араласқысы келмейтінін мәлімдеді. Ал ХАМАС лидерлерінің бірі Әбу Мазрук болса, ол керісінше, Израильмен соғыста «Хезболла» ұйымынан көп көмек күтетінін жасырмады. Ол сондай-ақ, «Хезболланы» батыл әрекет жасауға шақырды. Египетке де екі сөйлемей, өз ұстанымында қалуды айтты.

БҰҰ-ның мәліметіне қарағанда, Газа секторына гуманитарлық көмек артқан 33 жүк көлігі келген. Олар ХАМАС тобы басқаратын Палестина жеріне азық-түлік, су, дәрі-дәрмек апарды.

21 қазаннан бері Газа секторының Египетпен шекарасындағы Рафах шекара пунктінен барлығы 117 жүк көлігі өткен. БҰҰ мұны өте аз деп санайды.

Еске салсақ, 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасаған соң, Израиль билігі Газа секторына блокада қойып, электр қуатын, азық-түлік пен су жеткізуге тыйым салған.

Өткен тәулікте Газадағы ХАМАС-тың нысандарына 450-ден астам әуеден соққы жасалған. Оған қоса, Газа аймағына  қосымша жүздеген солдат пен ондаған әскери техника жіберілген.

Равиль Ашығали
Бөлісу: