Интернет алаяқтар 200 млн теңгеден астам қаржыны қолды еткен

11 Қараша 2022, 20:44 1296

Алдағы уақытта елімізде интернет-алаяқтардың жазасы қатаңдатылады

Бұдан былай ғаламтор арқылы оңай олжа тауып әккіленгендерге қолданылатын жаза күшейе түспек, деп хабарлайды El.kz.

Ішкі істер министрлігі оларға қылмыстық жазаны қатаңдатамыз деп отыр.

Алаяқтар әдетте өздерін банктің немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. Абоненттік нөмірлерді ауыстыру сервистерін қолданады немесе азаматтарды несие алуға үгіттейді. Тіпті қауіпсіз шот деп аталатын жерге ақша аударуды ұсынады. Одан соң ұрланған ақшаны крипловалютаны рәсімдей отырып, халықаралық аударым сервистері арқылы шығарып алады немесе ол қаражат қолма-қол ақша түрінде шетел асады, - деп түсіндірді ведомствода.

Тәртіп сақшылары «дропперлерді» - ақшаны қолма-қол сомаға айналдыратындарға, сондай-ақ соны жасауды ұйымдастырушыларға қатысы бар тұлғаларды анықтап жатады. Олардың барлығы қылмыстық әрекеттің құрығына әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі хабарландырулар арқылы түседі. Осы орайда негізгі ұйымдастырушылар әдетте шетелде отырып, процесті онлайн режімде басқарып отыруы әбден мүмкін.

Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, мұндай қылмыстық топтар Астанада, Алматыда, Павлодарда, Тараз бен өзге де өңірлерде анықталған. Мәселен, қыркүйектің басында Астанада және Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықпен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Олар заңсыз әрекеттері арқылы жетпістен астам қазақстандықты сан соқтырған. Жапа шеккендер полицияға әлі өтініш беруде. Келтірілген зиян сомасы 200 млн теңгеден асады.   

Аскар Дауренов
Бөлісу: