Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Эли Коэнмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне жасап.
Сұхбат барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың үдемелі сипатын атап өтті. Израиль Сыртқы істер министрі Таяу Шығыстағы Израиль мен палестиналық ХАМАС қозғалысы арасындағы қақтығыс аясындағы қазіргі жағдаймен таныстырды.
М.Нұртілеу қақтығыстың шиеленісуіне және әскери іс-қимыл аймағындағы жағдайдың өршуіне алаңдаушылық білдірді. ҚР СІМ басшысы қазіргі қақтығысқа қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Қазақстан министрі қақтығысушы тараптарды Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықтың жолдарын іздеуге шақырды. Бұл мәселенің бүкіл әлем қауымдастығы үшін жаһандық маңызы бар екеніне назар аударды.
Осы тұрғыда қазақстандық дипломат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМД Саммитіндегі мәлімдемесін атап өтіп, жағдайдың шиеленісуі тек Таяу Шығыста ғана емес, жалпы әлемде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін баса айтты. Осыған байланысты Қазақстан Израиль-Палестина шиеленісін бейбіт келіссөздер мен дипломатиялық диалог арқылы шешуге бейілді.
М. Нұртілеу израильдік әріптесіне Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдемдесу туралы сенімді өтініш білдіріп, бұл міндеттің еліміз үшін бірінші кезектегі басымдық екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Э. Коэнді қазақстандықтардың Отанымызға тезірек оралуы бойынша Мысыр билігімен жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы хабардар етті.
Министр Э. Коэн берілген ақпарат үшін әріптесіне алғыс айтып, Израиль тарапы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынына және бұл мәселені өзінің жеке бақылауға алатындығын жеткізді.