Индонезиядан жүлдемен оралған оқушы: Келесі жолы алтын алғым келеді

15 Тамыз 2022, 16:28 2146

Индонезияда өткен информатика пәнінен халықаралық олимпиаданың жүлдегері Мухаммадариф Сахмолдинмен сұқбат

Қазақстандық оқушылар жыл өткен сайын халықаралық пәндік олимпиадаларда өте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Биылдың өзінде Қазақстан құрамасының қоржынында 27 медаль бар. Жуырда ғана Индонезияда өткен информатика пәнінен халықаралық олимпиадада еліміз тағы да 4 жүлдені еншілеп қайтты. Біз де Индонезияда өткен халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері атанған Мухаммадариф Сахмолдинмен аз-кем сұқбаттасқан едік. 

– Мухаммадариф, халықаралық деңгейдегі жетістігіңізбен құттықтаймын. Жалпы, елімізде халықаралық олимпиадаға іріктеу қалай өтті? 

– Көп рахмет! Сәуір айында еліміздің әр өңірінде облыстық олимпиада өтіп, үздіктер республикалық олимпиадаға жолдама алды. Ал республикалыққа қатысқандар үшін 4 түрлі этаптан құрылған арнайы тест ұйымдастырылды. Содан үздік деп танылған 4 оқушы Индонезияда өтетін халықаралық олимпиадаға жолдама алдық. Былтыр бұл олимпиада Сингапурде пандемияға байланысты онлайн өткен еді. Биыл Индонезияда оффлайн түрде өтті. Оған әлемнің 90-ға жуық елінен 350 оқушы қатысты. Әр елден 4 оқушыдан келді. Біздің еліміздің атынан қатысқан Ван Ли мен Қорғанбаев Таймас қола жүлде, Жамбыл Мақсотов екеуміз күміс жүлде иелендік. Былтыр да осы олимпиадаға қатысып,  қола медаль алған болатынмын. 

Олимпиаданың бірінші туры 10 тамызда, екінші туры 12 тамызда өтті. Екінші турға барлық елден келген қатысушылар жолдама алды. Сонымен қатар барлығына да жүлде берілді. Келесі жылы осы олимпиада тағы ұйымдастырылса, тағы бір мәрте бағымды сыңауға дайынмын. Бәлкім келесі жолы алтын бұйырып қалар. 

– Бұл олимпиадаға қанша уақыт дайындалдыңыз? Қандай да бір қиындық тудырған тапсырмалар болды ма? 

– Жалпы олимпиадаларға 7 сыныптан бастап қатысып келемін. Халықаралық олимпиадалардың біздің еліміздегі республикалық олимпиадалардан ешқандай артықшылығы жоқ. Тек тапсырмалары сәл күрделі болып келеді. Халықаралық олимпиада болғандықтан әрине қызу дайындалдым. Түрлі тесттерді шештім. Индонезиядағы олимпиада екі турдан тұрды. Екі турда да 3 тапсырмадан берілді және 5 сағатқа созылды. Бірінші тур мен үшін жеңіл өтті. Бірақ екінші турдың тапсырмалары қиындау болды. Дегенмен, олимпиаданы сәтті аяқтадым және өзіме көңілім толды. 

– Былтыр онлайн, биыл оффлайн қатысқан олимпиадада айтарлықтай айырмашылық байқадыңыз ба? 

– Негізі тапсырма мен уақыт жағына келетін болсақ айтарлықтай айырмашылық жоқ. Былтыр онлайн өткендіктен болар, халықаралық додаға қатысып жатқанымды аса сезінбедім. Ал, биыл олимпиада өте жоғары дәрежеде өтті деп айта аламын. Ашылу салтанаты керемет болды. Индонезияның көрікті, ерекше орындарын араладық. Әр елден келген қатысушылармен сөйлесіп, тілдестік. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе. 

– Болашаққа қандай жоспарлар құрып отырсыз?

– 7 сыныптан бастап Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алдым. Қазіргі таңда 11 сыныпты тәмәмдадым. Бірақ әлі қай сала бойынша оқитынымды шешпедім. Дегенмен, бағдарламалау (программист) бағытын қарастырып отырмын. 

– Хоббиіңіз бар ма?  

– Шахматқа қызығушылығым оянып келеді. Сонымен қатар автоматты ойындарды ұнатамын.

– Сұхбатыңызға рахмет!




Миражан Махан
Бөлісу: