07.03.2026
12:08
179
IT-Aiel бағдарламасының жаңа маусымы басталады

IT-Aiel бағдарламасының жаңа маусымы басталады

Қазақстанда әйелдерді цифрлық дағдыларға үйретуге және заманауи IT-мамандықтармен таныстыруға бағытталған IT-Aiel білім беру бағдарламасының жаңа маусымы басталатыны жарияланды, деп жазады El.kz.

Бастама TechnoWomen коммерциялық емес ұйымы тарапынан жүзеге асырылып келеді және төртінші жыл қатарынан жұмыс істеп отыр.

Жоба жаңа цифрлық дағдыларды меңгергісі келетін, кәсіби бағытын өзгерткісі келетін немесе жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуді көздейтін әйелдер мен жастарға арналған.

Қатысу үшін арнайы білім немесе ақпараттық технологиялар саласында жұмыс тәжірибесі талап етілмейді. Жоба туралы TechnoWomen КЕҰ басқарма төрайымы Азиза Шүжеева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

Бағдарлама іске қосылғалы бері 21 мыңнан астам қатысушы білім алған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, олардың 1500-ден астамы жасанды интеллект пен цифрлық сервистерге байланысты салаларда жұмыс тауып, мансап бастауға мүмкіндік алған.

2026 жылы бағдарламаның құрылымы жаңартылып, оқу бірнеше тақырыптық блокқа бөлінді. Олар негізгі біліммен қатар заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын қамтиды.

Бірінші блок – қаржылық сауаттылық

Бұл бөлім өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін қаржылық қызмет жүргізу мәселелеріне арналған. Қатысушыларға жаңа Салық кодексінің нормаларын ескере отырып, салық есебін жүргізу ерекшеліктері түсіндіріледі.

Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын пайдаланып, жеке дағдыларды монетизациялау мүмкіндіктері туралы айтылады. Курс шағын жобаларды дамытуды немесе жеке жұмыс істеуді жоспарлағандарға бағытталған.

Екінші блок – жасанды интеллект және цифрлық құралдармен жұмыс дағдылары

Жаңартылған бағдарламада жаңа оқу бағыттары пайда болды. Олардың қатарында vibe-coding және AI-видеокреатор бар.

Сабақ барысында тыңдаушылар жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып сайттар, мобильді қосымшалар және бейне контент жасауға мүмкіндік беретін заманауи платформалар мен құралдармен танысады.

Үшінші блок – киберқауіпсіздік және деректерді қорғау

Курстың жеке бір бөлігі цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған. Қатысушыларға онлайн-бизнес бастау қағидалары түсіндіріліп, интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы айтылады.

Сондай-ақ желіде жұмыс істеу кезінде жеке және коммерциялық деректерді қорғауға ерекше назар аударылады.

Оқу аралас форматта өтеді. Онлайн вебинарлар мен воркшоптар аптасына екі рет өткізіледі, ал елдің бірқатар өңірінде офлайн іс-шаралар ұйымдастырылады. 2026 жылы көшпелі шеберлік сабақтары Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Қызылорда қалаларында жоспарланған.

Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар сертификат алып, технологиялық салада немесе фриланс алаңдарында жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен таныса алады.