Қазақстанда шағын және орта бизнес елдің экономикалық тұрақтылығы мен дамуының маңызды элементі ретінде қарастырылады. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету – экономиканы әртараптандырудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың басты тетіктерінің бірі. Осы мақсатта мемлекет кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында былтыр бизнес өкілдерімен өткен кездесуде кәсіп иелерімен өзара келісімге келіп, яғни «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажет болатынын атап өтті. Бұл кәсіпкерлердің Қазақстан экономикасына тигізетін үлесін арттырады.
Кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас Прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал, одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады, - деді мемлекет басшысы.
Осылайша, президент 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек екенін айтты. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында.
Жыл басында мемлекет басшысы орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау керегін айтты. Жан-жақты шаралар қолға алынуы қажет еді. Алайда, іс жүзінде әлі дайын емес.
Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады.
Қазіргі таңда елімізде бизнесті қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеруді тапсырды.
Экономист Бауыржан Ысқақ бұл тәжірибе шет елдерде де кеңінен қолданыста екенін атап өтті. Мұндай бастама арқылы елімізде баға тұрақтылығын, бюджет тапшылығы мәселесін және қызмет көрсету саласындағы олқылықтарды шешуге болатынын айтты.
Мемлекет әрдайым шағын және орта бизнесті қолдайды. Олар өз кәсіптерін ірілетіп, жаңа деңгейге шыққанда кәсіпкерлер де елдің әлеуетіне көмектескені абзал. Мәселен, бір ғана салық кодексінде кәсіпкерлерге арналған 400-ден астам салық жеңілдігі қарастырылған. Одан бөлек жеңілдетілген Даму қоры қаржы институттары арқылы несиелер береді. Сондай-ақ ірі банктер мен ірі кәсіпорындар дағдарыс кезінде мемлекет тарапынан қолдауға ие болады. Бұл бизнестік әлеуметтік жауапкершілігі болып табылады, - дейді Бауыржан Ысқақ.
Сондықтан экономист ірі кәсіпорын иелері елдегі әлеуметтік, мәдени нысандардың құрылысына қаржы бөлуі міндетті деп есептейді.
Ірі кәсіпкерлер мемлекеттің кейбір функцияларын өздеріне алуы керек. Мәселен, мектеп, балабақша, сауда, мәдениет орталығы сияқты халыққа қажетті мекеме салып беруі, мемлекеттің экономикасына қосқан үлесі деп саналады. Шетелде ірі кәсіпкерлер осындай бағытта жұмыс істейді. Бірі жол салса, енді бірі аурухана салады. Егер бұдан бастартқан жағдайда мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған кәсіпорынға деген көзқарас басқаша болады. Яғни мемлекет саған уақытында көмектесті ме, сен де соны уақытында жасауын керек. Сол үшін де бұны өзін өзі ақтайтын бағыт деп есептеймін, - деді экономист.
Қазақстанда кәсіпорындарды қолдау үшін мемлекет бірқатар шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл шаралар шағын және орта бизнесті дамытуға, экономиканың түрлі салаларында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Негізгі қолдау шараларының бірнешеуін атап өтуге болады:
«Бизнестің жол картасы – 2025»
Бұл бағдарлама кәсіпкерлікті қолдауға және дамытуға арналған. Ол бірнеше бағытта қолдау көрсетеді:
Мемлекеттік субсидиялар: Кәсіпкерлерге банктік несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді.
Кепілдік беру: Кепілдік болмаған жағдайда несие алуға мүмкіндік беру үшін мемлекет тарапынан кепілдік беріледі.
Гранттық қолдау: Әсіресе, жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін қайтарымсыз гранттар беріледі.
«Қарапайым заттар экономикасы»
Бұл бағдарлама отандық өндірісті дамытуға бағытталған және халықтың күнделікті қажеттіліктерін өтейтін тауарларды өндіретін кәсіпорындарды қолдайды. Бұл бағдарлама бойынша кәсіпорындарға төмен пайызбен несие беріледі және техникалық қолдау көрсетіледі.
«Еңбек» бағдарламасы
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті дамытуға және кәсіпкерлерді оқытуға бағытталған. Бұл бағдарлама аясында өз ісін ашқысы келетіндерге жеңілдетілген несиелер мен гранттар беріледі. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге бизнесті бастау үшін арнайы оқыту курстары ұсынылады.
«Атамекен» ҰКП қолдауы
Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» кәсіпкерлерге кеңес беру, заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсету, сондай-ақ бизнес-жобаларды жүзеге асыруға көмектесу бойынша көптеген қолдау шараларын ұсынады.
«Салықтық жеңілдіктер»
Шағын және орта бизнеске салықтық жеңілдіктер, салық мөлшерін азайту және кейбір жағдайда салық төлеуден босату сияқты қолдау түрлері көрсетіледі. Пандемия кезінде де бірқатар кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер берілген болатын.
«Экспортты қолдау»
Қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға көмектесу үшін мемлекет экспорттаушыларға қолдау көрсетеді. Бұл шараларға экспорттық несиелер, салықтық жеңілдіктер және логистикалық қолдау кіреді.
«Инновациялық кәсіпорындарды қолдау»
Мемлекет жаңа технологияларды енгізіп, инновацияларды дамытуға бағытталған кәсіпорындарға ерекше қолдау көрсетеді. Бұл стартаптар мен IT-компаниялар үшін маңызды, оларға гранттар, жеңілдетілген салық режимдері және венчурлік қаржыландыру ұсынылады.
«Қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау»
«Даму» қоры – кәсіпорындарға қаржылық қолдау көрсетеді, оның ішінде несиелерге субсидиялар беру және кепілдік қамтамасыз ету.
Индустриялық аймақтар мен технопарктер: Кәсіпорындарға қажетті инфрақұрылым ұсынатын арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар құрылады. Мұнда бизнес өкілдері салықтық және кедендік жеңілдіктерге ие болады.
Бұл шаралар кәсіпорындардың дамуына жағдай жасап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.