Инвесторлорға бірінші кезекте жер беру мәселесін шешу қажет – Сапарбай Жұбаев

9 Маусым 2023, 12:33 1300

Астана халықаралық форумы туралы белгілі экономист Сапарбай Жұбаев өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сарапшының айтуынша, форумның ең негізгі мәселесі экономикалық даму жөнінде болып отыр.

Пандемиядан кейін және геосаяси жағдай ушығып тұрған уақытта Қазақстан жағдайы өте күрделі болып тұр. Осы кезде әлемдік экономиканы қалыпқа келтіру мәселесінде еліміздің рөлі қандай? Өткен жылдардағы тәжірибені пайдаланып, еліміз өзінің бұрынғы деңгейін қайтара ала ма, қиындықтарды еңсере ме? Басқа елдердің тәжірибесі қандай? – деп көптеген сауал туындап отырғанын айтты.

Сондай-ақ экономист Қытай және Ресей, Түркиямен экономикалық қарым-қатынас қандай болу керегі және Орталық Азия елдерінің қаржылық мәселесі ел экономикасының дамуына қалай әсер ететіндігі жөнінде форумда ашық айтылып жатыр деп есептейді.

Әрине, көпшілік пікірдің ішінде өз мүддемізге қайшы келетін тұстары да бар. Сонда да біздің мамандар шетелдік сарапшылармен пікір алмасып, қиындықтан шығу жолдарын табады деп ойлаймын, – деді ол.

Мемлекет басшысы форумның бірінші күнінде инвесторларды көптеп тарту қажеттігін айтқан болатын. Бұл тұрғыда сарапшы Орталық Азия елдері 5 республиканің ішінде 80 пайыз инвестиция Қазақстанға тән екенін тілге тиек етті.

Расында да, елімізде инвесторларға өте көп мүмкіндік бар. Бірақ соның негізі шикізатқа, тау-кен өнеркәсібіне, инфрақұрылымға бағытталса, ал өңдейтін және қосымша құн жасайтын жаңа технологиялық салаларға инвестиция аз бөлінеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы мен өзімізде өндірісті шығару мәселесі әлі де кенде қалып жатыр, – деді ол.

Яғни ауыл шаруашылығына бағытталған кәсіпорындарды салу үшін инвесторлорға бірінші кезекте жер беру мәселесін шешу қажет екендігін айтты. Ауылдағы инфрақұрылымды жақсарту керек деп есептейді.

Бізге Польша, Венгрия сияқты озық елдердің тәжірибесін пайдалану керек шығар. Кейде халықтың менталитетіне де сай келмейтін жерлері бар. Оны біз таразыға салып, осындай форумдарда талқылауымыз керек, – деді Сапарбай Жұбаев.

«Бұл форум елімізге не береді?» деген сауалға экономист өте үлкен пайдасы барын айтты. Халықтың және басшылардың да пікірі осындай форумда өзгереді деп санайды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: