Түркістан облысында тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын, жүк тасымалдайтын дрондарды шығаратын жаңа зауыт ашылуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Инвесторлар мен Түркістан облысының әкімінің кездесуінде тараптар жобаны жүзеге асыру шарттары талқылаған болатын. Ауқымды зауыттың құрылысы үшін индустриялық аймақтар мен Сауран ауданы потенциалды орын ретінде ұсынылып отыр.
Шетелдік компания Түркістан облысына шамамен 290 миллион АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр. Зауытта 150-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылып, өңірлік өнеркәсіптің жаңа бағыттары дамуы күтілуде. Әкім ынтымақтастыққа ашық және инвесторларды барлық кезеңде қолдауға дайын екенін атап өтті.
Біз инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл – жай ғана жоба емес, болашаққа жасалған қадам. Түркістан облысы жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүдделі, мұндай зауыт өңір экономикасына маңызды үлес қосады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Компания өкілдерінің мәліметінше, кәсіпорын азаматтық және арнайы мақсаттағы тікұшақтар мен дрондарды өндіреді. Олар логистикада, ауыл шаруашылығында, туризмде, инфрақұрылымды бақылауда және басқа салаларда қолданылады. Жоба төменгі авиация экономикасының жылдам дамып келе жатқан саласына бағытталған – биіктігі 3000 метрге дейінгі ұшу аппараттары қарастырылған.