Жексенбі күні Израиль әскері Газаның орталық бөлігіндегі, осыған дейін әскери қақтығыстар болмаған аудандардың тұрғындарына эвакуациялауға үндеу жолдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы ВВС-ге сілтеме жасап.
Осы уақытта жергілікті медицина қызметкерлері 50-ден астам адамның көмекті күтіп жатып, асқынған ашаршылық жағдайында қаза тапқанын хабарлады. Эвакуация туралы бұйрық ЦАХАЛ-дың Дейр-эль-Балаха аудандарына шабуыл жасауға дайындалып жатқанын білдіруі мүмкін. Бұл Израиль тұтқындарының туыстары арасында алаңдаушылық тудырды, өйткені олар өз туыстары дәл осы аудандарда ұсталып отырған болуы мүмкін деп қауіптенеді және әскери операция кезінде зардап шегуі ықтимал.
Тұтқындардың туыстары Израиль билігіне үндеу жасап, «Израиль азаматтары мен тұтқындардың отбасыларына әскери қимыл жоспары қандай екенін және ол Газада әлі де ұсталудағы тұтқындарды қалай қорғайтынын дереу түсіндіруді» талап етті.
Израиль әскері Дейр-эль-Баланың оңтүстік-батысындағы бірнеше аудан тұрғындарына өз үйлерін тастап, әрі қарай оңтүстікке көшуге бұйрық берілген үнпарақтарды әуеден тастаған. Бұл аудандарда Газаның жүздеген мың жер ауыстырылған тұрғындары уақытша паналап отыр.
Израиль әскерінің баспасөз хатшысы Авихай Адраи X әлеуметтік желісінде жариялаған хабарламасында Израильдің Дейр-эль-Балаха маңындағы, бұған дейін операция жүргізілмеген аудандарды қоса алғанда, «өз әрекеттерін кеңейтіп жатқанын» жазды. Ол палестиналықтарды Жерорта теңізінің жағалауындағы әл-Маваси ауданына қауіпсіздік үшін көшіп баруға шақырды.