Қазіргі таңда әлемдік еңбек нарығы IT және цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына бет бұрды. Жастардың дені «жұмысшы мамандықтар» саналатын дәстүрлі кәсіптерді ескі деп қабылдайды. Алайда, Қазақстандағы және жаһандық статистика көрсеткендей, жастар арасында механик, шебер, электротехник, құрылысшы сияқты мамандыққа сұраныс артқан.
IT дәуіріндегі жұмысшы мамандықтардың жаңа мүмкіндіктері
Бүгінде елімізде шамамен 2 млн-нан аса жұмысшы маман бар. Былтыр жұмысшы мамандықтар тізімі жаңарды. Яғни, бұл қатарға IT техник, 3D модельдеуші, монтаж маманы, видеооператор, дрон таспагері, жарық қоюшы, курьер, эко-маман, лаборант, флорист-дизайнер сынды жаңа заманауи мамандықтар енді. Бұл жаңашылдық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін аса қажет.
Бұрын жұмысшы мамандықтары «қара еңбек» деп қабылданған болса, бүгінде жағдай өзгерді. Жаңа кәсіптік стандарттар мен технологиялық жаңалықтар бұл мамандықтарды жоғары сапалы, креативті еңбекке айналдырды.
IT технологиялары мен цифрлық құралдар жұмысшы мамандықтарын жаңаша сипатқа ие етті. Цифрлық құрылғыларды басқару, автоматтандыру және смарт-жабдықтармен жұмыс істеу қазіргі еңбек нарығында маңызды дағды болып отыр.
Мысалы:
Яғни, жұмысшы мамандықтары IT дәуірінде тек қол еңбегі емес, саналы ой еңбегін де талап етеді.
Сондай-ақ мемлекеттік және жеке сектордағы еңбек нарығында жұмысшы мамандығына сұраныс артып, жоғары жалақысы жастардың назарын аудартып отыр.
Көптеген жұмысшы мамандықта жалақы IT-дан кем емес. Мысалы, электриктің орташа жалақысы жылына 60-100 мың доллар, ал Қазақстанда құрылыс саласындағы мамандар 300-500 мың теңге алады.
IT саласы жылдам дамиды, бірақ ол бір мезетте күрделі және бәсеке жоғары. Жұмысшы мамандықтарында тұрақтылық жоғары: электротехник, сантехник, құрылысшы немесе слесарь мамандығына әрқашан сұраныс бар. Бұл фактор жастар үшін қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Қазақстанның еңбек нарығы деректері бойынша, кәсіби шеберлер мен операторларға сұраныс алдағы 5 жылда артып, орташа жалақының деңгейі IT мамандықтарымен теңестірілуі мүмкін.
IT дәуірінің қиындықтары
IT мамандықтарымен салыстырғанда, жұмысшы мамандықтарына келетін жастарға көп жағдайда оқу мен тәжірибеден өту жеңілірек. Кей жастар үшін теориялық білім көп қажет ететін цифрлық технология салалары тым күрделі немесе ұзақ оқуды талап етеді. Ал жұмысшы мамандықтарында нақты тәжірибе арқылы тез жұмысқа кіруге болады.
Мысалы, шеберлік курстарын бітірген жас маман бір-екі ай ішінде толыққанды еңбекке араласа алады. Бұл әсіресе экономикалық тұрақсыздық кезеңінде маңызды фактор.
IT саласы – қазіргі заманның символы. Смартфондар, жасанды интеллект, big data және cloud computing сияқты технологиялар әлемді өзгертті. Көптеген жастар мектепте «код жазуды үйрен» деген кеңесті естіп өсті. Алайда бұл саладағы жұмыс оңай емес. IT мамандарының жұмыс күні ұзақ. Мамандардың айтуныша, оларда күйзеліс жоғары, шаршау синдромы жиі кездеседі. Жоғары білім алу үшін қомақты қаражат керек. АҚШ-та университет оқуы 200 мың доллардан асуы мүмкін, ал Қазақстанда да жоғары оқу орындарының төлемі жыл сайын өсіп жатыр.
Еңбек – өмірдің мәні. Жастардың еңбекке деген құрметі, тәжірибе жинау және шеберлікті дамыту арқылы қоғамның тұрақты дамуына үлес қосатыны сөзсіз.