Қазақстан Елшісі Данат Мұсаев Испания депутаттары конгресінің Сыртқы істер комитетінің төрағасы Пау Мари Клоземен кездесті, деп хабарлайды El.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Тараптар екіжақты парламентаралық байланыстардың өзекті мәселелерін, парламентаризмді дамытудағы испан тәжірибесін, сондай-ақ 2023 жылдың 19 наурызында болатын ҚР Парламенті Мәжілісіне кезектен тыс сайлауын талқылады.*
Данат Мұсаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ауқымды саяси реформалардың жүзеге асырылуы барысына егжей-тегжейлі тоқталды. Сонымен қатар елдегі парламентаризм институтының сапалы жаңғыртылуын ерекше атап өтті.
Өз кезегінде П. Мари Клозе Қазақстан Президенті жариялаған реформалардың көрнекілігі мен іс жүзінде асырылуын атап өтіп, бұл үрдіс Испания парламентшілері тарапынан жоғары бағаға ие екенін жеткізді.
Сұхбаттастар Қазақстандағы алдағы парламент сайлауының қорытындылары бойынша пікір алмасуды және Испания депутаттары конгресінің Сыртқы істер комитеті мен Қазақстан Парламенті төменгі палатасының жаңа шақырылымының өкілдері арасында байланыс орнатуға келісті.