ИРИНА МОИСЕЕВА: ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ АРҚАСЫНДА БІЗДІҢ ТІЛІМІЗ, МӘДЕНИЕТІМІЗ ДАМЫП КЕЛЕДІ

29 Қараша 2018, 03:27 1871

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының жеңімпаздары сахнаға ұлттық костюмдерін киіп шықты.

Олардың арасында Павлодардан келген «#Еркін сөйле» номинациясы –  бейнероликтер эстафетасы бойынша марапатталғандардың бірі – Ирина Моисеева қазақ ұлттық көйлегі мен сәукелесін киіп, сахнаға шықты.

Ол қазақ тілін қалай үйрене бастағанын және конкурстарға қатысып жүргені туралы айтып берді.

«Мен қазақ тілін бес жастан бастап үйрендім, өйткені мен барлығы қазақ тілінде сөйлейтін ауылда тұрған едім. Тілді үйренуге үлкен ықыласым да болды. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті деп санаймын», – деді Ирина.

Оның айтуынша, мектеп мұғалімдері қазақ тілін үйренуге қатты көмектесті. Қазір Павлодар сервис және тамақтандыру колледжінің студенті бола тұра ол татар және ағылшын тілдерін оқып жүр.

Ирина мемлекеттік тілге қатысты конкурстарға жиі қатысады. «Мың бала» жобасы – оның қатысып отырған төртінші сайыс. Ирина алғаш рет «Абай оқуларына» қатысқан екен. Мұқағали Мақатаевтың оқуларында екі рет бақ сынаған.

«Колледжде маған «Мың бала» жобасы туралы айтқан соң, оған қатысуға бел байладым. Мен үшін бұл жаңа тәжірибе. Өз ұстазым – Наталья Багитоваға өте ризамын», – деді И. Моисеева.

Ирина қазақ тілінде сөйлеуді қалайтын бауырларымен және достарымен тәжірибе алмасады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында біздің тіліміз, мәдениетіміз дамып келеді. Ассамблеяның ұйымдастыратын түрлі іс-шараларына көпшілік үнемі қатысып, тұлғалық қасиеттерін дамыта алады», – деді Ирина.

Сөз соңында байқаудың ұйымдастырушыларына алғыс білдірді.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Бөлісу: