Интернет алаяқтарынан қалай сақтануға болады?

16 Қыркүйек 2021, 15:09 8192

Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілімен сұқбат

Бүгінгі таңда өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтындар, жеке мәліметтерін алдап алу арқылы картадағы ақшасын иемденетін алаяқтардың әрекеті күшейіп кетті. Интернет алаяқтарының көбеюіне не себеп? Ең көп тараған арбау әдістері қандай? Олардан қалай сақтануға болады? Алдын-алу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Нұр-Сұлтан қаласы Полиция Департаментінің Криминалдық Полиция басқармасының Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры Нұргүл Күмісбекқызымен сұқбаттасқан болатынбыз.


Нұр-Сұлтан қаласы Полиция Департаменті берген мәліметіне сүйенсек өткен жылы интернет алаяқтыққа қатысты 1164 қылмыс тіркелсе, биылғы жылы 2877 қылмыс тіркелген. Ал күніне орташа есеппен алғанда 10-12 қылмыс жасалады.   

– Біздің статистика бойынша пандемия басталғалы интернет алаяқтық 80%-ға ұлғайса, осы жылы 140%-ға өсіп отыр. Карантин болғандықтан алаяқтар өздерінің қылмыстық ойларын интернет арқылы жүзеге асырады. Оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Қылмыстың түрлері көп. Мысалы, ұрлық, адам өлімі тағы да басқа қылмыстарды ашудың белгілі бір уақыты мен мерзімі және қылмыс жасалған жері болады. Ал интернет алаяқтықтың басқа қылмыстардан ерекшелігі – территориялық шектеу жоқ. Оның қашан ашылатындығы, қылмыстың қай жерде болғанын анықтау ұзақ мерзімге созылады, – дейді полиция майоры Нұргүл Күмісбекқызы.


Бүгінде интернет алаяқтары әлемнің кез келген жерінде отырып ғаламтор арқылы өз қылмыстарын жүзеге асырады. Тіпті кейбір адамдар түрлі сайттарға кіру арқылы өздерінің қажет емес сілтемелерді басып, қалай алданып қалғандықтарын білмейді.

– ТМД елдерінің арасында халықаралық тергеу тапсырмаларына тапсырыс жіберуге қатысты әр түрлі келісімдер бар. Егер ақша аударылымдары шет елге өтіп кеткен жағдайда іздестіру амалдары жүргізіледі. Негізінен шет ел асып кеткен ақшаларды қайтару мүмкіндігі өте сирек. Ақшаның соммалары әр түрлі болуы мүмкін. Күні кеше ғана 950 мың доллар көлеміндегі қаражатты интернет алаяқтары өздеріне аударып алған, – дейді Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі.

Алаяқтықтың кең тараған түрлері мен арбау әдістері

Бүгінгі таңда интернет алаяқтарының кең тараған арбау әдістерінің бірі – олх.kz жеке хабарландыру сервисі арқылы тауар сату. Олар тауарды сату және сатып алу арқылы пайда табады. Тауарлар шын мәнісінде жоқ болуы мүмкін. Ең алдымен өздерінің басқа қалада екенін айтады. Ақшаны картаға аударуын сұрайды. Және де сілтеме жіберемін сол бойынша мәліметтерді толтырсаңыз, ақшаны аударамын деп сендіреді. Сілтемені толтырған кезде алаяқтар автоматты түрде картаңыздағы ақшаны шешіп алады. Өз картаңызды басқара алмай қаласыз. Сондықтан олх.kz арқылы тауар сатсаңыз және сізбен сатып алушы хабарласып курьерлік жеткізу қызметі арқылы тапсырысты рәсімдеу сілтемесі арқылы өтуді сұраса, сенбеңіздер! Ол – алаяқтар. олх.kz сайтында жеткізу қызметі жоқ.


– Күніне біздің Киберқылмысқа қарсы бөлімге орта есеппен 10 іс тіркелсе, оның 7-8-і осы тауар сатуға қатысты. Оны анықтау үшін банктердің көмегіне жүгінеміз. Қандай счеттан ақша аударылымы болғанын анықтау арқылы ғана біз қылмыскердің ізіне түсеміз. Кей кездері банктерден жауап болмай іс өзіне берілген мерзімде ашылмай жабылып жататын жағдайлар болады, – дейді Нұргүл Күмісбекқызы.

Екінші арбау тәсілі – биржа арқылы ақша табу. Бүгінде биржа арқылы ақша табуға болады. Бірақ та жалған сайттар сол биржаның атын жамылып, алаяқтық жолмен жұмыс істейді. Олардың жалған екенін халық айыра алмайды. Сондықтан қомақты қаражаттарынан айырылып жатады. Сондықтан сайттарды ең алдымен тексеру қажет.

Үшінші арбау тәсілі – сіздің электронды поштаңызға немесе ұялы телефоныңызға сіз ұтыс ұттыңыз деген хабарлама келеді. Кейін сол ұтып алған ұтысты шешу үшін салық төлеуіңіз керек болады. Ұтыс деген сөзді ести сала кейбір адамдар қомақты қаражатқа ие болатын болдым деп, қолдарында бар ақшаны аударып жатады. Сондықтан жалған ақпаратқа сенбеңіз.

Төртінші арбау тәсілі – instagram желісі арқылы тауар сату. Оның ішінде күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар, косметика немесе киім-кешек болуы мүмкін. Алаяқтар мүлдем жоқ тауарды жеткізіп береміз деп халықты сендіреді. Әлеуметтік желіде бүгінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін отырады. Әдемі киім немесе зат көрсек қызығып сатып алғымыз келеді. Тауар қатты ұнағаны соншалықты алдын ала төлем төлемді де жіберіп жатамыз. Ол дұрыс емес. Сондықтан тауарға тапсырыс бермес бұрын интернет дүкені туралы мәліметті толық тексеріңіз.


Полиция майоры Нұргүл Күмісбекқызының айтуынша Өзбекстан мемлекетінің азаматшасы instagram желісі арқылы интернет дүкенім бар деп тауар сатып, көптеген адамдарды алдап соққан. Бүгінде ол әйелдің басында Қазақстанның барлық қалаларынан жалған тапсырыс алған түрлі арбау әдістерінен құралған 45 эпизод тіркелген.

Бесінші түрі – алаяқ сізге банк қызметкері болып қоңырау шалады. Ол сіздің счетыңыздағы ақшаны қауіпсіз счетқа аудару керек екендігін айтып сендіреді. Немесе сіздің атыңыздан онлайн кредит рәсімдеу қаупі бар деп счетыңыздағы ақшаны сақтап қалу үшін жасырын код жібереді. Кейбір адамдар ақшасынан айырылып қалмас үшін өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адамға өзі туралы, картасындағы құпия мәліметтердің барлығын жібереді. Бірақ ол адам өз қолымен мәліметтерін қалай жібергенін де білмей қалады. Сондықтан банк қызметкері сізге хабарласып, сіздің жеке мәліметтеріңізді талап етпейді.

Нұргүл Күмісбекқызы осы арбау әдісіне қатысты бір әйелдің онлайн түрде алаяқтардың жалған сөзіне сеніп, төрт бірдей банктен несие алғандығы жөнінде іс тіркелгендігін айтты. Сондықтан сізге қоңырау шалып банк қызметкерімін деп таныстырған адамдардың барлығына сенбеңіз. Егер сізге қоңырау шалып банк қызметкері немесе банк қауіпсіздігі қызметінен деп өзін таныстырса,

Интернет алаяғына алданғандар

Мақсат есімді елорда тұрғыны соңғы үлгідегі iPhone маркалы телефон сатып алу үшін instagram желісі арқылы тапсырыс береді. Тапсырыс 4-5 күннің ішінде жеткізу қызметімен келеді дегенге сеніп, киви әмин арқылы 447500 теңге аударады. Келісілген мерзімде телефоны келмегендіктен Мақсат өзінің алаяқтың арбауына түсіп қалғандығын біліп, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінеді. Соңында кейіпкеріміз телефонсыз қалады. Ақшасы да қайтарылмайды. Соңында өзі ақша аударым жасаған киви әмиян да бұғаттаулы болып шығады.


– Адамдар мұндай жағдайларға көп ұрынады. Интернетте артық отыруға өзің де қорқасың. Бүгінде көп адамдар ізденіс үстінде. Олар қалай ақша тапсам, қалай бизнес құрсам деп жетістікке жету мен ақша табудың жолдарын іздейді. Қажетсіз сайттарға тіркеліп, жалған сілтемелерден өтіп көбісі алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатады, – дейді Нұргүл Күмісбекқызы.

Заң бойынша Қылмыстық кодексте алаяқтарға қолданылатын жаза түрлері мен белгілі бір мерзімдері бар. Олар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Немесе 4000 АЕК айыппұл салынады. Бұл егер алаяқтық қылмыстың жеңіл түрі болған жағдайда. Егер ауыр түрі болса немесе қылмыс бірнеше рет қайталанған жағдайда, алаяқ 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімде түзеу мекемелерінде жазасын өтейді.

– Жалпы Еуропа мемлекеттерінің басым бөлігі тек биржамен жұмыс істейді. Негізінен көп елдерде биржамен ақша табуға рұқсат берілмеген немесе шектеу қойылған. Біздің елге көптеген шет елдік компаниялар келіп жұмыс істейді. Себебі электр қуаты арзан, заңымызға шектеу қойылмаған, – дейді Нұргүл Күмісбекқызы.

Назым интернет алаяқтарының құрбаны болған әйел. Ол өзге қаладан келетін туыстарына пәтер жалдап бермекші болып хабарландырудан пәтер іздейді. Пәтердің арзан бағада жалға берілетінін көріп қатты қуанады. Өзін пәтер иесімін деп таныстырған азаматқа үш тәулікке ақша беріп, пәтердің кілтін алады. Туыстарын әуежайдан күтіп алып, жалдамалы пәтерге келсе, басқа отбасы тұрып жатқанын көреді. Тек сол кезде ғана өзінің алданып қалғанын біледі. Пәтер иесімін деп таныстырған азамат телефон тұтқасын көтермейді. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан пәтер жалдағанда сақ болыңыздар. Алаяқтың пәтер жалдауға қатысты екінші арбау әдісі бар. Олар ең төмен бағаны көрсетіп пәтердің сатылатындығы жөнінде хабарландыру береді. Сондықтан бағасына қызыққан сатып алушылар нөмірге қоңырау шалады. Бірақ телефон үнемі өшіп тұрады. Артынан алаяқ артынан смс хабарлама жібереді. Өзінің шет елде жүргенін айтып, ақшаны аударуын сұрайды. Сондықтан мұндай арбау әдістеріне сенбеңіздер!

Сөз соңында «Сақтықта қорлық жоқ»,– демекші оқырман қауымға айтарымыз алаяқтардың құрбанына айналмас үшін ешқашан алдын-ала төлем жасамаңыз. Картаңыздың, жеке счетыңыздың мәліметтерін ешкімге бермеңіз. СV код пен құпия сөзді жасырын ұстаңыз. Белгісіз нөмірлерден сіздің ұтысқа ие болғаныңызды айтып хабарласатын болса ешқашан сенбеңіз. Тауарды көзбен көрмей, оны алу, ал банк картасына немесе электрондық әмиянға аударылған ақшаны қайтару тіптен мүмкін емес екендігін есте сақтаңыз! Күмәнді сілтемеге өтпеңіз. Алаяқтардың арбауынан сақ болайық! Барлық жағдайда абай болыңыз!

                                                                                                                       (Суреттер автордікі)

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: