Испания королі Филипп III-нің тапсырысы бойынша 1609 жылы алғаш рет соғылған 100 эскудо номиналды алтын монета 2,8 млн швейцар франкына (3,5 млн доллар) сатылып, Еуропадағы аукциондарда бұрын-соңды өткізілген ең қымбат монета атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Салмағы 339 грамм болатын бұл жәдігер XVII ғасырда Испания тәжінің соққан ең ірі алтын монетасы болды. Ол күнделікті қолданысқа арналмаған, испан корольдігінің қуаты мен байлығын көрсету мақсатында жасалған ерекше нысан ретінде сипатталады.
Монета Сеговия қаласында Американың жаулап алынған аймақтарынан жеткізілген алтыннан соғылған. Оның бетінде сол кезеңде Габсбургтер әулетінің билігі астында болған Кастилия мен Леон, Арагон, Португалия, Австрия, Бургундия, Брабант және басқа да өңірлердің елтаңбалары бейнеленген. Филипп III тапсырысымен осы номиналдағы тағы бірнеше монета 1614-1620 жылдар аралығында шығарылған.