Испанияда ең жоғары қауіп деңгейі енгізілді

Испанияда ең жоғары қауіп деңгейі енгізілді

Испанияның танымал демалыс аймақтарының бірі Майорка аралында алдағы күндері қыс мезгіліндегі ең қуатты дауыл соғуы мүмкін. BILD дерегінше, аралдың шығыс бөлігінде толқындардың биіктігі 10-12 метрге дейін көтеріліп, желдің екпіні сағатына 90 км-ге жетуі ықтимал, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Метеорологтар жел қарқынының 8-9 баллға дейін күшейетінін хабарлап, бұл толыққанды дауылдың белгісі екенін атап өтті. Сол себепті өңірде ең жоғары қауіп деңгейі енгізілді.

Қыс айларында Балеар аралдарына Еуропаның салқын әрі жаңбырлы ауа райынан қашып келетін туристер көп болса да, қазіргі жағдай олар үшін қауіп төндіруі мүмкін. Испанияның AEMET метеоқызметі билікке жағалау маңындағы серуендерді уақытша тоқтатуды ұсынды.

Синоптиктер тұрғындар мен туристерді абай болуға, ауа райы туралы ақпаратты жиі тексеруге шақырды. Қауіп төнген аймақтарда жарақат алу қаупі мен материалдық шығын болуы мүмкін екені ескертілді.

Соған қарамастан, мамандар алдағы демалыс күндері Майоркада ауа райы біртіндеп жақсарады деп болжауда: күн ашылып, өткінші жаңбыр жауып, температура 14-19°C шамасында болады.