Инклюзивті спорт түрлері ерекше балаларға дене шынықтыруға, ортаға бейімделуге мүмкіндік береді - Әшімбаев

26 Ақпан 2023, 17:10 2489

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі мәлімдеді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев боччадан Астана қалалық турнирінің ашылу рәсіміне қатысты. Сайыс аталған паралимпиадалық спорт түрінен алғашқы жаттықтырушы және елордалық Бочча федерациясының бірінші президенті Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналды,  деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Жарыс «Қазақстан бочча федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қолдауымен өтті.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев турнирге қатысып жатқан спортшылардың мұқалмас жігері туралы және еліміз бойынша жүздеген баланың жеңіске деген құштарлығын оятқан жаттықтырушы Сұлтанбек Орынбасаровтың ерен еңбегі жөнінде айтты. С.Орынбасаров елордалық бочча федерациясының негізін қалай отырып, осы сайысқа қызығушылардың алдына Паралимпиада ойындарының чемпионы болу деген биік мақсаттар қоя білді.

Сенат Спикері турнирге қатысушыларға сәттілік тілеп, спорт саласында инклюзивті орта қалыптастырудың және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды осындай сайыстарға жұмылдырудың маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау жөнінде кешенді жұмыс жүргізу және әр адам өзін жайлы сезінетін кедергісіз орта қалыптастыру мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Паралимпиадалық спорт түрлері, бірінші кезекте, рухы асқақ, жігері мықты, мақсаты айқын адамдарға арналғаны сөзсіз. Соңғы жылдарда елімізде бұл саланың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Бүгінгі сайысқа қатысып жатқан жас спортшыларымыз алдағы уақытта халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғайды деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Төрағасы Сенат бұл бағыттағы спортшыларға жан-жақты, оның ішінде заңнамалық деңгейде де қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін айтты. Осы ретте Қазақстан бочча федерациясының кезектен тыс конференциясында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған Федерацияның президенті болып сайланғанын атап өткен жөн.

Бұл турнирдің тағы бір ерекшелігі ретінде оған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің көзі нашар көретін студенттерінің де қатысуын айтуға болады. Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай сайыстар мүгедектігі бар балалардың ортаға бейімделуіне және өзгелермен қарым-қатынас жасау қабілетін жетілдіруге ықпал етеді.

Бүгінгі жарысқа 50-ден астам спортшы қатысты. Бақ сынағандардың қатарында ДЦП, көзі көрмеу, Даун синдромы, аутизм, интеллектің бұзылуы, психикалық дамудың баяулығы және басқа да дертке шалдыққан балалар мен ересек азаматтар бар. Олардың басым бөлігі «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының бейімдеу спорт үйірмелеріне қатысушылар. Мұндай үйірмелер «Саламатты Қазақстан» әлеуметтік жобасы аясында еліміз бойынша ашылған болатын.

EL.KZ
Бөлісу: