Ішкі нарықтың қазақстандық жеміс-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етілуі 80% асады

4 Шілде 2023, 23:37 1375

Соңғы 3 жылда Қазақстанда көкөніс дақылдарының егіс алқабы 10,5 мың гектарға ұлғайды. Биыл 173,5 мың га егілді, картоп алқабы 197,6 мың га құрады. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Жаңа агротехнологияларды іріктеу мен қолданудың заманауи әдістерінің арқасында көкөніс дақылдарының орташа өнімділігі артты. Мәселен, 2019 жылы ол 260,5 ц/га құраса, ал 2022 жылы 271,4 ц/га жетті.

Негізгі азық-түлік тауарларын өндіру, экспорттау, импорттау және тұтыну мониторингі ішкі нарықтың жергілікті өндіріс есебінен жеміс-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етілуі 80%-дан асады, ал импорттың үлесі 7-16%-дан аспайтынын көрсетіп отыр.  Атап айтқанда, ішкі тұтыну отандық картоппен 104%, қияр – 99%, қызанақ – 106%, пияз – 93%, бұрыш – 92%, қызылша – 88%, қырыққабат 86% қамтылып отыр.

Сонымен қатар, маусымаралық кезеңде өніммен қамтамасыз етуде мәселе бар. Көкөністерінің тапшылығын өз өнімдерімізбен толтыру үшін жыл сайын ерте пісетін дақылдардың ауданы ұлғайып келеді. Мысалы, биылғы жылы ерте көкөніс егу аумағы 27 мың гектарды құрады.

Сондай-ақ, жылыжай көкөністерін жеткілікті көлемде өндіру мәселені шешуге ықпал етеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың ауданы 1,2 мың га құрады, ал жылыжайлардан 177,5 мың тонна қызанақ пен қияр жиналды.

Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында соңғы 3 жылда өнеркәсіптік жылыжайлардың ауданы 31,7 гектарға ұлғайып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 218,9 гектарды құрады. Инвестициялық субсидиялар шеңберінде жылыжай кешендерін салу және кеңейту кезінде шығындардың 25% өтеу көзделген, нормативтерді 30% - ға дейін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте суару жүйелерін құру және кеңейту кезінде субсидиялардың 50% сақталатын болады.

Сонымен қатар, қазақстандық жылыжайлар тыңайтқыштар, пестицидтер, биоагенттер және биопрепараттардың құнын субсидиялайды, оларға суармалы суға, сондай-ақ тұқым сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігі өтеледі. 

Жылыжай құрылысы «Агробизнес» әмбебап бағдарламасы шеңберінде несиеленеді, бұл ретте мөлшерлеме субсидиялау есебінен 6% дейін төмендейді. 2020 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша жалпы ауданы 51 га  болатын, 16,7 млрд теңге сомасына 14 жылыжай құрылысы қаржыландырылды.

АШМ жабық топырақ көкөністерін өндірудің рентабельділігін арттыру өндіріс кезінде өзіндік құнын төмендету есебінен ғана мүмкін болатындығын ескере отырып, жылыжай шаруашылықтарын субсидиялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, маусымаралық кезеңде электр энергиясы мен газға арналған шығыстарды субсидиялауды енгізу жоспарланып отыр. Дегенмен, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ барлық агротехнологиялар сақталатын жылыжайларды қолдау үшін өндіріс технологияларына сәйкестік сертификаты мемлекеттік қолдау алудың міндетті талабына айналады.

 Сондай-ақ, көкөністер мен жемістерді сақтау бойынша қажетті инфрақұрылым құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жеміс-көкөніс өнімдерін сақтаудың жаңа қуаттарын салуға нақты қажеттілік 689,8 мың тоннаны құрайды. 

Қазіргі уақытта қолданылатын технологияларға байланысты көкөніс қоймаларын салуға арналған шығындарды өтеу нормативін 25%-дан 40-50% - ға дейін жеткізу бөлігінде инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізіліп жатыр. Сондай-ақ, СҚО тәжірибесін тарату шеңберінде сақтау нысандарының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыру мәселесі пысықталу үстінде.

Өркениетті ашық нарықтық экономика жағдайында, сондай-ақ Қазақстанның әртүрлі халықаралық ұйымдарға қатысуы жағдайында импортқа тыйым салуды енгізу - төтенше шара, оны негіздеу қиын болады. Сонымен қатар, жеміс-көкөніс өнімдерін импорттауға шектеулер ішкі нарықта бағаның өсуіне, сондай-ақ көкөністер мен жемістердің тапшылығына әкелуі мүмкін.

Алайда, отандық шаруашылықтар Өзбекстан мен Түрікменстан өндірушілерінің демпингін бастан кешіп жатқанын мойындауымыз керек. Бұл елдердегі өндіріс құны климаттық жағдайларға, жұмыс күшінің арзандығына, электр энергиясына, газға, сондай-ақ жабдықтар мен өндіріс құралдарын импорттау кезінде салықтар мен баждардың болмауына байланысты әлдеқайда төмен.

Сондықтан мемлекет қазақстандық фермерлерді қолдау үшін барлық күш-жігерін жұмсайды, субсидиялау бағыттарын кеңейтіп, салаға жеңілдікпен несие береді. Соның арқасында көкөністер мен жемістер өндіру саласы тұрақты өсуді көрсетіп келеді.

Берік Арманов
Бөлісу: