02.10.2025
07:34
462
Испанияда бай және кедей отбасылардың табысы жария болды

Испанияда бай және кедей отбасылардың табысы жария болды

Испаниядағы ең бай және ең кедей муниципалитеттердің рейтингі белгілі болды. Бұл тізім Испания Қаржы агенттігінің 2023 жылға арналған жеке табыс салығы бойынша статистикасына негізделген, деп жазады El.kz интернет порталы. 

1 қазанда жарияланған деректерге сәйкес, елдегі ең жоғары табыс деңгейі Мадрид маңындағы Позуэло-де-Аларкон қаласында тіркелді. Мұнда орташа жылдық табыс 88 011 еуро. Одан кейін Боадилья-дель-Монте (70 869 еуро) және Барселона аймағындағы Сан-Хуст-Десверн (67 265 еуро) орналасқан. Ал халықтың орташа өмір сүру деңгейін көрсететін медианалық табыс бойынша бірінші орында Боадилья-дель-Монте тұр – 45 287 еуро.

Өткен жылмен салыстырғанда кейбір өзгерістер орын алды. Мысалы, 2022 жылы екінші орында болған Балеар аралдарындағы Вальдемоса муниципалитеті бір жылда 39-орынға түсіп қалды. Сондай-ақ Барселона аймағындағы Алейя қалаcы табысы өсуінің арқасында ел бойынша алтыншы орынға көтерілді.

Аймақтық көрсеткіштер бойынша әр автономды қауымдастықта ең бай елді мекендер анықталды. Мәселен, Андалусияда – Бенахавис (43 159 еуро), Галисияда – Олейрос (47 098 еуро), Канар аралдарында – Санта-Бригидa (53 007 еуро).

Ал Испаниядағы ең төмен табыс деңгейі Бенамаргоса (Малага) қаласында тіркелді – жылдық орташа табыс небәрі 13 831 еуро. Одан кейінгі орындарда негізінен Андалусиядағы шағын ауылдар тұр.

Жалпы ел бойынша 2023 жылы орташа табыс 31 333 еуроны құрады, бұл алдыңғы жылға қарағанда 3%-ға артық.