Ішкі істер министрлігінде ерлікке тағзым күні

12 Қараша 2022, 21:00 1795

Ер есімі – ел есінде

12 қараша – Ішкі істер министрлігінде ерлікпен қаза болған әріптестерін еске алды, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Oсыдан 11 жыл бұрын дәл осы күні «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасов қарулы қылмыскердің жолын бөгеп, қызмет бабында қаза тапты. Сондықтан бұл дата Қазақстан полициясының тарихында батырлық пен ерлік күні болып қалыптасты. Жыл сайын еске алу шаралары мен ерлік сағаттары ұйымдастырылады. Биыл да ұмыт болған жоқ.

Ер есімі – ел есінде. Отанына, қызметіне деген адалдықтың үлгісін көрсетіп, жанкештілікпен қаза тапқан әріптестерін еске алу үшін Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінің жас мамандары келді. Министрлік музейінде арнайы ақпарат бұрышы жасақталған. Онда қоғам тыныштығы үшін қылмыспен күресіп қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің суреті ілініп, жиналғандарға олардың әрқайсысы туралы ақпарат берілді.

Тәуелсіздік жылдары жұмыс барысында 800-ден аса ішкі істер органдарының қызметкері қаза тапты. Ел тағдырын өз тағдырынан бөліп қарамаған, қиын сәтте халық үшін басын қатерге тіккен полиция қызметкерлері әріптестерінің ғана емес, бүкіл қоғамның жадында қалды. Бейбіт күннің батырларына деген құрмет ешқашан ұмытылмайды.

EL.KZ
Бөлісу: