IQanat ауыл балалары арасындағы республикалық олимпиаданың финалистері анықталды, - деп хабарлайды El.kz
Балаларды осындай ауқымды шараның аяқталуымен құттықтауға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, «IQANAT білім беру қоры» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, Қордың қамқоршылары мен жоба тəлімгерлері келді.
Олимпиада нәтижесінде еліміздегі және шет мемлекеттердегі іргелі жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін 3 жылдық тегін дайындыққа финалистер таңдалды.
– Білімнен асқан маңызды ештене жоқ. Болашағымыз да біліммен байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның аяғына тұрып нығаюы да, туымыздың көк аспанда желбіреп, одан әрі қарыштап дамуымыз білімге байланысты. Білімді ел ғана мықты мен деген мемлекетке айналатынына ешқандай күмән жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты тапсырмалар берді. Соның аясында елімізде балалабақшадан бастап бүкіл жағдайды жасап жатырмыз, - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Олимпиадаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысқан 40 мың оқушының ішінен 750 бала финалға өткен еді, 100 оқушы финалдың жеңімпазы атанды.
Республикалық деңгейге өтпеген облыстық турдың қатысушылары дайындықтарын IQ О бағдарламасы бойынша жалғастыра алады. Ал, жеңіске жеткен оқушылар Бурабайда орналасқан IQanat мектебінде IQ IP бағдарламасымен білім алады. Былтыр қоғамдық қордың түлектерінің 80 % білім грантын алған.