Ішімдік ішкен. Ақтөбеде оқушыны ұрып өлтірген студент сотталды

27 Маусым 2023, 16:11 955

Ақтөбенің Шалқар ауданы Бегімбет ауылында студент пен оқушылар ішімдік ішіп, кейін сотталушы Е.Достанов жәбірленуші Тыныштықбаевты кеуде тұсынан бір рет теуіп құлатқан. Абайсызда болған өлімнен соң іс қозғалып, бүгін сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға былтыр желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданында болды. Сол кезде Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері Жангелді Былқайыр оқиға болған күні 9-сынып оқушысын алдымен мейірбикенің үйіне апарғанын, баланың тыныс алмай жатқанын білген мейірбике үй жанында тұратын дәрігерге хабар бергенін айтты.

Бүгін Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен сотталушы Е.Достановқа үкім шықты. Іс Ақтөбе облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Сот материалына сүйенсек, 2006 жылы туған сотталушы Ақтөбе қаласындағы колледждердің бірінде білім алады. Ол былтыр желтоқсан айында Бегімбет ауылындағы 9, 10, 11 сынып оқушыларымен бірге өзара әңгімелесіп отырып, үй сыртындағы аулада ішімдік жасырғанын, оны ішуге ұсыныс жасайды. Олар арақты алып, 6 бала ішімдік ішеді. Тіпті сол отырыста сотталушының інісі де болады.

Кәмелетке толмаған Достанов туған інісі өзімен бірге арақ ішіп тұрғанына ашуланып, «неге арақ ішесің» деп бірнеше рет ұрып-соққан. Сол кезде «қақпаны апарып, орналастырыңдар» деген тапсырмасы орындалмағаны есіне түсті. Жанына келген өзінен кіші балаларға сапқа тұруды бұйырған. Бірнеше бала өздеріне айтылған сөзді естіп, Достановтың жасы үлкен екенін ескеріп, сапқа тұрған. Осы кезде Достанов сапта тұрған әрқайсысын ұрып, соққы жасаған. Жанында тұрған өзге бала да жұдырығымен ұрған. Содан соң Достанов қайтадан ұрып, тепкен. Ал Жалмұратовтың қасына келген кезде оң аяғымен бір рет тебеді. Қатты соққы жасаған. Сөйтіп Достанов жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа абайсызда зиян келтірген,- деді судья Мираш Жүгінісова.

Сотталушы Е.Достанов Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа мекеме өтейді. Сотта азаматтық талап арыз да ішінара қанағаттандырылды.

Сотталған Достановтың заңды өкілдерінен ынтымақтастық тәртіпте жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 10 млн теңге, материалдық залал ретінде 1,6 млн теңге өндіріледі. Бірақ бұл үкіммен жәбірленуші тарап келіспеді.

Үкіммен келіспеймін. Қазір 1 жылы өтті. 7 жыл отырады да қайтып келеді, болды. Тірі адам ғой. Біздікі өліп қалды, келмеске кетті. Бұл әділетсіздік. Балам биыл 9-сынып бітіретін еді. Көшеге кеткен баланың арада 2-3 сағат өткенде денесі келіп тұр. Балам дарынды еді. Бір адамға қол көтеріп көрмеген. Үнемі телефон, шаңсорғыш, велосипед секілді кез келген дүниені жөндейтін. Техникаға құмар. Жалғыз ұлымды 9-сынып бітірген соң ІТ саласына түсірмек едім,- деді мерт болған оқушының әкесі Руслан Жалмұратов.

Жәбірленушінің қорғаушысы Марат Тайжанұлы да сотталушының кінәні мойындамағанын айтып, ең ауыр жаза тағайындауы тиіс еді деп есептейді. Оның айтуынша, сотталушының ата-анасы, туған туыстары кешірім де сұрамаған.

Равиль Ашығали
Бөлісу: