Жапония мен Австрияның зерттеушілері иттердің адамдардың сенімділігі мен жомарттығын тануға қаншалықты қабілетті екенін анықтау үшін тәжірибе жүргізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ғылыми жұмыс Animal Cognition журналында жарияланған.
Эксперимент қалай өтті?
Тәжірибеге зерттеушілер 40 үй итін қатыстырған. Мақсат – иттер адамдардың өзара әрекеттесуіне қарап, олардың мінез-құлқы туралы қорытынды жасай ала ма, соны білу. Тәжірибе барысында бір адам басқа итке дәмді ас ұсынса, екіншісі — ұсынбаған.
Нәтижесінде иттер жомарт адамды басқасынан артық көрмеген. Бұл үрдіс иттер сол адамдармен тікелей қарым-қатынаста болған кезде де байқалды.
Біз иттер өз бастарынан өткерген тәжірибеден кейін болса да, белгілі бір артықшылық танытады деп үміттендік. Алайда, бұл болмады, — деді зерттеудің жетекші авторы, Киото университетінің маманы Хой-Лам Джим.
Бұрынғы зерттеулер мен болашақ жоспарлар
Бұған дейін Австриядағы Қасқырларды зерттеу орталығында жүргізілген ұқсас зерттеулер де иттер мен қасқырлардың басқа жануарларға немесе адамдарға қарап «репутация» қалыптастыру қабілеті жоқ екенін көрсеткен болатын.
Ғалымдар иттердің өмірлік тәжірибесіне қарай (үй иттері, қызметтік иттер, үйсіз, немесе терапиялық иттер) түрлі мінез-құлық үлгілерін көрсете алатынын айтады.
Иттер өте сезімтал болуы мүмкін, бірақ олардың басқа адамдармен қарым-қатынасына қарап, белгілі бір пікір қалыптастыра ма — ол жағы әзірге нақты емес, — дейді Джим.