Индонезия жағалауындағы Ява теңізіне ірі метеорит құлағаннан кейін аспанда жарқыл пайда болып, жарылыс естілді. Бұл туралы Jakarta Globe басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы.
Ұлттық зерттеу және инновация агенттігі (BRIN) таратқан мәліметке сәйкес, аспан денесі 5 қазан күні сағат 18:35 пен 18:39 аралығында Кунинган мен Чиребон қалаларының үстінен ұшып өтіп, теңізге құлаған. Бұл ақпаратты куәгерлердің сөздері мен бейнебақылау камераларының жазбалары растаған.
Иә, бұл расымен де көлемі үлкен метеорит болды. Адамдар көрген жарық пен естіген жарылыс тұрғындарға ешқандай қауіп төндірмейді, - деді BRIN агенттігінің астрономы.
Жергілікті метеорологиялық агенттік метеорит құлағаннан кейін аймақта жер дүмпулері байқалғанын хабарлады.
Метеорит - ғарыштан келген табиғи қатты дене, ол Жер сияқты ірі аспан денесінің бетіне түседі. Олар минералдардан (тас метеориттер), металдардан (темір метеориттер) немесе аралас құрамнан (тас-металл метеориттер) тұруы мүмкін.
Ал атмосферада жанып үлгеріп, жерге жетпейтін кішігірім аспан денелері метеор немесе «аққан жұлдыздар» деп аталады.
Ғалымдардың айтуынша, Жерге түскен барлық метеориттердің шамамен 9 пайызы ғана планетаның бетіне жетеді. Зерттеулерге сәйкес, жыл сайын біздің планетаға жалпы салмағы 21 тоннадан асатын метеориттер ағыны түседі. Алайда олардың ішінде 100 мың метеориттің біреуі ғана қирату күшіне ие. Көп жағдайда Жерге түскен метеориттердің салмағы бірнеше граммнан бірнеше килограмға дейін ғана болады.