Израильде «Бүліктер күні» деп жарияланған наразылық акциялары өтті. Мыңдаған адам Тель-Авив пен өзге қалаларда жолдарды жауып, Газадағы соғысты тоқтатуды және әлі де тұтқында отырған 49 израильдік азаматты қайтаруды талап етті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Тұтқындардың отбасылары премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды ХАМАС-ты жоюды тұтқындарды құтқарудан жоғары қоюда деп айыптап отыр.
Үкімет 690 күн бойы айқын мақсаты жоқ соғыс жүргізіп келеді. Тұтқындар қалай қайтарылады? Газаға кім билік жүргізеді?, – дейді тұтқындардың бірі Матан Зангаукердің анасы.
Наразылар АҚШ президенті Дональд Трамптан да арағайындық жасап, бітімге қол жеткізуге көмектесуін сұрады. Бұған дейін Трамп қақтығыстың «екі-үш аптада шешімін табатынын» мәлімдеген болатын.
ВВС-дің хабарлауынша, қауіпсіздік кабинеті отырысында тұтқындарды босату мен уақытша бітім мәселелері талқылануы мүмкін. Дегенмен, ел билігі Газа қаласына жаңа әскери операцияға дайындалып жатыр.
Сол күні Израильдің әуе соққысы Хан-Юнистегі Насер ауруханасына түсіп, кемінде 20 адам қаза тапты. Марқұмдар арасында Reuters, Associated Press, Al Jazeera журналистері де бар. ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі соңғы тәулікте 75 адам көз жұмғанын хабарлады.
Қазан 2023 жылдан бері Газа секторында қаза тапқандардың жалпы саны 62 мыңнан асты деп көрсетілуде, алайда бұл деректерді тәуелсіз көздер әлі растамаған.