Инватакси зағип жандарды сайлау учаскелеріне жеткізуде

20 Қараша 2022, 12:02 1486

«Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Астана» корпоративтік қоры көзі нашар көретін мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды инватаксимен үйінен сайлау учаскелеріне жеткізуде, деп хабарлайды El.kz.

«Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Астана корпоративтік қорының Президенті Омар Баймақашев зағип жандарға қала бойынша 16 инватакси қызмет көрсетіп жатыр дейді. 

«Біз бірінші топтағы көзі нашар көретін адамдарды қоғамдық орындарға жеткізумен айналысамыз. Күніне зағип жандардан шамамен 125 тапсырыс түседі. Олар бір күн бұрын алдын ала ескертуі керек», - дейді Омар Серікұлы.  

Біз «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Астана корпоративтік қорының Президентімен бірге инватаксиге отырып, оның қалай қызмет ететінін өз көзімізбен көріп қайттық. 

Алдымен Бауыржан Мұратбековты үйіне бардық. Көлік жүргізушісі оны көлікке дейін жетектеп апарып, отырғызды. 

Кейін №29 сайлау учаскесі Астана қаласы әкімдігінің «Мәшһүр Жүсіп атындағы № 57 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне дейін жеткіздік. 

Бауыржан Мұратбеков учаскеге кіріп, өзінің аты-жөнін тізімнен іздестіріп, бюллетеньді алды.

Дауысын бергеннен соң бюллетеньді жәшікке салды.

Бауыржан Мұратбеков Қазақстанның Президенті болатын басшыға артар үмітім зор дейді.

«Билік басына әлемдік деңгейдегі мәселелерді шеше алатын мықты басшы керек. Жеке басымды ойлағаннан кейін емес, халықтың қамын жегендіктен сайлау учаскесіне келіп, дауысымды бердім. Артымызда келе жатқан ұрпағымыз, алда болашағымыз бар. Президент болатын басшы елімізді көркейтіп, дамытады деген үмітім зор», - деді ол.

 

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: