Дәстүрлі халықаралық өнеркәсіп көрмесінің аясында «Ресей – Қазақстан өнеркәсіп кооперациясы» тақырыбына арналған панельді сессия ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған сессияға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев қатысты. Ведомство басшысы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы туралы айта келе«Иннопром» алаңы келісімшарттар жасасып, жаңа әріптестік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Қазір бірлескен өнеркәсіп жобаларының жалпы саны – 125. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру көзделіп отыр. Осыған байланысты бірлескен іс-қимылдың жаңа бағдарламасына қол қойылды. Алдағы уақытта өнеркәсіптің түрлі салалары бойынша тағы бірнеше жобаны іске асыру жоспарланып отыр, - деді М.Қарабаев.
Сондай-ақ осы іс-шараның кезінде өнеркәсіп салаларын дамытудағы негізгі мәселелер, индустриялық кооперацияны ынталандыру тетіктері, өнеркәсіп салаларына мемлекеттік қолдау көрсету және екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары қарастырылды.
Осы орайда қазақстандық делегация «ИННОПРОМ-2023» көрмесіне қатысып жатқанын айта кетейік. Еліміздің тауар өндірушілері мен қызмет көрсететін компаниялар өз өнімдерін 1000 шаршы метрден тұратын экспозиция алаңында көрсетуге мүмкіндік алды. Атап айтқанда, 200-ден астам компания химия және фармацевтика, қара және түсті металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсіпке арналған өнімдер мен шешімдерді ұсынып отыр.